Ақпараттық портал

Асыраушы саланың мәселелері қаралды

Қазіргі таңда аграрлық саладағы мемлекеттік қолдауды шаруалар айқын сезініп отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мал басын көбейту мен асылдандыру, егіндерін өнімді ету, тың технологияларды енгізу ерекше маңызға ие. Мал бағып, жер жыртқан шаруалардың шығындарын субсидиялау ісі де жолға қойылған. Осы бағыттағы оң өзгерістер де жоқ емес.

Апта ортасында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің жүргізуімен өткен жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Б.М.Сағынбеков төрағалық етті. Аталмыш жиынға ауданның шаруа қожалықтары, әкімдер, бірнеше бөлімдер қатысты.
Жиын барысында Болат Мырзаханұлы асыраушы саладағы мемлекеттік және қаржылай қолдау тетіктері туралы түсіндіретін спикерлерге сөз беріп отырды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «ҚазАгроКаржы» АҚ мен «Аграрлык несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АК өңірлік филиалдары, «Тараз» ӘКК» АҚ несиелендіру департаменті, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Шу-Талас бассейндік су инспекциясының» мамандары бар.
Ең алдымен сөз ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Нұрғиса Сәрсенбайұлына берілді. Спикер ауыл шаруашылығы бағытындағы тиісті қолдаулар жөнінде қысқаша баяндап берді. Оның айтуынша, егін шаруашылығы бойынша 4 түрлі бағытта субсидиялау жүргізіледі. Оның ішінде мемлекет шаруалардың дақылдар мен тұқым, минералды тыңайтқыштар мен химиялық қорғау препараттарына жұмсаған шығындарының белгілі бір бөлігін өтейді.
Мұнан кейін облыс әкімдігінің табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі балық шаруашылығы бойынша мәлімет ұсынды. Осы саладағы субсидияларды түсіндіріп өткен маман шулық шаруалардың сауалдарына жауап берді.
Сонымен қатар жиында Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы Алмаз Рысалиев су тарифтерін есептеу, су пайдаланушылардың тиісті мекемемен келісімшартқа отыру жолдары мен саладағы өзгерістерге тоқталып өтті.
Су мен жер дегенде көпшіліктің көкейінде түрлі сауал туындайтыны рас. Сондықтан шулық шаруалар министрлік өкілі мен «Қазсушар» мекемесінің облыстық және аудандық филиалдарының басшыларына сұрақтарын қойды. Біразы су өлшеуіш аспаптары жоқ жерде тұтынған судың есептелуіне наразылық танытса, енді бірі қызметтеріне көңілі толмайтынын жеткізіп жатты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.