Ақпараттық портал

«КІТАПХАНА – оқырманның рухани кеңістігі»

Қоғам дамуының негізгі алтын діңгегі – білім мен тәрбие. Осы екі құндылықтың тоғысар тұсы – кітапхана. Бүгінгі ақпарат ағыны мол заманда да кітапхананың қоғамдағы рөлі әлсіреген жоқ, керісінше жаңа форматта дамып келеді. Біз осы бағыттағы жұмыстар және оқырман мәдениеті туралы білу үшін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Алжанбаева Бағдагүл Даулетқанқызымен әңгімелескен едік…

– Бағдагүл Дәулетқанқызы, аудандағы кітапханалардың тынысы және бүгінгі күнгі кітап қоры туралы айтып өтсеңіз….
— Алдымен сөз басында кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес екендігін айтқым келеді. Бүгінде біз оны мәдени-ақпараттық орталыққа айналдыруға жұмыс істеп жатырмыз. Келушілеріміз тек кітап оқып қоймай, түрлі шараларға қатысып, жаңа бағыттар бойынша білім алады. Қысқасы, бүгінгі кітапхана – қоғамның рухани әрі білім беру кеңістігін қалыптастырушы мекемеге айналып отыр.
Бүгінде ауданымызда барлығы 25 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Соның ішінде үшеуі типтік ғимаратта орналасқан. Ал 11 кітапхана мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың ішінде жайғасқан. Сонымен қатар 8 кітапхана округ әкімдерінің ғимаратында жұмыс істейді, 2 кітапхана білім мекемелерінің жанында, тек Жаңа жол ауылдық кітапханасы қазіргі таңда жалдамалы ғимаратта орналасып қызмет көрсетуде. 2025 жылдың он айында кітапханаларымызда 920 мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 12 102 оқырман қамтылды. Кітапхана қоры жыл сайын жаңартылып отырады. Биыл 2 миллион теңгеге 585 жаңа кітап сатып алынды. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға жазылу үшін 3 миллион теңге қаражат бөлініп, қараша айында толық игерілді. Оған қоса, демеушілер мен оқырмандардың қолдауымен 10 225 360 теңге тұратын 3030 дана кітап сыйға алынды. Бұл – біздің қорымыздың байып, оқырманға ұсынылатын әдебиеттер тізімінің көбеюіне зор мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде ұзақ мерзімді мақсатты кітапханалық кіші бағдарлама аясында «Шу жері рухани қазына» тақырыбында жергілікті ақын, жазушылардың кітаптарын цифрлау жұмыстары жүргізіліп, ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа отырып, 37 дана шығарманың электронды нұсқасы жасалды. Бағдарламаны насихаттау барысында кітап көрмелері жасалып, әртүрлі тақырыптарда дөңгелек үстелдер, пікір алмасулар, талқылаулар, библиошарлар т.б іс-шаралар оқырмандар арасында жүйелі түрде өткізілуде.
– Биыл облысымызда «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп жарияланып, өңір басшылығы кітап оқу мәдениетін арттыруға айқын мақсат қойғаны белгілі. Осы бағытта ауданда қандай жұмыстар жүргізілді?
– Дұрыс айтасыз. Әулиеата өңірі – рухани құндылықтарын кітап парағынан іздейтін, ойы терең, білімге құштар жұрттың мекеніне айналып келеді. Қай ауылға барсаңыз да, кітапханадан сая тапқан оқырманын, қолына кітап ұстаған жасын немесе әдебиет жайлы сөз қозғауға дайын үлкенін кездестіресіз. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деген анықтама да тегін емес. Бұл – оқырман ортасының қалыптасуының, кітапхана ісінің дамуының және білімге ұмтылған буынның нақты көрінісі.
Жалпы бұл бағытта біздің аудандағы кітапханалар жүйесінде көптеген игі шаралар атқарылды. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ОКЖ-ға қарасты 25 кітапханада 920 әр түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіліп, оған 12мың 102 адам қамтылған болатын. Бұл біз үшін аз көрсеткіш емес. Жастардың бойында ұлттық сананы ояту, қазақы болмысты, рухты сіңіру мақсатында күн сайын тәлімі мол тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Еліміз бен жерімізді, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақ кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Шу өңірінің Құрметті азаматы Асқартегі Базарбай Мамытұлымен «Киелі Шу өңірінің ақыны» атты кездесу кеші, Шу қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер, әуесқой ақын Хусайнова Айдана Маратқызымен «Жас қаламгер» атты кездесу шарасы, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын-журналист Ахметжан Ақбұқаұлы Қосақовтың 75 жылдық мерейтойына орай «Шуақты шұғылалы Шуым менің!» және «Өнегелі өмір» атты тағылымды әдеби кеші, Мойынқұм ауданында дүниеге келген, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Болат Шымшықбайұлының «Ақыртөбе» кітабының тұсаукесері, этнограф, құсбегі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғановтың «Өз шаңырағыңа табын!» кітабының тұсаукесері, Ақсу ауылының тумасы, зейнеткер, ұстаз, ақын, жазушы Сәт Мәлібековтың шығармашылығына арналған «Өзіме өзім патшамын өз жерімде» атты кездесу, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ұлт қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-сазгер, балалар ақыны Бақыт Исаеваға арналған «Өлеңім – өмір айнасы» атты еске алу кеші және дөңгелек үстел, оқырман бенефисі сынды өзге де шаралар ұйымдастырылып, оқырмандар да белсене қатысты.
