Жастар зорлық-зомбылыққа қарсы
Жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ауданда бірқатар білім беру ұйымдарын қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі — Төле би мектебінде өткен “Зорлық-зомбылыққа жол жоқ” атты ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы. Шараны аудандық Жастар ресурстық орталығы мен Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандары бірлесе ұйымдастырды.
Мамандар оқушы қыздармен кездесіп, зорлық-зомбылықтың түрлері, қауіптен сақтану жолдары, құқықтық көмек алу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ нақты өмірлік жағдайлар арқылы түсінікті мысалдар келтіріп, қауіп төнген жағдайда әрекет ету жолдарын түсіндірді. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек Төле би мектебінде ғана емес, ауданның басқа да бірнеше білім ордаларында жалғасын тапты. Әлеуметтік мамандар мен жастар орталығы қызметкерлері өзге мектептерде де алдын алу кездесулерін ұйымдастырып, жасөспірімдермен маңызды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ал №10 Шу колледжінде Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн акциясы аясында ерекше форматтағы іс-шара — флешмоб өтті. Колледж студенттері қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсылықты бейнелейтін би арқылы өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, маңызды әлеуметтік мәселе жөнінде көпшілікке үн қатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың құқықтық мәдениетін көтеріп, қауіпті жағдайларды ерте тануына және өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Балнұр Жексенбекқызы.