Ақпараттық портал

Ел саулығы жолындағы үлес

Таңғы шық кеппей жатып тіршілікке қызу кірісетін мекемелердің бірі – аурухана. Бұл жердің әр күні, әр сәті адам өмірімен, үмітпен, кейде алаңдаушылықпен астасып жатады. Осындай жауапкершілігі мол ортада өз кәсібіне адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі – Шу аудандық орталық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Сейдалы Әсем Сағатқызы.

Әсем Сағатқызы 1993 жылы Шу өңіріне қарасты Көктөбе ауылында дүниеге келген. Ауылдың қарапайым тұрмысы, үлкендердің ақыл-өсиеті, айналасындағы адамдарға деген жанашырлық оның болашақ мамандық таңдауына ерте әсер етті. Бала кезінен-ақ дәрігер болуды армандап өскен Әсем үшін бұл арман жай қиял емес, нақты мақсатқа айналды. «Адамдарға көмектескім келді» деген бала жүректегі таза ниет оны алға жетелеп отырды.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ білімге ерекше ден қойған ол Жамбыл атындағы орта мектепті 2011 жылы үздік аяқтайды. Ұстаздарының сенімі мен ата-анасының қолдауы жас түлектің қанатын қатайта түседі. Сол жылы Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университетіне мемлекеттік грант иегері атанып, үлкен өмірге нық қадам басады. Бұл – тек Әсем үшін ғана емес, оны тәрбиелеп өсірген отбасы үшін де үлкен мақтаныш еді.
Жеті жыл бойы Қарағанды қаласында үздіксіз білім алып, медицинаның қыр-сырын терең меңгерген болашақ дәрігер оқуын да жоғары нәтижемен аяқтайды. Студенттік жылдар – оның өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі болды. Күндіз лекция, кешке тәжірибе, түнге қарай кітаптан бас алмай дайындалу – мұның бәрі бүгінгі білікті маманның қалыптасуына жол ашты. Ол қиындықтан қашпай, әрбір сынақты болашақ кәсібіне жасалған дайындық деп қабылдады.
2018 жылы қолына дипломын алған жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы туған жеріне оралуға бел буды. Қалада қалып, жайлы қызмет іздеуден гөрі, ауыл халқына қызмет етуді жөн санады. Осылайша алғашқы еңбек жолын өзі туып өскен Көктөбе ауылдық амбулаториясында «аға дәрігер» қызметінен бастайды.
Ауылдағы екі жылдық еңбек Әсем Сағатқызы үшін нағыз тәжірибе мектебі болды. Мұнда ол түрлі жастағы, түрлі жағдайдағы науқастармен жұмыс істеп, тек медициналық білімін ғана емес, адаммен тіл табысу, сабыр сақтау, жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттерін де шыңдады. Ауыл тұрғындары жас дәрігердің біліміне ғана емес, жылы сөзі мен жанашырлығына да риза болды. Кейін ол Шу аудандық орталық емханасына ауысып, қазіргі таңда осы мекемеде еңбек жолын жалғастырып келеді. Мұндағы жұмыс қарқыны да, жауапкершілік те жоғары. Дегенмен Әсем Сағатқызы үшін бұл – үйреншікті тіршілік.
-Дәрігердің әр күні емхана есігін таңғы самалмен бірге ерте ашудан басталады. Алдымен жұмыс орнымызды ретке келтіріп, алда күтіп тұрған науқастарды қабылдауға толық дайындаламыз. Бұл – тек құрал-жабдықты тексеру емес, алдағы күнге үлкен жауапкершілікпен дайындалу. Кабинетке бірінен соң бірі адамдар кіре бастайды. Бірі – ата-анасының қолынан ұстап келген кішкентай бала, енді бірі – өмірдің талай белесінен өткен қария. Әрқайсысының өз мұңы, өз дерті бар. Біз үшін олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Біз әр науқастың сөзін бөлмей, сабырмен тыңдап, сырқатының себебін анықтауға барынша мән береміз. Кейде адам емханаға тек ем үшін емес, өз жағдайын біреуге айтып, жылы сөз естуге келетін жағдайлар да болады. Біз ондай жағдайды да түсінуге тырысамыз. Сондықтан әр науқасқа жылы қабақ танытып, көңіл бөлу – біздің міндетіміз. Қолымнан келгенше сапалы медициналық көмек көрсетіп, адамды үміттендіріп шығарып салуға тырысамын, – дейді дәрігер бізбен әігімесінде.
Дәрігер үшін бұл – күнделікті қайталанатын жұмыс қана емес, адам тағдырымен тікелей байланысқан жауапты міндет. Таңнан кешке дейін толассыз ағылған науқастар арасында әрқайсысына уақыт тауып, кәсіби әрі адами тұрғыда қолдау көрсету – оның дәрігерлік ұстанымының айқын көрінісі.
Шынында да, жалпы тәжірибелі дәрігер болу – үлкен жауапкершілік. Себебі ол тек бір бағытпен шектелмей, әртүрлі аурумен келген науқастарға алғашқы көмек көрсетеді, бағыт-бағдар береді. Түскі үзілістен кейін де дәрігердің жұмысы аяқталмайды. Оған бекітілген учаскедегі жаңа туған нәрестелердің патронажымен айналысып, жас аналарға кеңес береді. Сонымен қатар үй жағдайында медициналық көмекті қажет ететін науқастардың үйлерін аралап, олардың хал-жағдайын бақылайды. Бұл – көпшілік мән бере бермейтін, бірақ аса маңызды жұмыс.
Әсем Сағатқызы дәрігер мамандығын үлкен адамгершілікпен байланыстырады. «Адамдарға көмектесу, жоғары сапалы медициналық көмек көрсету – әр дәрігердің басты міндеті» дейді ол. Оның осы ұстанымы күнделікті ісінен айқын көрінеді. Шаршағанын білдірмей, әрбір науқасқа жауапкершілікпен қарау – оның өмірлік дағдысына айналған. Білімі мен білігін туған жерінің игілігіне жұмсап жүрген Әсем Сағатқызы сияқты мамандардың арқасында өңір халқы сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп отыр. Сондықтан ақ халатты абзал жанның еңбегі – ел саулығы жолындағы үлес деп білеміз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.