Сонымен қатар Тараз қаласында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткен «Кітап – ұлттық құндылық» «ӘULIEATA BOOK» республикалық кітап фестиваліне Шу аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері қатысып, ауданның 95 жылдығына арналған «Атыңнан айналайын, Шу өңірі» атты әдеби-әуенді кешін өткізді. Жеңістің 80 жылдығы аясында Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағының Данқ залында «Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауында біз «Өшпес ерлік пен өлшеусіз Даңқ» тақырыбында еске алу кешін өткіздік.
Одан бөлек, «Ұлттық кітап» күніне орай «Ғажайып кітап әлемі» атты кітап шоу фестивалі, «Кітап әлемі – ғажап әлем» атты кітап саяхаты, жылжымалы кітап көрмелері, «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты библиотакси, «Кітап ұлттың рухани қазынасы» тақырыбында ашық аспан аясында кітапханалық бульвар, «Үлкен әлемге жол ашатын кітап» атты буккроссинг, 23 сәуір – «Ұлттық кітап» күніне орай М.Жүнісәлиев және Теміржолшылар саябағында «Кітап шоу – 2025» кітап фестивальдері өтті.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылса, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауына Шоқпар ауылдық кітапханасы қатысып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерей тойына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында әдеби әуенді кеш өткізді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалар бейбіт елдің тірегі» атты кітап серуені, М.Жүнісәлиев саябағында көшпелі кітап көрмесі өтті.
Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен ең көп оқитын оқырмандар арасында «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауына Балуан Шолақ ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Нұржанқызы Әсел қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанын, Шоқан Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Менің сүйікті кітабым» библиофото кросс байқауына кітапханамыздың белсенді оқырманы, Е.Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясының 3 сынып оқушысы Уашира Бағлан қатысып, бас жүлдемен марапатталғанын да атап өткім келеді.
– Орталық кітапханада көз жанары нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы бөлім бар екені баршаға мәлім. Осы жылы аталған бөлім оқырмандарымен қандай нәтижелі жұмыстар жүргізілді?
– Бөлім жұмысының басты мақаты – көру қабілетінде ақауы бар жандарға сапалы ақпарат ұсынып, олардың жеке дамуына, білім алуына, кәсіби және шығармашылық әлеуетін көтеруге қолайлы орта қалыптастыру. Осы бағытта біз жыл бойы жүйелі де мақсатты жұмыстар жүргізіп келеміз.
Енді биыл атқарылған игі шараларға тоқтала кетсек. Көктем шуағымен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай бөлімге келетін ақ жаулықты аналарымызға құрмет көрсетіп, «Сарқылмайтын жылулық, ана атты ұлылық» атты мерекелік кеш ұйымдастырдық. Мейірім мен ізгілікке толы бұл басқосу аналардың жүзін жадыратып, жүрегіне жылулық сыйлады.
Сондай-ақ, биыл маңызды жаңалықтарының бірі – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы жариялаған Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің ұрпақтарымыз» атты республикалық эссе байқауы болды. Осы байқауға біздің бөлімнің тұрақты оқырманы А.Қосақов қатысып, үздіктер қатарынан көрініп, І орынды иеленді. Жеңімпаз Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болып, бөлімнің де, оқырмандардың да мерейін өсірді.
13 қараша – Зағиптар күні қарсаңында бөлім қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жанарым менің – жүрегім» атты ерекше мерекелік кеш өтті. Бұл кеште біздің талантты оқырмандарымыз Ғ.Қажығалиев, К.Арғынбеков, Ж.Көшербаева домбыраның қоңыр үніне ілесіп, әсем әнмен кеш ажарын аша түсті. Шараның негізгі мақсаты – оқырмандарымыздың жүрегіне шаттық ұялату, оларға қолдау білдіру, қоғамда олардың орны ерекше, өзегі мықты азаматтар екенін айшықтай түсу болатын.
Айта кетерлігі, біздің бөлім үшін бұл оқырмандар – әрдайым ерекше назарда. Олардың рухани даму жолындағы талап-тілектерін қолдау, көңілдеріне демеу болу – біздің басты міндетіміз. Сол себепті де жыл бойы олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді.
– Кітап оқу мәдениетін арттыру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Ең алдымен, кітапты отбасының күнделікті өміріне енгізу қажет. Үйде кітап оқитын атмосфера болса, бала да соған үйір болады. Мұғалімдер мен кітапханашылар бірлесе отырып оқырмандық мәдениетті қалыптастыруға күш салуы қажет деп есептеймін. Ал біз өз тарапымыздан кітапқа қызықтыратын шараларды көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.