Ақпараттық портал

Ертегі – ұрпаққа аманат, болашаққа бағдар

Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Әжемнің ертегілері» жобасы аясында ұлт руханияты үшін маңызы зор «Ертегі – ертеңім үшін» атты ерекше мазмұндағы тағылымды шара өтті. Аталған жобаға белсене қатысып, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан ерікті әжелерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Аталған салтанатты шараға Шу ауданынан барған Байдосова Ұлзейнеп, Шоманова Зурахан әжелеріміз және осы жолдардың авторы қатысып, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне жүрек қалауымен атсалысып жүрген асыл әжелерге көрсетілген зор құрмет, шынайы алғыс.
Жоба аясында бірқатар білім беру ұйымдарында тәрбиелік мәні зор ертегі қойылымдары сахналанды. Атап айтқанда, «Қуаныш» балабақшасында қазақ халқының сүйікті ертегілерінің бірі – «Мақта қыз бен мысық» ертегісі тантаморезка әдісімен қойылып, балалардың қызығушылығын ерекше арттырды. Ал «Раушан» балабақшасында «Етікші» ертегісі көркем қойылым ретінде көрсетілсе, Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте «Аяз би» ертегісі сахналанып, оқушыларға әділдік пен парасаттылықтың мәнін ұғындырды.
Ертегі – баланың қиялын дамытып қана қоймай, оның рухани әлемін байытатын, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін ерекше құрал. Әсіресе, ертегіні әженің аузынан естудің әсері мүлде бөлек. Әже – мейірімнің, даналықтың, ұлттық тәрбиенің тірі бейнесі. Әженің баяу да байсалды үнімен айтылған әрбір ертегі баланың жүрегіне жол тауып, оның санасында жақсылық пен жамандықты ажырата білуге, үлкенді сыйлауға, адалдық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелейді.
Бүгінгі цифрлы заманда балалар гаджетке көбірек уақыт бөлгенімен, таза мінсіз сөздің, жылы әңгіменің, ұлттық ертегінің орны ешқашан толмайды. «Әжемнің ертегілері» жобасы – осы олқылықтың орнын толтырып, ұрпақ пен ұрпақты жалғайтын алтын көпір іспетті. Бұл бастама балаларды ұлттық мәдениетке жақындатып қана қоймай, әжелердің қоғамдағы рөлін арттырып, олардың өмірлік тәжірибесін бағалауға мүмкіндік береді.
Ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет. Ал ертегі арқылы берілген тәрбие – ең әсерлі, ең жүрекке жақын тәрбие. Осындай игі жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қызмет ете беретініне сенім мол.
Ләйла Сатыбалдиева,
аудандық аналар алқасының мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.