Желтоқсан желі – жүрегімізде
Аудандық әкелер кеңесінің жоспарына сәйкес, «Тағылым» жобасы аясында Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінде патриоттық тәрбие беруге бағытталған кездесу өтті. Кездесуде тәуелсіздікке жету жолындағы тарихта қалған оқиғада ерекше қайсарлығымен көзге түскен Желтоқсан батыры, «Халық қаһарманы» Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлының ерлігі дәріптелді.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Төле би ауылдық округінің алқа мүшелері қатысты. Мәнді жиында алғашқы сөзді алған Қайраттың ұстазы Бейсенбаева Дәнен өз лебізін былай білдірді:
-Құрметті оқушылар! Тәуелсіздік-халықтың үні, ұлттың болмысы, адамзат үшін ең қымбат ұғым. Азаттық, теңдік, бостандық, береке мен бірлік, бақыт пен ризашылық сияқты әдемі де аяулы сезімдер осы сөздер арқылы адам жүрегіне ұялайды. Отанға деген орасан сүйіспеншілік сезімі әр отаншыл азаматтың бойын билейтіні анық. Отанымыздың тәуелсіздігі сөзбен айтып жеткізе алмас қасиетті ұғым, ұлттық санамыздың, адами жаратылысымыздың, өміріміздің қайнар бұлағы.
Тарих беттеріне үңілсек, дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны және қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Қайрат 1973 -1981 жылдары сіздер білім алып жүрген Сәду Шәкіров атындағы мектепте оқып, сегіз жылдық білім алды. Ол сабақ үлгерімі жақсы болғандықтан сыныптан сыныпқа емтихансыз көшіп отырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Ол тұста мен мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары едім.
Қайрат Рысқұлбековтың ерлігін, батылдығын, қазақи қасиетін, ұлтшылдығын, өз Отанына деген патриоттық сезімін бар болғаны 21 жыл ғұмырында артында қалдырған өлеңдерінен, ата-аналарына жазған хаттарынан байқауға болады. Қайраттың жарқын бейнесі, елім деп соққан жүрегі, оның ерлігі сендерге үлгі-өнеге болсын!
Сөзімнің соңын Мұхтар Шахановтың өлеңімен аяқтаймын.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула,
Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы,-деп түйіндеді Дәнен Бейсенбаева.
Сол кездегі Қайраттың тәрбиеші ұстазы, марқұм Қанткүл Бекмағанбетованың естелігінен: «1976-1977 оқу жылында мектеп-интернатқа 4-ші сынып оқушыларының тәрбиешісі қызметіне тағайындалдым. Барлығы 38 оқушы болатын. Олардың жартысына жуығы озат оқушылар еді. Солардың арасында Қайрат өте сауатты, ақылды, киімдеріне кір жуытпай, таза қалпынан айнымайтын, ұқыпты шәкіртім еді. Көп балалы отбасында өскендіктен жанындағы балаларға бауырмашыл, әрі кішіпейіл болатын. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, маған да көмектесіп жүретін еді. Кітапты көп оқитын. Суретті өте жақсы салатын. Комсомол ұйымының хатшысы болды. Мектеп бітірген соң, әскери міндетін атқарып, Сәулет-құрылыс институтына түскенін естідім.
Әйгілі Желтоқсан дүрбелеңінен кейін сол кездегі аудан басшылары тарапынан біз қызмет еткен С.Шәкіров атындағы мектеп–интернатына саяси шабуыл басталды. Олар бізге «Маскүнем, бұзық, ұлтшылдарды тәрбиелегенсің» деген айып тақты. Идеология жағына жауапты аудандық партия комитетінің хатшысы Ирина Дьячковская маған қатты қадалды, күнде шақырып алып, әбден сұрақтың астына алатын. Мен «Қайрат тәртіпті бала, жақсы оқыды, мектептің белсенді оқушысы болды» деген сөзімнен айнымадым. Бұл сұрақ бір айға жуық жүргізілді. Менің жүйкемді жұқартты. Күнде кабинетіне алып келіп, сұрақтың астына алатын. Ақыры түк шығара алмасын білді ме, мені жайыма қалдырды».
