Электр желілері кезең-кезеңімен жаңартылады
Аудан басшысы қатысатын ауқымды жиындарда тұрғындар жарықтың жайын жиі көтеретін. Себебі әбден ескірген электр сымдары мен бағаналары салдарынан сіркіреп жаңбыр жауып, сәл ғана жел тұрса жарық өшіп қалады. Ал әбігерге салынған жұртшылық шарасыз күйде болатын.
Жасыратыны жоқ, аудандағы заңды тұлғалар мен жеке үйлерді жарықпен қамтамасыз ететін электр желілері жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде, кейбірі әкімдіктің қадағалауында. Сондықтан жергілікті атқарушы билік тұрғындар шағымын жеке меншік мекемеге жеткізумен шектеледі.
Аудан әкімі Б.Жәнібековтың Шу қаласы тұрғындарымен кездескен жиынында шулықтар осы мәселені сауал еткенін құлағымыз шалды. Аталмыш жиындарда Шу аудандық электр жүйелері мекемесінің директоры Дамир Сейсебайұлы жағымды жаңалықпен бөлісті.
Жауапты тұлғаның айтуынша 5 жылдың бедерінде Шу ауданындағы тозығы жеткен электр желілері мен ескірген бағаналарының 90 пайызы ауыстырылмақ. Қазіргі таңға дейін Амангелді мен Сауытбек, Бірлікүстем ауылында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақсу ауылдық округіндегі жаңарту шаралары мәресіне жақындап қалды.
-Қазіргі таңда ұлттық жоба аясында жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Алдағы 5 жыл ішінде бағаналар ауыстырылады, сымдар жаңартылып, подстанциялар жаңғыртылады. Ақсу ауылындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Аталған жұмыстарға 30 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Мәселен, 2026 жылы Төле би ауылында, 2027-2028 жылдары Шу қаласында тиісті жұмыстар жүргізілмек.
«Тоғай» мөлтек ауданы тұрғындарымен өткен жиында аудан басшысы Б.Жәнібеков мұндай жұмыстар басқа да аудандарда жүргізілетінін айтты. Ал апатты жағдайдағы және ескірген бағаналарды ауыстыру амалдары мекеменің тапқан пайдасынан жаратылуы міндетті. Сондықтан кеңестік кезеңнің куәгерлеріндей болған бағаналар мен сымдар, қосалқы станциялар жаңаратын күн жақын.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов аудан аумағында 543 электр қуатын реттейтін қосалқы станция бар екенін айтып отыр.
-226 қосалқы станция «Шу аудандық электр желілері» ЖШС иелігінде болса, коммуналдық мекемелер теңгерімінде 60 қосалқы подстанциялар бар, оның екеуі ПС 35 кВ-тық подстанция «Жайсан 35/10кВ» «Жанкулиев 35/10кВ» Шу қаласы мен аудан аумағында орналасқан. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары теңгерімдерінде 257 трансформатор бар, – дейді Жадыра Әбиғазыұлы.
Сонымен қатар, басшының айтуынша, Шу қаласы әкімі аппараты мен Төле би ауылдық округ әкімдігінде 6409 дана электр бағаны мен 357,72 шақырым әуе желілері және көше жарығының 6174 дана жарық шамы бар. Аудан және қала аумағындағы 357,72 шақырым әуе желілерінің басым бөлігі көше жарығының желілеріне тән.
Байжан Емберді.