Ақпараттық портал

Олимпияда ойындарында 36 спортшымыз бақ сынайды

Қысқы олимпиада төрткүл дүние асыға күтетін тартысты сәт екені сөзсіз. Қатары қалың жанкүйері бар олимпия ойындары биыл Италияның Милан–Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Ал қысқы ойындарының басталуына санаулы күн қалды.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше төрт жылдықтың басты додасында еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 10 дисциплинасы бойынша бақтарын сынамақ. Байрақты бәсекеде ел намысын барлығы 36 спортшы қорғауға бекініп отыр. Оның ішінде 18 ер және 18 әйел спортшы бар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен аптаның соңында Ақордада арнайы жиын өткізіп, қысқы олимпиада мен паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік Туды тапсырған болатын. Салтанатты сәтте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табысталғанын айта кеткен жөн.
Салалық министрліктің мәлімдеуінше ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас. Команда сапындағы ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін 16 жасар Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшы – шорт-тректен ел намысын қорғайтын Абзал Ажгалиев, жасы 33-те. Сонымен қатар құрамадағы ең тәжірибелі спортшылардың бірі – фристайл-могул шебері Юлия Галышева. Ол 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Естеріңізге сала кетейік, қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияда өтеді. XXV қысқы Олимпиадада 16 спорт түрінен 100-ге жуық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл спорт түрлеріне биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, фристайл, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, ски-альпинизм, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және шорт-трек кіреді. Олимпия ойындарына алғаш рет ски-альпинизм енгізіледі. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.