Ақпараттық портал

Қайтарылған қаржының қайыры. Шу қаласының үш мөлтек ауданында ауыз су нысандары пайдалануға берілді

Халқымызды елең-алаңға салған Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі қолға алынды. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысы бір жүйеге түсті. Аталмыш бастама Әділетті Қазақстан қалыптастыру мақсатында іргелі істердің бастауы болып отыр. Осы жұмысты заңды әрі тиянақты, табанды түрде орындау үшін Парламент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылдап, оған Президент қол қойған болатын.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Шу ауданында бірқатар маңызды нысандар ел игілігіне берілді. Оның ішінде теміржолшылар шаһарында қуанышты жайттар орын алды.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан прокуроры Талғат Оспанов, ардагерлер кеңесі мен қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері ең алдымен Шу қаласындағы «Горгаз» мөлтек ауданында орналасқан су жүйелері және су шығару ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
Құны 1 435, 248 млн теңге болатын нысанға «Интелект Азия» ЖШС мердігер болған. Жарты жыл бойы жүргізілген жұмыс еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай жұрт кәдесіне беріліп отыр. Ендігіде аталмыш мөлтек ауданның тұрғындарына мөлдір судан тұтынуға мүмкіндік туып отыр.
-Сіздерді ең алдымен ардақты Тәуелсіздік күнімен, мереке қарсаңындағы нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл баршамыз күткен қуаныш екені сөзсіз. Себебі тұрғындардың алдыңғы кезектегі мәселелерін шешу біз үшін әрдайым күн тәртібінде. Қаржы мен уақыттың мүмкіндігіне қарай біз оларды біртіндеп шешіп келеміз. Билік пен бұқараның бірлесіп отыра шешкен шаруасы болғандықтан, алдымен қарияларға, қоғамдық кеңес мүшелеріне, әліптің артын баққан тұрғындарға алғысымды білдіремін! Бүгін Шу қаласында үш бірдей су жүйелері мен су шығару мұнарасы ашылып отыр. Халықтың сұранысына сай жұмыстар келешекте де жалғасын табады. Оның ішінде қала мен ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту ісі бар,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін сөз алған Шу ауданының прокуроры Талғат Оспанов та ашылғалы тұрған әлеуметтік нысан прокуратура органдары қайтарған активтердің есебінен жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Өйткені Мемлекет басшысы еліміздің Бас прокуратурасына осы бағытта нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес облысымызда жұртшылыққа қажетті игіліктер тарту етілуде. Ізгі тілектерге қаланың қадірлі қариялары мен қалалық қоғамдық кеңестің жетекшісі Қ.Жапабаев та үн қосты.
«Интелект Азия» ЖШС құрылысын жүргізген тағы бір су жүйелері мен су шығару мұнарасының ашылуы Қ.Жанқұлиев тұрғын алабында өтті. Жобалық құны 1 078, 878 млн теңге болатын нысанның құрылыс жұмыстары жарты жыл ішінде мәресіне жеткен.
Жанқұлиев шағын ауданының тұрғындарына құтты болсын айтқандардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те болды.
-Бүгін ауданымызда айтарлықтай ақжолтай жаңалықтар болып жатыр. Мерекеге орай бұл тұрғындарға тарту екені сөзсіз. Жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде көзкөрім дүниелер жүзеге асуда. Бұл орайда іскерлік танытқан аудан басшылығына алғыс айтамын. Қала тұрғындарының қуанышы құтты болсын деймін. Себебі су тіршіліктің өзегі. Ең қажетті нәр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Халқымыздың ахуалы әмәнда жақсы болсын,-деді Ержан Көрікбайұлы өзінің сөзінде.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуды көздейтін үшінші нысан Шу қаласының Жайсан мөлтек ауданында ашылды. Жалпы құны 990, 985 млн теңгені құрайтын жұмысты «Таразстрой-2004» ЖШС жүргізген. Биылғы маусым айының ортасында басталған жұмыс та уақытылы мәресіне жеткен.
Нысанның ашылуында Шу қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелис Бейсембаев сөз алып, мөлтек ауданның тұрғындарын қуанышпен құттықтады.
– «Су – тіршіліктің көзі» деп бекер айтылмаған. Ол халықтың ең бірінші қажеттілігі. Оны назарға алып жұмыс істеу жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті. Осы үдеден шығып отырған аудан басшысына, мердігерге ағалық алғысымды айтамын. Таза су тұтынған тұрғындардың дені сау болсын! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Еліміз есен, ертеңіміз жарық болуына тілектеспін, -деді М.Нысанбайұлы.
Сонымен қатар сөз алған аудандық мәслихат депутаты Айтмұхамбет Айтжанов су жүйелері мен су шығару мұнарасын салу мәселесіне өзі атсалысқанын айтып, бұл жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталды. Одан бөлек, өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, тұрғындарды басты мерекемен құттықтады. Тілектер легін мердігер компания өкілі түйіндеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қариялардың ақ батасымен, әжелердің шашуымен ашылған үш нысан «Арнайы мемлекеттік қор» арқылы қаржыландырылғанын айта кеткен жөн. Бұл қорға заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы Заңының субъектілері қаражат аударады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мәліметінше арнаулы мемлекеттік қорға жинақталған қаражат бүгінгі таңда 220 млрд теңгеге жуықтаған. Жиналған қаржы ел үшін керекті әлеуметтік және экономикалық жобаларға жұмсалады.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданымызда 35 елді мекеннің 33-іне сапалы ауыз су жеткен. Жыл соңына дейін Жиенбет ауылында су тарту жұмыстары тәмамдалады деп күтілуде. Келер жылдың еншісіне де аздаған жұмыстар қалып отыр. «Ауыз су-Шу» мекемесінің директоры Асқар Наурызбаевтың айтуынша, елді мекендерден бөлек Шу қаласының өзінде 13 су шығару мұнарасы бар. Оған бүгінгі ашылған 3 нысан қосылып отыр. Осылайша қала тұрғындарының қалауы ақырындап орындалып келеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.