Ақпараттық портал

Әлеуметтік жауапкершілік жүгін арқалаған маман

Қоғамның ең нәзік тұсы – әлеуметтік осал топтардың тағдыры. Бұл салада қағаздағы нұсқаулықтан бұрын, адам жанын түсіне білу, сабыр мен жанашырлық, кәсіби білім мен азаматтық ұстаным қатар жүруі керек. Осындай қасиеттерді бойына жинақтаған мамандардың бірі – Балуан Шолақ дәрігерлік амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Сейтбаева Ақшолпан Алмаханқызы.

Әлеуметтік қорғау саласында 14 жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз бүгінде бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдегі әлеуметтік мәселелердің бел ортасында жүрген тәжірибелі маман. Ақшолпан Алмаханқызының қызметі жоспарға сай аймақтарды аралаудан басталады. Әлеуметтік қызметкерлер ауыл-ауылды, аула-ауланы аралап, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтайды. Бұл – жай ғана тексеру емес, бұл – тағдырды тану, адам өміріне үңілу. Ол анықталған отбасыларды арнайы тізімге енгізіп, әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық жағдайына кешенді талдау жүргізеді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, ауылдық әкімшілікпен бірлесе жұмыс істейді. Себебі әлеуметтік түйткілдер тек бір саланың шеңберінде шешілмейді.
Әлеуметтік қызметкер қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға, әлеуметтік осал топ санатына жататын, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қолдауға мұқтаж адамдарға үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сай қызметтер ұсынады. Ақшолпан Алмаханқызы учаскелік дәрігерлермен, медбикелермен бірлесе отырып, пациенттердің жай-күйін патронаждық бақылауға алады. Бұл бақылау тек медициналық жағдаймен шектелмейді. Әлеуметтік ахуал, отбасындағы психоәлеуметтік климат, күнделікті тұрмыс деңгейі – барлығы назарда.
– Әр шаңырақтың өз шындығы бар. Біреуінің мәселесі көзге көрінсе, біреудікі тереңде жатады. Әлеуметтік қызметкердің міндеті – соны дер кезінде байқап, көмектесу, – дейді Ақшолпан Алмаханқызы.
Оның айтуынша, әлеуметтік қиындық әрдайым ашық көріне бермейді. Кейбір отбасылар мұқтаждығын жасырып, ішкі күйзелісін сыртқа білдірмей өмір сүреді. Тұрмысы сырт көзге қалыпты көрінгенімен, үй ішіндегі психологиялық ахуал, денсаулыққа байланысты мәселелер немесе жалғыздық пен үмітсіздік адамды іштей қажытып жатады. Осындай сәттерде әлеуметтік қызметкер тек сұрақ қойып қана қоймай, тыңдай білуді, түсінуді, адамның жан дүниесіне үңілуді білуі керек.
«Кейде бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ тереңірек сөйлессең, адамның жан айқайын сезесің. Әлеуметтік қызметкердің ең басты қаруы – бейжай болмау. Себебі дер кезінде көрсетілген көмек адамды үлкен тығырықтан алып шығуы мүмкін», – дейді ол.
Ақшолпан Алмаханқызы үшін әр үйге бару – кезекті жұмыс қана емес, үлкен жауапкершілік. Өйткені сол бір кездесудің нәтижесінде адамның тағдыры өзгеруі мүмкін. Кейде бір кеңес, бір бағыт-бағдар, тиісті мекемелерге жол көрсету немесе қарапайым моральдық қолдау өмірге деген сенімді қайта оятады.
Осы ұстаным оның күнделікті жұмысында айқын көрінеді. Әр шаңырақтың өзіне тән шындығын түсіну, мәселенің түп-тамырына үңілу және қолдан келер көмекті дер кезінде ұсыну – әлеуметтік қызметкер еңбегінің мәні де, маңызы да осында.
Сонымен қатар дәрігерлердің қорытындысы негізінде дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламалары аясында санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуына, техникалық көмекші құралдармен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтылуына ықпал етеді. Әлеуметтік қызметкердің күнделікті жұмысы салауатты өмір салтын насихаттаудан басталады. Бұл бағытта Ақшолпан Алмаханқызы «Денсаулық мектебі» аясында халықтың нысаналы топтарымен жүйелі жұмыс жүргізеді. «Салауатты өмір салты – тек спорт немесе дұрыс тамақтану ғана емес, бұл – өмірге деген жауапкершілік. Ол өздігінен қалыптаспайды, мақсатты түрде тәрбиеленеді», – дейді кейіпкеріміз өз әңгімесінде.
Ал «Денсаулық мектебінің» басты мақсаты – пациенттердің дәрігер ұсынымдарын орындауға деген ынтасын арттыру, емдеу, оңалту және алдын алу барысында дәрігер мен пациент арасындағы сенімді серіктестік орнату.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістерге байланысты, Ақшолпан Алмаханқызы ауыл тұрғындары арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Емханаға келушілерге де, аула аралау кезінде де МӘМС қорына жарна төлемеген, мәртебесі айқындалмаған азаматтарға жүйенің маңызы жан-жақты түсіндіріледі. Себебі бұл – халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыт.
Ақшолпан Алмаханқызының көпжылдық еңбегі жоғары бағаланды. 2023 жылы SENIM денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалы атынан Денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысына қосқан үлесіне Алғыс хатпен, 2024 жылы аудан әкімі Б.Жәнібековтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Құрмет грамотасымен, 2025 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Министр С.Жақыпованың «Әлеуметтік қорғау салаларындағы адал еңбегң, жоғары кәсібилігі және халыққа қызмет көрсетудегі жанашырлығы үшін» Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл марапаттар – мақала кейіпкерінің әлеуметтік қорғау саласындағы адал қызметі мен жоғары кәсібилігінің айқын дәлелін көрсетеді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.