Мерген қыздың мәңгі өшпес ерлігі
2025 жылы елімізде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығы мен сол отты жылдары ерлігімен елін қорғап, Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлованың 100 жыл жасы аталып өтті. Қазақтың ержүрек, батыр қызы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында 1925 жылы дүниеге келді. Алматы, Әулие ата (Тараз), Мәскеу, Ленинград (Санк Петербург) қалаларындағы мектептерде үздік оқушы болып, білім алды. Мерген, снайперлер мектебін бітіріп, соғысқа аттанды. Бір өзі 78 жауды атып жойды. 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының Батыры болып атанды. Тарихта даңқты орнын алған Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтті. Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз және басқа қалалар мен өңірлерде халқының сүйікті, ержүрек қызын еске алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Жастармен көп кездесулер өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде мақалалар жарияланды. Сондықтан, келер уақыттары да сондай игі істер жалғасып, қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімі ел есінде әрқашан сақтала берері ақиқат.
Қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың туылғанына 2025 жылы 100 жыл толды. Ол Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, сол кездегі Көксай калхозының Бұлақ ауылында Нұрмұханбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында 15 маусымда дүниеге келді. Кей жинақ, мақалаларда туған күні 25 қазан деп жазылған. Балалық шағында Әлияны анасы «Ақ моншағым» деп атаған екен. Маржан анасы күзгі егістікке әйелдермен масақ теріп жүргенде күзетшінің мылтық оғынан қайтыс болды. Әкесі сол кездегі ауыр жағдайда қызын нағашыларының тәрбиесіне беруге мәжбүр болды. Әлияға нағашы ағасы Әбубәкір фамилиясын беріп, өз отбасының қамқорына алды. Жастайынан бірбеткей, өжет, сонымен қатар ұстамды болған Әлияның балалық шағы қатарлас туысы Сапурамен бірге өтті.
Әбубәкір Молдағұлов білікті маман ретінде әскери-темір жол саласында жұмыстар атқарды. Қызмет ету барысында Алматы қаласында еңбек етті. Уақыт жүре Әулие ата, қазіргі Тараз қаласында Түркістан-Сібір темір жолына қарасты 3-ші пайдалану мекеменің саяси бөлімінде нұсқаушы қызметінде болды. Сол кезде Әлия темір жол бекеті маңындағы мектепте оқыды. Ұлы Отан соғысына дейін соғылған мектептер бүгінгі уақытта Таразда сақталмаған. Ал, Батыр қыздың ескерткіші қаладағы №11 мектептің ауласында 2006 жылы орнатылды. Ескерткіштің авторы архитектор Серік Ережепұлы Алибаев, скульпторы К.Темірхан 1935 жылы Әбубәкір Молдағұлов Мәскеу қаласындағы әскери-көлік Академиясына оқуға түсіп, Кеңес Огдағының бас қаласына отбасымен көшті. Әлия мен Сапура екеуі Академия тыңдаушыларының балаларына арналған №35 мектепте оқыды. Әскери-көлік Академия 1938 жылы Ленинградқа (Санк Петербургқа) көшірілгеннен соң, Әбубәкірдің отбасы осы қаладағы Смольный ауданының Слуцкая көшесінде пәтер жалдап тұрды. Әлия мектеп-интернатқа қабылданды.
Әлияның Ленинград қаласындағы №140 мектептегі алғашқы мұғалімі Мария Антоновна Голубеваның айтуынша 4-ші сыныптан Әлия мен Нина Быстрова есімді қыз екеуі дос болып, бір партада отырды. Әлия ерекше ұстамды, зерек, жаңалыққа бой ұрғыш, аса тәртіпті бала болыпты. Бұл тарапта тек өзіне ғана емес, барлық сыныптастарына деген қатаңдығынан ер балалардан таяқ та жеп жүрген екен. Өзі өте жақсы оқыса да оған орыс тілін үйрену, әсіресе, диктант жазу оңайға түспеген.
