Ақпараттық портал

Қаһарман есімін ұлықтаған турнир

Шу қаласындағы Тарлан спорт кешенінде дүниежүзілік таэквондо жекпе жегінен Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі республикалық турнир жалауын желбіретті. 26 мәрте өткізіліп отырған жарысқа көршілес Өзбекстан және еліміздің әр түкпірінен, ауданымыздың спорт мектептерінен 300-ден аса спортшы қатысқан.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған турнир әнұранмен ашылып, шараның құрметті қонақтарына сөз берумен жалғасты. Алғашқы сөздің кезегі аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа берілді.
-Баршаңызды ең алдымен мерейлі Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн бәрімізге қастерлі екені даусыз. Тәуелсіз елдің тарихында жерлесіміз, Халық қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың есімі мен ерлігі ерекше бедерленген. Бүгін өзін елі үшін құрбан еткен қайраткерді еске алуға, ерлігін дәріптеуге алыс-жақыннан спортшылар мен меймандар қатысып отыр. Биыл өткізіліп отырған турнирге сәттілік тілеймін! Игі бастаманың жанашыры болған Шу ауданының Құрметті азаматы Мәкен Уақтегі арамызда отыр. Қариямыздың еңбегін, жасы мен жолын сыйлауымыз керек. Деніне саулық, отбасына береке тілеймін,-деген Найман Кенжеханұлы желтоқсан зерттеушісі, қайраттанушыға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мемлекеттік қызметшінің ізгі лебізінен соң кезек марапаттау рәсіміне берілді. Осы күні сайысқа демеушілік жасап, спорттың дамуына атсалысып жүрген бір топ азаматтар «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ тағы бір шоғыры аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының марапаттарына қол жеткізді.
Турнирдің ашылуында Шу ауданының Құрметті азаматы Мәкен Уақтегі ақжарма тілегін жеткізсе, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Базарбай Асқартегі арнауын орындады. Сонымен қатар спорт ардагері Сайфидин Абдуманапов, «Желтоқсан тағылымы» ҚБ төрағасы Кенжебек Ибраимовқа сөз кезегі берілді.
«Шу қалалық Дүниежүзілік таэквондо федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Тілеуқұлов турнирдің түпкі мәнін түсіндіріп, қолдаушыларға алғыстарын білдірді. Алыс-жақыннан келген спортшыларға да ризашылық сезімін айтып, өзі басқарып отырған федерацияның марапаттарын өз иелеріне табыстады.
Доданың салтанатты сәтінде Өзбекстан командасының бас бапкері Сәкен Абдуллаевтың, халықаралық дәрежедегі төреші, елге еңбек сіңірген жаттықтырушы Алтынбек Муслиновтың, таэквондодан Жамбыл облысының ересектер арасындағы аға жаттықтырушысы Аслан Батырқұловтың есімдері ерекше аталып, лебіздері тыңдалды.
Балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында өткен жарыста халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР спорт шебері,еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрдәулет Қабаев бас төреші болды. Салмақ бойынша сайысқа түскен спортшылардың үздіктері ұйымдастырушылар тарапынан кубоктар мен медальдарға, сондай-ақ арнайы дипломдарға ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қабырғасы қатайған турнирлер өскелең ұрпақтың спортқа деген ынтасын оятып, оларға патриоттық рухта тәрбие беруге сеп болмақ. Әрі өз шеберліктерін шыңдап, келешекте бұдан бәсі жоғары бәсекелерде топ жаруға ықпалын тигізеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.