1981-1983 жылдары Қайрат Бірлік ауылындағы Киров атындағы орта мектепте оқып, орта білім алды. Әскерде жүрген екі жылда әскери бөлімшесінен ата-анасына «Алғыс хаттар» келіп тұрған. Әскерден сержант дәрежесінде оралды. Сәулет-құрылыс институтына емтихан тапсырып, бірінші курсқа қабылданды. Сол жылы, яғни 1986 жылы «Желтоқсан» оқиғасына тап болды.
«Желтоқсан» көтерілісі десе, алдымен Қайраттың есімі аталады. Қасіретті Желтоқсан мен Қайратты бөліп-жаруға болмайды. Өйткені, Қайрат Желтоқсанның алтын діңгегі, көтеріліске шыққан жастардың жиынтық тұлғасы. Қайратқа берілген «Халық қаһарманы» атағы бүкіл желтоқсаншылырға берілген атақ деп білеміз.
Алаңға шыққан жастарды аяусыз жазалап, арнайы мамандандырылған отрядтар, орыс ұлтынан құрылған зауыт жұмысшылыры арматуралармен, күректермен соққыға жығып, жауыздықтың ең өрескел түрлерін көрсетті. Қыздарды да аямай тепкілеп, тақыр мұзға отырғызып, қан-жоса қылып, бастан, беттен күрекпен, арматурамен соққылап, жүк көлігінің темір шанағына (кузов) лақтырды да қаланың сыртындағы орға тірі-өлісіне қарамай аударып тастады. Жастар мұздай қаруланған қатігез де қанішер жауыздарға қарсы тұрды. Шегінбеді, берілмеді. Ұрандатып жүрген жігіттердің ішінде Қайраттың дауысы зор болды. Ол өз сөзінде «Жігіттер үш күнге шыдайық, үш күнде біздің талабымыз БҰҰ-на жетіп, олардан қолдау келеді» деп, жолдастарын жігерлендіріп жүрді.
Қайратты алаңда ұстаған жоқ. Оны Мойынқұм ауылында нағашы атасының үйінде, ұйықтап жатқан жерінен оятып, «төбелеске қатысы бар, соны анықтаймыз» деп алып кеткен. Қайратты алаңдағы суретінен танып, милицияны өлтірді деген жала жапқан.
Қайрат ақын да еді. Түрмеде отырғанда шығарған өлеңдері мұң-шер, әділетсіздікке қарсы төккен ашулы, ызалы жырлары, жазған хаттары мектеп мұражайында сақталған.
Балалар! Білімге құштар болыңдар, өнер үйреніңдер. Болашақ денсаулығы мықты, өнерлі-білімді, көзі ашық жастардың қолында. Болашақтың иесі сендерсіңдер. Бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен айқасып жүріп, жаудан қорғап, қалдырып кеткен ұлан-байтақ жерінің иесі «Қазақ» деген халық сендерге аманат! Мәнді мақаланың соңын болашақ жалынды жастарға арналған батамен аяқтаймын:
Балаларым, гүлдерім,
Жарқырап шықсын күндерің.
Азаттықтың арқасы,
Жарқырап-жайнап жүргенің.
Ең жақсысы жұғысты болсын,
Ел-жұртың ырысты болсын!
Ұлдарымыз табысты болсын,
Қыздарымыз намысты болсын!
Өнер-білім мол болсын!
Отыз елден озып шығып,
Беделдерің зор болсын!
Бауыржандай айбатты болыңдар,
Қайраттай қайратты болыңдар,
Ләззаттай табанды болыңдар,
Елдің сүйетін адамы болыңдар!
Мейірхан Балықбаев,
Шу аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы, батагөй қария.