Ақпараттық портал

Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған

Дана халқымызда қашанда жан мен тәннің саулығын басты орынға қойып, үнемі бірінші байлық-денсаулық деуінің астарында үлкен мән жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды» деп медицина саласы мен оның жүгін арқалап жүрген жандарға лайықты баға беруінің өзі үлкен абырой. Егемендік алған 34 жылдың ішінде еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті. Мемлекет тарапынан медицина саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып, соның арқасында қаншама жетістіктерге жетудеміз. Ол бағдарламалардың игілігін біздің аудан да өз уақытымен көріп келеді. Мәселен “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарламасы арқылы соғылған аудандық орталық аурухананың бүгінгі жай-күйі көңіл қуантарлық. Нәтижелі істері мен атқарылған жоспарлы жұмыстары да жоқ емес. Осы тұста, нәтижелі істің бір парасын өз аузынан есту үшін Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айтишев Жайдар Әскербекұлымен сұхбаттасқан едік.

-Жайдар Әскербекұлы, сіз басшылық ететін аудандық орталық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.
-Бүгінгі таңда аудан көлемінде 1 аудандық орталық аурухана, 1 клинико-диагностикалық бөлімше, 1 отбасылық орталық, 14 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 8 медициналық пункт тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. «Халықты тіркеу регистрі» бойынша 54821 азамат тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 17199 немесе 31,4 пайыз, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 2970 немесе 5,4 пайыз, ересек азаматтардың саны 34652 немесе 63,2 пайыз. Шу аудандық орталық аурухана бойынша жалпы медициналық жабдықпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырылу 98,27 пайызды құрайды. Ауданда 29 санитарлық автокөлік бар. 31 медициналық ұйымның 30-ы типтік ғимараттарда орналасқан. 2025 жылдың 11 айында аудандық орталықта орналасқан отбасылық орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Шу аудандық орталық ауруханасында 715 қызметкер жұмыс атқарады. Тарқата айтар болсақ, дәрігерлер саны 89, оның ішінде санатты дәрігерлер саны 40, яғни 44,9 пайызды құрайды. Орта буын медицина қызметкерлері (ОБМҚ) – 342, оның ішінде санатты ОБМҚ саны 158 немесе 46,2 пайыз, ал, кіші буын медицина қызметкерлері – 124, басқа да қызметкерлер саны 160. 2025 жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жас маман қабылданып (2 жалпы тәжрибелі дәрігері, 1 травматолог дәрігері, 1 педиатр дәрігері), жұмыс жасауда. Жылда жас мамандар жұмысқа қабылданғанына қарамастан, 4 дәрігер жетіспейді (фтизиатр дәрігері-1, рентгенолог-1, жалпы тәжрибелі дәрігері-2). 2025 жылы барлығы 114 медицина қызметкерлерінің біліктілігі арттырылды.
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халықты қамту үлесін арттыру, азаматтарды сақтандыру бағытындағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебені уақытылы рәсімдеп, тұрақты сақтап отыру-әр азаматтың денсаулығы мен әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы. 2026 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Атап өтерлігі, онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт, вирустық гепатиттер секілді бірқатар әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша диагностика мен скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізілетін болады. Ал, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы сырқаттарды емдеу толықтай МӘМС пакетіне ауыстырылады. Бүгінгі таңда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна төлемеген аудан тұрғындарының саны 12714 адамды құрап отыр. Осы мақсатта арнайы тізім жасалынып, сол тізіммен мамандарымыз ауылдық округтерге бөлініп, жұмыс жүргізуде. Олар Шу аудандық орталық ауруханасы тіркеліміне (Халықты тіркеу регистріне) тіркелгенін немесе тіркелмегенін анықтауда. МӘМС-те сақтандырылмаған 12714 азаматтың 13-і еш жерде тіркелмеген болса, 3 азамат мүлде жоқ (із-түссіз жоғалып кеткен). Ал, 120 адам ауданнан тыс медициналық ұйымдарға тіркелген. Осы тұста мамандарымыздың үй-үйді аралауы және телефонмен хабарласуы арқылы 155 азаматтың мәртебесі сақтандырылып отыр. МӘМС-ке тіркелсе де бірде-бір рет төлем жасамаған азамат саны-961 (қайтыс болғандар-1, басқа облыстарда тұратыны-5, шет мемлекетке көшкені-6, жеке кәсіпкер – 8, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар -77, бейресми жұмыссыздар-636, үй шаруасындағы әйелдер -228). Тізімдер қызметтік хат арқылы көші-қон, қаржы бөліміне және АХАТ-қа берілді. Нәтижелі жұмыстың арқасында 961 азаматтың саны 320-ға кеміп, 641 болып отыр.
-Жайдар Әскербекұлы, еліміздің медицина саласы ұзақ мерзімді жобалардың арқасында даму үстінде. Біздің ауданның медицина саласы сондай жобалардың шапағатын көріп жатыр ма?
-Сұрағыңыз орынды. Қазіргі кездегі медицина саласының маңызды және басым міндеттерінің қатарына ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақтың келуі, халық санының көбеюі тәрізді мәселелер жатады. Осыған орай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. «Дені сау ұлт» жобасы аясында еліміздің барлық аймағындағы ауруханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтау мәселесі қолға алынып келеді.
Мәселен, осы жобаның арқасында біздің аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімі де жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи аппараттармен және медициналық құрылғылармен толықты. Атап айтсақ, су жаңа 2 тууға арналған трансформер төсек, ИВЛ аппараттары, тамырды визуализациялауға арналған «AccuVein AV500» аппараты, жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясына арналған инкубатор, «New Hospivac 350» хирургиялық аспираторы, фототерапия функциясы бар инфрақызыл неонтальді «Сәулелі жылу-BONO» жылытқышы, БИЛИТЕСТ – жаңа туған нәрестелердің гипербилирубинемиясының автоматты транскутанды анализаторы, эксперт классындағы УДЗ аппараттары алынып, перзентхана бөлімінің ана мен сәбиге бағытталған қызметінің сапасы артуда.
2025 жылдың 11 айында ана өлімі тіркелген жоқ. Ағымдағы жылдың ішінде 836 бала дүниеге келді. 1000 дүниеге келген сәбиге есептегенде нәрестенің өлім көрсеткіші – 10,7 пайызды құрады. 1 жасқа дейінгі – 9 нәресте шетінеді. 1 жасқа дейінгі өлім себептері (орталық жүйке жүйесі аурулары (заболевания ЦНС ) – 16,7 пайыз (1 жағдай), туа біткен ақаулар (ВПР) – 50 пайыз (3 жағдай), перинаталдық кезеңнің себептері – 33,3 пайыз (2 жағдай).
Жоғарыда айтқанымыздай, перзентхана бөліміне алынған заманауи құрылғылар дүние есігін ашқан нәрестелердің денсаулығында ақау болса, оны ерте уақыттан анықтап, олардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Әрі дәрігерлік көмек көрсетуді жеңілдете түседі.
-Сұхбат бергеніңізге рахмет! Келе жатқан жыл ауданның медицина саласы үшін табысты жыл болсын!
Сұхбаттасқан
Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.