Ауылда өскен бүлдіршін қазақ қызы Әлияға Мәскеу, Ленинград қалаларының орыс мектептерінде оқу ауыр болды. Тек өзінің өжет мінезі мен білім алуға деген талпыныс, ынтасының арқасында сыныптағы үздік оқушылар қатарынан көрінді, белсенділігімен танылды. Қыс айларында конькимен сырғанап, шаңғымен жүгіруді үйренді. Алғыр қыз әр сыныпты Мақтау грамоталарымен аяқтады. Мектеп басшылығының шешімімен Әлия Кеңес Одағы бойынша Қара теңіз жағалауы, Қырымдағы әйгілі бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагерінде болып қайтты. Аталған лагерге жолдама тек үздік, өнегелі оқушыларға берілетін. Қазақ жерінде туып-өскен, бір өзі өзге ұлт балаларының арасында озат оқып, сондай құрметке ие болғанының өзі Әлияның қаншалықты қайсар, жігерлі қыз болғанын дәлелдейді.
1941 жылдың мамыр айында Әбубәкір Молдағұлов Академиядағы оқуын бітіріп, Ташкент қаласына, Орта Азия әскери округіне қызметке жіберілді. Бірер уақыттан соң отбасын көшіріп алып, Әлия №46 балалар үйінде оқуын жалғастырды. Кейінірек Әбубәкір іс-сапармен келгенде, балалар үйінің Ярославль облысына көшіріліп, Әлия алдымен авиациялық техникумда оқып, одан соң арнайы қыздардың атқыш-снайперлер мектебіне оқуға түскені туралы білді.
1941 жылдың жазында Әлия болған балалар үйі Ленинград қаласына жақын Сиверская станциясының маңында орналастырылды. 21 маусым күні ұшқыштармен кездесу болып, олар балаларды ертеңгі күні аэродромға саяхатқа келулеріне шақырды. Бірақ, 1941 жылдың 22 маусымы күні таңертеңгі сағат 4-те неміс басқыншылары Кеңес Одағына шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыстың басталғаны туралы хабар балалар үйіне сол күні түске жақын жетті.
Әлия 1941 жылдың қараша айында комсомолдар қатарына қабылданды. Ленинград қаласы блокадалық қоршауда болғандықтан, балалар үйі Ярославль облысы, Некрасов ауданы, Вятское селосына көшірілді. Онда 7 сыныпты бітірген Әлия Рыбинск қаласындағы авиациялық техникумда оқыды. 17 жасқа толған қазақ қызы бірнеше рет өтініш жазып, әскери комиссариатқа барғанымен, ол соғысқа жіберілмеді.
Авиациялық техникумда Әлия бірнеше ай ғана оқыды. Майданға тезірек бару амалын ойлап, 1942 жылдың желтоқсан айында атқыш әйел мергендерін дайындайтын Мәскеу облысы, Вешняки станциясындағы Орталық снайперлер мектебіне өтініш жазып, қабылданды. Әр сабақтарына ұқыптылықпен қарап, өз ісіне деген жігерлігінің арқасында ең үздік курсанттар қатарынан көрінді. Өзін соғыстың қатал, ауыр сынақтарына дайындады. Снайперге аса қажет – дәл көздеу, дәл тигізу шеберлігін үйренді. Жауға көрінбей, жасырын орыннан фашистерді ататын мерген болуға ұмтылды. Жеке мылтығын ең қымбат заты ретінде лайым таза ұстады. Мектепте курсанттарға сабақ, дәрісті Кеңес Одағының Батыры В.Пчелинцев, полковник Е.Никифорова және басқа да тәжірибелі офицер оқытушылар берді. Әлия мектепте Надя Матвеева есімді қызбен құрбы дос болды.
-Әлиямен алғаш рет мен 1942 жылдың 17 желтоқсаны күні Рыбинск қаласында кездесіп таныстым. Сол кезде ол нәзік жасөспірім қыз көрініп, есімде қалды. Медициналық комиссиядан өттік. Снайперлер мектебінің 4-ші ротасында бірге болып, қатар жатып ұйықтадық. Оқу кезеңі басталып, мылтықпен дәл атуды, жылдам жүгіру, жауға білдірмей жерде еңбектеуді үйрендік. Әлия снайперлік істі игеру барысында әрқашан қайсар талпынысымен көрінетін, – деп оны еске алатын Надежда Матвеева.
Атқыш снайперлер мектебін Әлия 1943 жылы шілде айында ефрейтор дәрежесінде бітірді. Оған мектепте инструктор, нұсқаушы болып қалуы туралы ұсыныс түскенде келіспей, өз еркімен соғысқа аттанды. Ә.Молдағұлова құрбылары Н.Матвеева, В.Яковлева, З.Попова және басқа курсанттармен 2-ші Балтық жағалауы майданы, 22-ші Әскер құрамындағы 54-ші атқыштар бригадасының 4-ші батальонына жіберілді.
