Ақпараттық портал

Білім беру жүйесіндегі маңызды бағыт

Қазіргі қоғамда білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқушыны тек пәндік біліммен ғана қаруландыру емес, сонымен қатар оның болашақта өмірден өз орнын табуына, қабілеті мен қызығушылығына сай дұрыс мамандық таңдауына бағыт беру. Осы орайда мектептерде ерекше маңызға ие мамандықтардың бірі – кәсіптік бағдар беру маманы. Бұл маман оқушылардың болашағына бағыт-бағдар беріп, олардың өмірлік таңдауына ықпал ететін жүйелі де жауапты жұмыстар атқарады.
Шу қаласында орналасқан №40 мектеп-лицейінде бұл бағыттағы жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Біз аталған мектептің кәсіптік бағдар беру маманы Динара Маратқызы Кеңеспен осы жөнінде сөйлесіп, мектеп қабырғасында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстық.

Динара Маратқызының айтуынша, 2025–2026 оқу жылына арналған кәсіптік бағдар беру іс-шаралары жоспары нақты әрі жүйелі түрде құрылған. Жоспарға сәйкес қазан, қараша, желтоқсан айларында 9–11 сынып оқушыларына арналған бірқатар маңызды кездесулер мен таныстыру жұмыстары өткізілген. Атап айтқанда, оқушылар Алматы технологиялық университетінің білім беру бағдарламаларымен, Туризм және қонақ үй менеджменті институтының (HTMi, Швейцария), Шанхай Цзян Циао университетінің Халықаралық дизайн колледжінің (Қытай), сондай-ақ Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің бағдарламаларымен танысты. Бұл кездесулер оқушылардың көкжиегін кеңейтіп, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары туралы нақты ақпарат алуына мүмкіндік берді. «Оқушы мамандықты таңдағанда тек атауына емес, оның мазмұнына, болашақтағы сұранысына, өз қабілетіне сәйкестігіне назар аударуы керек. Біздің міндет – сол таңдауға дұрыс бағыт беру», – дейді Динара Маратқызы.
Кәсіптік бағдар беру тек теориялық ақпаратпен шектелмей, тәжірибелік іс-шаралармен де толықтырылады. Осы мақсатта оқушылармен бірге Шу қаласындағы «№10 Шу колледжі» КМҚК-да ұйымдастырылған “Ашық есік күніне” қатысу ұйымдастырылған. Іс-шара барысында оқушылар колледждің оқу базасымен, өндірістік шеберханаларымен, зертханаларымен және тәжірибелік сыныптарымен танысып, жұмысшы мамандықтардың маңызын көзбен көріп, түсінуіне мүмкіндік алды.
– “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында аудандық «Мансап орталығының» мамандары Б. Қайшыбек пен Н. Романова мектеп оқушыларымен кездесіп, «Еңбек.kz» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушыларды тестілеуге тіркеуге көмектескен. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Ресей және Түркия Республикасының жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы шекара қызметкерлерінің қатысуымен 11-сыныптың ұл балаларына үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Сол секілді Алматы қаласының Қыздар педагогикалық университетімен онлайн форматта өткен кездесу де оқушылар үшін аса пайдалы болды. Кәсіби бағдар беру және мамандық таңдау бағытындағы бұл кездесуде оқуға қабылдау ережелері, шетелге шығуға қатысты ақпараттар беріліп, оқушылардың сұрақтарына кері байланыс орнатылды. Айта кетерлігі, кәсіптік бағдар беру жұмыстары тек жоғары сыныптармен ғана шектелмейді. Мектепте кіші және орта буын оқушылары арасында да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. 5–6 сыныптар арасында «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында сурет байқауы өтіп, үздік жұмыстар марапатталды. 7-сыныптарда «Мамандықты дұрыс таңдай білу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылса, 8–9 сынып оқушылары «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында эссе жазды. Бұл шаралар оқушылардың ерте жастан өз болашағы туралы ойлануына ықпал етеді, – дейді Динара Маратқызы бізге берген сұхбатында.
2025–2026 оқу жылы аясында 9–11 сынып оқушылары арасында мамандық таңдау мен қызығушылықты анықтауға бағытталған диагностикалық жұмыстар да жүргізілді. Қазіргі таңда №40 мектеп-лицейінде 1215 оқушы білім алады. Бұл – оқушы саны бойынша ең ірі мектептердің бірі. 11-сыныпта 76 оқушы бар болса, биыл оның 71-і ҰБТ тапсырады екен. Талдау нәтижесіне сәйкес, мектеп бітірушілердің басым бөлігі педагогикалық және техникалық бағытты таңдаған. Сонымен қатар заңгерлік, медициналық, IT және шығармашылық салаларға қызығушылық танытқан оқушылар да аз емес.
«Әр оқушы – жеке тұлға. Бірі техникаға бейім болса, бірі өнерге, енді бірі адаммен жұмыс істеуге жақын. Кәсіптік бағдар беру маманының басты мақсаты – сол ерекшелікті дер кезінде байқап, баланың өз жолын табуына көмектесу», – дейді Динара Маратқызы.
Айта кету керек, кәсіптік бағдар беру бағытындағы мұндай мазмұнды әрі жүйелі жұмыстар тек Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінде ғана емес, аудан көлеміндегі барлық білім беру ұйымдарында бірізді жоспар негізінде жүзеге асырылып келеді. Аудандық білім бөлімінің үйлестіруімен әр мектепте кәсіптік бағдар беру мамандары бекітіліп, жыл басында апталық, айлық және жылдық іс-шара жоспарлары жасақталады. Бұл жоспарлар оқушылардың жас ерекшеліктерін, қызығушылықтарын және еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып құрылады.
Аудан мектептерінде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жоғарыда атап өтілгендей бірнеше бағытты қамтиды. Біріншіден, жоғары сынып оқушылары үшін жоғары оқу орындары мен колледждер өкілдерімен кездесулер, онлайн және оффлайн форматтағы таныстырылымдар тұрақты өткізіледі. Бұл кездесулер барысында оқушылар мамандықтар әлемі, білім беру бағдарламалары, гранттар мен қабылдау талаптары туралы нақты әрі сенімді ақпарат алады. Екіншіден, өндірістік орындарға, колледждерге және кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасалады.
Негізінен жүзеге асырылып жатқан кәсіптік бағдар беру жұмыстары – бір мектептің немесе бір маманның ғана еңбегі емес, бұл – білім бөлімі, мектеп әкімшілігі, кәсіптік бағдар беру мамандары, психологтар және әлеуметтік серіктестердің бірлескен жүйелі жұмысы. Осындай үйлесімді әрекеттің нәтижесінде бүгінгі оқушы ертеңгі таңда саналы маман, білікті кадр, ел болашағына үлес қосар азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.