Ақпараттық портал

Әжелер – әдеп мектебі

Кешегі Абай хакім мен ғалым Шоқанды Зере мен Айғанымдай әз әжелер тәрбиелегенінтарих беттері айғақтайды. Мейір-махаббатпен, парасатпен ұрпақ өсірген ақ самайлы әжелерді даналықтың мектебі демеске лаж жоқ. Бүгінгідей дүдәмал қоғамға жетіспей отырған да осы әжелер академиясы.
Өткенімізден тамыр алған болмысымызды болашаққа табыстауды мақсат еткен білім ошақтары айтарлықтай шаруаларды қолға алуда. Кейінгі уақытта әкелер мектебі, әжелер клубы қанатын кеңге жайып, түрлі тағылымға толы шараларды ұйымдастырып келеді.
Оған осы аптада М.Мақатаев атындағы тірек мектебінде (РО) ақ кимешекті әжелер бас қосып, тәрбиеге толы әңгімелер өрбіткен шараны мысал етуге болады. Шара шымылдығы балауса бишілердің тартуымен ашылды. Сондай-ақ сөз алған мектеп директоры Махаббат Сұлтанова қазақ халқының бала тәрбиелеу ісінде әжелердің алар орнына тоқталып, шақыруды қабыл алған қонақтарға алғысын білдірді.
-Біздің мектепте ішкі жоспарға сәйкес тәрбиелік шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгінгі жүздесу де жоспарға сәйкес өтіп отыр. Халқымызда ұрпақ тәрбиелеуде әжелердің орны ерекше. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Шақыруды қабыл алып келген әжелерге алғысымыз шексіз. Сіздердің көрген-түйгендеріңіз мол. Өнегелі жолдарыңыз бізге үлгі бола бермек,-деді Махаббат Төлегенқызы.
Мұнан кейін микрофон әжелерге берілді. Алғаш болып сөз алған аталмыш мектептің ардагерлер кеңесінің жетекшісі, зейнеткер ұстаз Әтіркүл Дуанбекқызы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, келелі кездесуге қатысып отырған бұрымдыларға ақыл-кеңесін айтты.
-Әжелер тәтті балалардың сенімді серігі, ақыл айтатын адамы. Өмір кезеңдеріне дайындайтын ұстаз. Сондықтан балалар, әсіресе қыздар әжесіне жақын болуы керек. Айтқанын құлаққа құйып, мейіріне шомылып өскен абзал, – деді ардагер ұстаз.
Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Айжан Иманова бастаған әжелер алқасы осы шарада белсенді болды. Әрбірі жүрек түкпіріндегі лебіздерін айтып, ән шырқап, өздері әзірлеген дүниелерді көрсетті.
Тағылымды шара толайым табыстарға толы болды. Білім ошағының өнерпаз оқушылары әжелеріне өнерлерін көрсетіп, баталарын алды. Естелікке суретке түсті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.