…Бір жолы снайперлер ротасына штабтан бірнеше жоғары дәрежелі офицерлер келіп, жауынгерлердің жағдайларымен танысып, кездесу өткізеді. Сонда түп-түзу сап түзеген мерген қыздардың соңғы жағында тұрған нәзік Әлияны бір полковник көреді. Оны аяп, соғысқа жібермеу амалын ойлаған офицер: «Бұл қыз асханада картөшке тазалап, жаралы солдаттарға көмек берсін» – деп, шығуға беттейді. Сол мезетте Әлия оның алдына келіп: «Жолдас гвардия полковнигі! Мен, снайпер Әлия Молдағұлова соғысқа картоп тазалауға емес, фашистерді жоюға келдім», – деп жауап қайтарады. Сонда қазақ қызының бірбеткей, өзіне деген сенімділігін көріп, полковник Әлияның снайперлер ротасында қалуына рұқсат береді.
Жауынгерлік тапсырмаларға Әлия жұптасы Надя Матвеевамен бірге барды. Атыс орнына екінші рет барғанда-ақ, алғашқы екі фашистті атып өлтірді. Псков облысындағы Холмск қаласын азат ету үшін болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Әлия «Даңқ» орденімен марапатталды.
Соғыс кезеңдері Әлия туысы Сапурамен хат алысып тұрды.
«Сәлеметсің бе, Сапура! Саған жауап хатымды біраз кешіктіріп жазып отырмын. Сенен хат келгенде, мен «аң» (жау) аулауға шыққан едім. Бүгін 1944 жылдың 2 қаңтары күні тылда бәрі Жаңа жылды қарсы алып, қуанышта болар. Ал бізде ашық аспан, аяз, қарлы боран, бұрқасын. Төңіректегі жалғыз ғана пәс, қараңғылау жер үйдеміз. Хатты тіземе қойып жазып отырмын. Жаңа жыл құтты болсын! Аман-сау болып, бақытты өмір сүруіңе тілектеспін. Сүйемін. Көріскенше, Лия. 2 қаңтар, 1944 жыл» – деп жазды ол бір хатында.
Келесі жолы: «Сәлем саған, Отаным! Сәлеметсің бе, менің құрметтім Сапура. Саған хатты жиі жазғым келеді, бірақ жағдайлар оған мүмкіндік бермейді. Өзіңе бірнеше хат жаздым, білмеймін, олар саған жетті ме… Енді біраз уақыт менен хабар келмесе, таңданба, оның себебін білетін боласың. Менен туыстарға сәлем айт, балаларды сүйіп қой. Өзің тек жиі-жиі хат жазшы, қымбаттым. Сүйемін, Лия. Біздің Отан қорғаушы солдаттардан сәлем. 13 қаңтар 1944 жыл» – деп жазды Әлия өзінің соңғы хаттарының бірінде.
1944 жылдың 14 қаңтары күні Псков облысы, Новосокольники қаласы маңындағы Насва станциясы мен Казачиха деревнясы үшін болған кескілескен ұрыстар қызыл әскерлерге үлкен адамдар шығынын әкелді. Қайта басталған үш шабуыл сәтсіздікке ұшырады. Сондай ауыр жағдайда Әлия өзі бар нәзік бойын көтеріп, солдаттарды қайта шабуылға шақырды. Гранатасын лақтырып, автоматымен бірнеше жауды жайпады. Бірақ, қоян-қолтық ұрыста ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты.
Серіктесі Надя Матвеева Сапураға ауыр хатын жолдады: «Сәлеметсіз бе, Сапура. Әлия менің жақын құрбым еді. Сондықтан оның жақын туысы ретінде сізге хат жазып отырмын. Біздің жауынгерлермен ол да шабуылға шығып, ауыр жараланды. Бірер сағаттан соң қайтыс болды. Енді ол арамызда жоқ. Ержүрек Әлия Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды».
1944 жылдың жазында майдангер – ақын Яков Хелемскийдің «Әлияның жүрегі» атты поэмасының шумақтары Прибалтика майдандық «Суворовец» газетінде жарияланды:
Тверьдің орманы жас, жері кәрі
Ата қоныс санайды жұрттың бәрі,
Сол жерге Әлияның қаны сіңді.
Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі.
