Шығармашыл жастардың есеп беру концерті өтті
«Үйірме – өнер бастауы» атты тақырыпта ауылдық мәдениет үйінде үйірме оқушыларының есеп беру концерті өтті. Концертте мәдениет үйіндегі сан түрлі үйірмелерде өнерлерін шыңдап жүрген жас өнерпаздар қалың көрерменге жаңа қырынан танылды.
Ағымдағы жылдың 25 қараша күні Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен әуесқой балалардың таланттарын таныту, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында мәдениет үйінің жанынан құрылған үйірме қатысушыларының 2025 жылғы жыл бойы атқарған жұмыстарының дәстүрлі “Үйірме – өнер бастауы” атты жылдық есеп беру концерті өткізілді.
Аталған іс-шарада бес үйірме қатысушылары қамтылып (оның 4-еуі балалар болса, 1-еуі әжелер тобы), жыл бойы өз жетекшілерінен үйренген өнерлерін жанашыр көрермен саналатын ата-аналарға тарту етті.
Концерттік сазды бағдарламаны Саттар Естемесов атындағы орта мектебінің 5 сынып оқушылары Крат Мейіржан және Әлмырза Айғаным жүргізді. Алдымен «Домбыра» үйірмесінің қатысушылары, жетекшісі М.Баймырзаеваның дайындауымен ауданымыздың дәулескер күйшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың “Ерке сылқым” күйімен концерт шымылдығын ашты.
Вокал үйірмесінің жетекшісі Д.Жұмағұлованың шәкірттері Аралхан Раяна “Ертегілер” әні, Керімбай Мирас “Сұлуқыз”, Болат Раяна “Тау ішінде”, Ерен Айзере ” Байқоңыр”, Бекен Нұрай “Бозторғай” , Кертай Айзере “Билеп, билеп”, Бекбосын Жігер “Сен көріктісің”, Көпбай Ясина “Қос бәйтерегім” әндерін тамылжыта шырқаса, драма үйірмесінің жетекшісі Д.Игисинованың дайындауымен үйірме қатысушылары «Мақта қыз» ертегісінен үзінді сахналады.
Сонымен қатар, ауылдағы зейнеттегі әжелерден құрылған әуесқой «Әжелер тобы» халық әні «Сәулем-ай», «Дедім-ай, ау» әндерін орындаса, кеш соңында мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Д.Игисинованың сөзіне жазылған “Үйірме – өнер бастауы” атты әнін жезтаңдай әншілер Арыстанбек Нұрдос, Имашбек Айшагүл, Құлтай Дария, Кертай Айзере орындады. Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар берілді. Кеш соңында ауыл тұрындарының атынан Доланбаев Бекбосын ақсақал, Күміскүл әже ыстық ықыластарын білдіріп, ауылдық мәдениет үйі ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.
Маржан Амангелдіқызы,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.