Денсаулық саласының дерегі мен дәйегі
Елімізде медициналық қызметтің сапасын, қолжетімділігін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар іске қосылып, осы салаға қыруар қаржы бөлінуде. Ел Президентінің жыл сайынғы жолдауында ұлт саулығына басымдық берілгенінен-ақ, мемлекеттің басты байлығы – адам делінген Заңның үстемдігіне көз жеткізе түсетіндейсіз. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген жолдар дәлел бола алады. «Көш жүре түзеледі» демекші, кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтар заман ағымына сай реттеліп, медицина саласы жыл өткен сайын жаңарып, жанданып келеді. Дәлірек айтсақ, осынау әлеуметтік маңызы зор саланың дамуы, ел әлеуетінің артуына тікелей септігін тигізетін тетік саналады. Бұл ретте, әсіресе, аудандар мен ауылдардың жай-күйі басты орында десек қателеспейміз. Нәтижелі өзгерістер біздің ауданда да байқалып, медицина саласындағы қол жетпейтіндей болған біршама қызметтер қарапайым азаматтарға қолжетімді бола түскендей. Былтырғы мен биылғының арасындағы айырмашылықты саралап,жоспарға сай жұмыстың бір жылдық қорытындысын шығару әрбір мекеме, ұжым басшыларына тән. Осыған орай, біз Шу қалалық емханасының бас дәрігері Инкарбекова Гаухар Меркибекқызымен сұхбаттасқан едік.
-Гаухар Меркибекқызы, сіз басшылық ететін қалалық емхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.
-Егемендік алған 34 жылдың ішінде еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті. Мемлекет тарапынан медицина саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып, соның арқасында қаншама жетістіктерге жеттік. Ол бағдарламалардың игілігін біздің аудан да өз уақытымен көріп келеді. Медицина саласындағы түрлі бағдарламалар арқылы медициналық көмек сапасын арттырып келе жатқан қалалық емханамыздың бүгінгі жай-күйі көңіл қуантарлық. Нәтижелі істері мен жеткен жетістіктері де жоқ емес. Сіздің сұрағыңызға орай емхананың қызметі туралы баяндап берсем…
«Халықты тіркеу регистрі» бойынша 40480 азамат тіркелген, оның ішінде 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар саны 14880 немесе 36,7 пайыз, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 2096 немесе 5,1 пайыз, ересек азаматтардың саны 25600 немесе 63,2 пайыз (оның ішінде еңбекке қабілеттісі – 21003) және бала туу жасындағы әйелдердің саны 9020 немесе 22,2 пайыз. Емханада барлығы 25 учаске, соның ішінде 11 педиатриялық учаске (1 педиатриялық учаске 910 балаға арналған), 10 терапевтік учаскесі (1 терапевтік учаскеде 2200–ге жуық адамға қызмет көрсетуде), 4 ЖТД учаскесі (1708-ге жуық адамға қызмет көрсетуде) және 4 акушерлік-гинекологиялық учаскесі қызмет көрсетеді.
Емхана аптаның барлық күндерінде яғни дүйсенбіден-жексенбіні қоса есептегенде жұмыс істейді. Пациенттерді үйден қарау қоса атқарылады (дүйсенбі–жұма күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, сенбі күні сағат 8.30-ден 18.00-ге дейін). Жексенбі күні жалпы тәжірибелік дәрігері – сүзгі кабинет дәрігерлері, терапевт, балалар дәрігерлері, мейірбикелер, жүргізушілер, тазалықшылар өз келісімі бойынша кезекшілік бойынша шығады, соған сай оларға қосарланған төлемақы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда шұғыл көмек көрсету үшін зертханашы мамандары да емханаға келіп, қызметтерін көрсетеді.
Қазіргі таңда ем алушылардың барлығының дерегі арнайы базаға енгізілген. Азаматтар бұрынғыдай бірнеше қағаздарды қолтығына қыстырып жүрмейді, тек төлқұжаты болса болғаны. Бүкіл денсаулығына қатысты деректер базада сақтаулы. Емханаға келушілерге мемлекеттік қызметтер қолжетімді болып отыр. Тұрғындарды Халыққа қызмет көрсету орталығына сабылтпай-ақ арнайы ақпараттық орталықтан мамандарымыз тиісті құжаттарын қолына шығарып береді.
-Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?
-Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін қалалық емханада қадр тапшылығы мәселесі өзекті болып келген болатын. Шу қала мәртебесінде болғандықтан, біздің емханада кадр мәселесін шешу үшін «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламаның шапағатын көре алмаймыз. Әйтсе де, жылдар бойы көтеріліп келген кадр мәселесін оңтайлы шешіп отқандығымызды атап өтпеске болмайды.
Жас мамандарды қаржылай ынталандыру барысында 1,25-1,5 бірлік берілген, кейбір қызметкерлерге емхананың тегін қызмет көрсету қаражатынан қосымша төлемақы төленеді. Бұған қоса, емхананың балансында екі пәтер бар, ол пәтерлерде бүгінгі таңда 3 дәрігеріміз тегін тұрып жатыр. Бақытымызға орай, кейінгі 2023-2025 жылдар аралығында Шу қалалық емханасына – 5 жас маман (хирург, эндокринолог, терапевт, педиатр) жұмысқа келді.
-Бәрімізге белгілі, Президентіміз «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» заңына өзгерістер енгізген болатын. Соған кеңінен тоқталып өтсеңіз.
-Сұрағыңыз орынды. Бүгінгі күні МӘМС төңірегінде қазақстандықтар арасында сауалдар көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетіледі. Ал, созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі.
Нақты айтар болсақ:
– жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін медициналық көмекке қолжетімділік қамтамасыз етіледі (жарналарды жергілікті әкімдіктер төлейді);
– МӘМС қаражатының қозғалысы мен пайдаланылуы туралы деректерді жариялау міндетті түрде енгізіледі;
– сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда қаражатты қайтару көзделеді;
– медициналық қызметтер саласындағы бұзушылықтарға қадағалау және жедел ден қою тетігі белгіленеді;
– жасушаларды, тіндерді, гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды трансплантациялау бойынша лицензиялау енгізіледі;
– сирек кездесетін (орфандық) аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ТМККК аясында және өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады;
– І топтағы мүгедектігі бар зейнет жасындағы адамдардың жұбайларына олардың жеке көмекшілері болу құқығы бекітіледі;
– «адам ағзасы», «адам жасушалары», «әлеуметтік маңызы бар аурулар» ұғымдары нақтыланады.
МӘМС жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – медициналық көмек алу барысында азаматтарды кенеттен туындайтын жоғары шығындардан қорғау. Олар жүйеге 51 000 теңге көлемінде жарна төлеп, барлық медициналық қызметтердің толық тізіміне қол жеткізеді.
Осылайша күтпеген жоғары шығындардан өзіңізді қорғап, денсаулығыңыздың жай-күйін бақылауда ұстау үшін МӘМС жүйесінде мәртебеңізді дер кезінде рәсімдеп, кейін жарналарды тұрақты түрде төлеу маңызды. Жалпы, енгізілген түзетулер денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру моделін сақтандыруға негізделген жүйеге жақындатуға мүмкіндік береді.
-Гаухар Меркибекқызы, жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесі жоқ емес. Алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар?
-Алдағы 2026 жылы қашықтау орналасқан Қант зауыты мөлтекауданынан медициналық көмек көрсетілуі үшін 150 науқасқа дейін қабылдауға арналған емхана ашу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, Қант зауыты аумағынан бір ғимарат балансымызға өтті.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай әрі заманауи құрылғылармен жабдықталатын ғимараттың жарты аумағы-емхана, жартысы-зертхана болып ашылмақ. Зертхана бөлімі бірінші қабатта орналасатын болса, ол жерге жеке кіру-шығу жағдайымен Жастар денсаулық орталығы да ыңғайластырылмақ. Жастар денсаулық орталығы дегеніміз – репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға және 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға медициналық, профилактикалық және емдік көмек, психоәлеуметтік және заң қызметтерін көрсету орталығы болып табылады.
Сонымен қатар, 2026 жылдың басында медициналық мекемелерге қомақты бастапқы қаражатсыз-ақ техникалық базаны тиімді әрі жедел түрде жаңартуға мүмкіндік беретін лизинг арқылы 2 автокөлік мемлекеттік тапсырыс арқылы алынады. Сондай-ақ, лизингтің өте тиімді екенін ескере отырып, емханаға қажетті медициналық құрылғылар, арнайы жабдықтар, қосымша мүліктер алу да жоспарланып отыр. Емхананың бірінші қабатына пациенттерді электронды тіркеу орнын ұйымдастыру да қарастырылуда. Бұл жүйе медициналық мекемемен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді, күту уақытын оңтайландырады және пациенттер ағымын басқаруға жол ашады.
-Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айғаным АСҚАРБЕК.