Науқан нақтылықты талап етеді
Жұма күні Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылы атқарған жұмыстары мен 2026 жылғы міндеттері мәлім болған ауқымды жиын өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов қатысты. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары, әкімдер мен бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері жиынға шақырылды.
Модераторлық міндетті атқарған Азамат Серікұлы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, еншіміздегі жылдың жоспарын жіпке тізді. Төрағаның айтуынша ауданда 63 сайлау комиссияларында (Аумақтық-1, округтік-18, учаскелік-44) 399 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 75,68 пайызы сайлау жүйесінде үш жылдан астам тәжірибесі бар азаматтар.
-Кәсіби өсудің кілті – біліктілікті арттыру, ал біліктілікті арттыру – өз білімін жетілдірудегі басты қадам. Осы қағидаға сүйене отырып, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында округтік, учаскелік сайлау комиссияларымен біріккен 4 оқыту семинары, округтік сайлау комиссияларымен – 5 семинар, учаскелік сайлау комиссияларымен – 10 оқыту семинарлары өткізілді,-дейді А.Ошанов.
Келесі болып жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы туралы Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай түсіндіріп өтті.
Нариман Жетпісбайұлының сөзінше ауданда сайлау туралы ақпарат тұғыры жоқ 12 елді мекенге биыл тиісті жұмыстар жүргізіліп, 9 ауылда қалқан орналастырылмақ. Сондай-ақ биыл үш ауылда мерзімі аяқталған әкімдердің орнына сайлау ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар жиын барысында Серғали Өмірзақұлы мен аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы да сөз алып, ойларын ортаға салды.
Басқосу мәресінде сайлау науқанында белсенділік танытып, жауапкершілікпен жұмыс атқарған азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Байжан Емберді.