Шаттансаң қыз тудым деп, қазақ,
шаттан,
Әлия Отанына болды мақтан.
Бежаница маңында тұлғасы тұр,
Дегендей: «ерлікке аттан, еңбекке аттан!»
Бұл жермен заманында Пушкин өткен,
Желдіртіп қоңыраулы атын жеккен.
Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп,
Қазақтың Әлия қызы қанын төккен.
Сол кездері «Фронтовик» атты дивизиялық газетте Әлия Молдағұлова жөнінде полк жауынгерлерінің жазған хаты да жарияланды: «Әлия Молдағұлова – біздің бөлімнің жауынгері. Ол өзінің нәзік, салмақты, ержүрек пішінімен, байыпты тұлғасымен тірі қалыптағыдай біздің көз алдымызда тұрады. Бізге ол өзінің туып-өскен мекені Қазақстан туралы талай рет әңгіме айтып берді. Оның арманы – соғысты жеңіспен аяқтап, туған еліне қайту, еңбекке оралу, өзін елдің игілікті ісіне жегу еді. Осы тамаша қыз туралы қазақстандықтарға айтып беріңіздер. Оның есімі жастарға үлгі болсын, әрқашан оларды ерлікке шақырып тұрсын! Қазақ халқының адал, ержүрек қызы Әлия Молдағұлова! Сенің бейнең, сенің ерлік істерің біздің жауынгерлік шежіремізден орын алады, ұрпақтан-ұрпақ сенің есіміңді жадында сақтайды».
Қазақ халқының ержүрек қызы, 19 жасар Әлия Молдағұловаға Ұлы Отан соғысындағы ерекше ерліктері үшін 1944 жылдың 4 маусымы күні Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол «Батыр Жұлдызы» және «Ленин» орденімен марапатталды.
Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза болған Ресейдің Псков облысы, Новосокольники қаласының маңында оның ескерткіші орнатылған. Қазақтың Батыр қызының ескерткіштері мен оның есімімен аталатын мектептер, көшелер Мәскеу, Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларында бар. Санкт Петербургтегі Әлия Молдағұлова атындағы көшеде ескерткіш орнатылып, қаладағы №140 мектептің қабырғасындағы мемориалдық тақтада: «Осы мектепте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова оқыды» деп жазылған. Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданындағы мемориалдық музейлерде Ә.Молдағұлованың өмірбаяны және оның ҰОС – да көрсеткен ерліктері туралы мәлімет, құжаттар жиналып, Қобда ауданында бір ауылға Әлияның есімі берілген. Ақтөбе қаласындағы халықаралық әуежай Әлия Молдағұлованың есімімен аталады. Халықтың Батыр қызына арналған балет спектаклі жазылып, «Әлия», «Снайпер» фильмдері қойылды. Ақын Бәкір Тәжібаев пен сазгер Сейдолла Бәйтереков «Әлия» өлеңін жазды:
Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу құстың бейнебір баласындай
Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен.
Әлия – батыр қызы сен халқымның,
Әлия – ару қызы сен халқымның,
Ерке құсы кең даламның!
Шолпан жұлдыз өзіңсің шоқтай жарық,
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
Туған жердің төсінде мәңгілікте,
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып.
Әлия – батыр қызы сен халқымның,
Әлия – ару қызы сен халқымның,
Ерке құсы кең даламның!
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Әлия» өлеңін орындап, Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық телефестивальда лауреат болып марапатталды. Болгария еліндегі халықаралық «Золотой орфей» ән конкурсында жеңімпаз атанып, Гран При жүлдесіне ие болды.
Қазақ халқының аяулы қызы Әлия Молдағұлова қасиетті Әулие ата (Тараз) қаласындағы мектепте оқып, білім алу жолын бастады. Сол кезеңнен оның бойында, жүрегінде туған жерге, еліме деген сүйіспеншілік сезім қасиеттер қалыптаса басталды. Отанына қауіп, қатер төнгенде өз еркімен соғысқа барды. Ерлікпен елін қорғап, 19 жасында Кеңес Одағының Батыры болып атанды. Сондықтан, қазақтың ержүрек, даңқты қызы, Шығыстың өшпес жұлдызы Әлия Молдағұловаға Тараз шаһарында еңселі ескерткіш көтеріліп, есімі қаланың үлкен көшесіне берілсе – игі іс халықтың қолдауына ие болар еді.
Майдан Орынбаев,
Тараз қаласы.