Ардагерлерді ардақтау абзал амал
Үлкенге құрмет көрсету әрбір қоғамның басты қағидасы болуы тиіс. Өйткені аға буын өкілдері жастық шағын бейнетке арнап, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосқан жандар. Бір ауыз жылы сөзге жүректері елжірейтін қарттарды қадірлеу ата-бабаларымыз аманаттаған игі дәстүр ретінде жалғасқан жөн.
«AMANAТ» партиясына тиесілі «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы ел аумағында бір аптаға ұласқан болатын. Аталмыш шара аясында Шу ауданында бірқатар игі істер жүзеге асырылғанын айта кеткен абзал.
Мәселен, Қонаев ауылдық мәдениет үйінде аға буын өкілдері арасында шахмат және дойбы ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Партияның Шу аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбековтың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың бос уақытын пайдалы етіп өткізу, көңілді атмосфера қалыптастыру әрі зияткерлік ойын түрлерін насихаттау.
Жарыстың ашылуында филиал төрағасымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев сөз алып, Алға ауылдық округі ардагерлерінің жетекшісі Р.Раисов ақ батасын берді. Артынша жарыс басталып, қариялар өзара мықтыны анықтауға кірісті. Жарыстың соңында жеңімпаздар үздік нәтижесі үшін естелік сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.
Сонымен қатар акция аясында «Емхана» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен қариялардың ауласы қардан тазартылды. Атап айтқанда, аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров бастаған Жастар ресурстық орталығының жігіттері Төле би ауылындағы үш егде жастағы тұрғындардың үй ауласының қарын күреп, үлкендердің разылығына бөленді.
Жастардың айтуынша, қарттарға құрмет көрсету, үй шаруаларына септесу жұмыстары арнайы жоспарға бекітіліп, тұрақты түрде іске асырылады. Сондықтан алдағы уақытта акция өз жалғасын табады.
«AMANAТ» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ел аумағында өткізілген акцияда 50-ден астам зейнеткерге қолғабыс тигізген. Ал акцияға 200-ге жуық ерікті жас тартылған. Сонау 2014 жылдан бастап қолға алынған партиялық жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қоғамдағы әдемі көріністі әспеттеп келеді деуге толық негіз бар.
Байжан Емберді.