Ақпараттық портал

Шеберлік пен жаңашылдық бағаланды

Үстіміздегі аптаның дүйсенбісінде аудандық білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен қосымша білім беру саласындағы айтулы кәсіби байқау – «Үздік қосымша білім беру педагогы» байқауы жоғары деңгейде өтті. Білім мен білікті, ізденіс пен инновацияны ту еткен бұл сайыс ауданымыздағы қосымша білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген тәжірибелі педагогтарды бір алаңға тоғыстырды.

Байқауға аудандағы қосымша білім беру ұйымдарынан еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, өз ісінің нағыз шебері саналатын алты педагог қатысып, кәсіби шеберліктерін ортаға салды. Шараның басты мақсаты – қосымша білім беру педагогтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту, инновациялық іс-тәжірибелерін насихаттау және жаңашыл идеяларды қолдау болды. Сонымен қатар облыс көлеміндегі озық педагогтарды анықтап, олардың шығармашылық ізденістері мен кәсіби жетістіктерін көпшілікке таныту, заманауи талаптарға сай жасанды интеллект құралдарымен жұмыс жасау құзыреттілігін көрсету де байқаудың маңызды міндеттерінің бірі саналды.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды.
Алғашқы кезең «Менің педагогикалық сенімім» тақырыбындағы өзіндік тұсаукесерге арналды. Бұл кезеңде қатысушылар презентация арқылы өздерінің педагогикалық ұстанымдарын, кәсіби жолын, тың идеялары мен тұжырымдамаларын таныстырды. Педагогтың тұлғалық болмысы, кәсіби маңызды қасиеттері, шығармашылық көзқарасы мен тәжірибесі, сондай-ақ көпшілік алдында еркін әрі әсерлі сөйлеу шеберлігі қазылар алқасының назарында болды. Таныстырылымның бірегейлігі, мазмұнының тереңдігі және белгіленген регламенттің сақталуы да бағалау талаптарының қатарынан орын алды.
Екінші кезеңде қатысушылар «Білім берудегі менің инновациям» тақырыбын арқау етіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, ашық сабақтарын ұсынды. Бұл кезең байқаудың ең мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған бөлігі болды. Педагогтар заманауи технологияларды қолдана отырып, презентациялар мен бейнеүзінділер арқылы өз сабақтарының ерекшелігін көрсетті. Қазылар алқасы озық тәжірибе идеяларын нақты айқындау және тұжырымдау біліктілігін, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы педагогикалық әдіс-тәсілдердің тиімділігін, сабақ мақсатының айқындылығын, кәсіби шығармашылық деңгейін және стандарттан тыс әдістерді қолдану шеберлігін жан-жақты бағалады. Сонымен қатар слайдтардың көркем безендірілуі, мазмұндылығы, сапасы мен тәжірибелік бағыттылығы да назардан тыс қалған жоқ.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісі әділ бағаланып, үздіктер анықталды. Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде Оқушылар сарайының «Жас тілші» үйірмесінің жетекшісі, осы жолдардың авторы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, бас жүлдені жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Өзінің терең білімін, жаңашыл көзқарасын, заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану шеберлігін айқын көрсеткен педагогтар да жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Өнер мектебінің үйірме жетекшісі
Гүлмарал Әміре І орынды,
Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме жетекшісі
Гүлхат Кишкентаева ІІ орынды,
Техникалық шығармашылық орталығының үйірме жетекшісі
Меруерт Калықова ІІІ орынды иеленді.
Байқау педагогтар үшін өзара тәжірибе алмасудың, кәсіби дамудың және шығармашылық шабыттың алаңына айналды. Әр қатысушы өз саласына деген сүйіспеншілігін, білім берудегі жаңашыл көзқарасын және үздіксіз ізденіс үстінде екенін айқын көрсете білді. Осындай тағылымды шаралар қосымша білім беру саласының дамуына серпін беріп, педагог мәртебесін арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.