Әдеп нормалары түсіндірілді
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатыны және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қоятыны белгілі.
Осы орайда Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бекпатшаев Елдос Сайлауұлы Шу ауданына іссапармен келіп, Шу ауданы әкімі аппараты, Шу ауданы әкімдігінің бөлімдері мен Шу қаласы, ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен кездесіп, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 10-бабының 8), 12) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға міндетті.
Сонымен қатар, Әдеп кодексімен мемлекеттік қызметшілерге келесідей талаптар қойылған, яғни қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсатта пайдалану.
Түсіндіру барысында төмендегі мәселелерге назар аударылды:
1. Мемлекеттік қызметшілердің ресми киім үлгісінің сақталуы;
2. Қызметтік әдеп нормаларының сақталуы;
3. Жұмыс орнында жалпы тәртіп пен мінез-құлық стандарттарының орындалуы;
4. Жұмыс кабинеттерінде артық заттар мен сыйлықтардың болмауы.
Әдеп кодексінің 12-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші тікелей немесе жанама түрде сыйлықтарды қабылдауға және оларды қызметтік кабинеттерде сақтауға құқылы емес. Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабына сәйкес қызметтік емес мақсатпен мүліктік немесе мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу (соның ішінде сыйлықтар қабылдау) сияқты әрекеттерге тыйым салынады делінген.
Егер аталған тұлғалар осы шектеулерді қабылдамаса, онда олар лауазымға қабылданған немесе қабылданып қойған жағдайда қызметінен босатылуға немесе өкілеттіктерінен айырылуға әкеп соғатын құқықтық салдар көрсетілгені туралы атап өтті.
Байжан Емберді.