Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Кешегі ел тұтастығын ойлаған Алаш қайраткерлері ішкі саясат негізінде ұлттық бірігуді, тіл мен дінді сақтауды, жерді қорғауды мақсат етті, онда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қайраткерлер қазақтың әлеуметтік, рухани және мәдени дамуына басымдық беріп, отаршылдықтан азат болуды көздеді. Сол ұстаным әлі күнге дейін өзгерген жоқ, тәуелсіздік алған жылдардан бері ішкі саясат қызметкерлерінің де басты ұстанымына айналып үлгерді.
Бұл күнде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі этносаралық ахуалды, діни ахуалды тұрақтандыруға, еліміздің мәдени танымының жоғарылауына, ұлттық құндылықтарының сақталуына, мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттарының орындалуына, мемлекеттік рәміздеріміздің құрметтелуіне үлес қосып, мемлекеттің дамуына ықпал етіп отыр.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлықта мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және әділетті қоғам қалыптастыру қағидаттары айқындалған. Ішкі саясаттың негізгі мақсаты – елді тұрақты дамыту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және «Әділетті Қазақстан» құру жолында барша азаматтарға тең мүмкіндік беру көзделген. Осы мақсатта алты басты қағидат белгіленіп отыр, атап айтсақ, «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан». Құжатта мәдени-гуманитарлық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Мемлекеттік тілдің қоғамды ұйыстырушы және біріктіруші рөлін күшейту – басты басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген.
Болашақ-жастардың қолында деген ұранды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тіпті, түрлі деңгейдегі іс-шаралар да жастарға бағытталуда. Қара нарға артқан жүктей салмағы ауыр саланың жүгін көтеріп, жауапкершілігін сезініп жүрген сондай мекемелердің бірі – аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі. «Жас келсе, іске» демекші, бүгінде Тұрар Дурманов басқаратын бөлімде жалындап тұрған жастар қызмет атқарады. Солардың қатарында Айтолқын Ченсызбаева, Зарина Абдиева және Алмас Алдан сынды жастар бар. Жоғарыда айтылған жауапты қызметтің салмағын жанымен түсініп жүрген ел жастары қашанда қоғамның тірегі.
Бүгінгі күнде қоғамның әр саласында қазіргі заманның ағымына бейімделген жаңашыл, жасампаз жас мамандар жетерлік. Қандай іс болмасын басы-қасынан да табылатын сол креативті жастар. “Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап” деген ұстанымды басшылыққа алған жастардың қарасы көбейіп келеді. Олардың әр бастамасында, ойға алған істерінде, жүйелі жоспарларында жан жадыратар басымдықтар байқалатындай.
Бүгінгі күні ішкі саясат бөлімінің жас қызметкерлері Мемлекет басшысының бастамаларын тиімді жүзеге асыруға, ішкі саясат саласындағы жұмысты ұйымдастыруға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, саяси партиялармен, шығармашылық одақтармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғамның өзге де құрылымдарымен қарым-қатынас жасауға, ақпарат және жастар саясатын жүргізуге, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптарға қатысты мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысып, қоғамның ілгерілеуіне үлес қосып отыр.
Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылады. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түсуіне жол ашу – мемлекеттің мерейлі міндеті болмақ. Осыны ескерген Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері биылғы жылды оңды істермен аяқтап, келер жылға жауапты жоспарларымен қадам басқалы отыр.
Айғаным Асқарбек.