Ақпараттық портал

Ата Заңның жаңа жобасы талқыланды

Апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысымен таныстыру туралы актив жиыны өткен болатын. Аталған жиында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек сөз алды.

Маңызды мәжілісте Бақытжан Оразалыұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел мүддесіне арналған реформалар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын алға тартып, бұл бағыттағы басты мақсат — мемлекеттік басқару жүйесін заман талаптарына сай жетілдіру, қоғамдағы саяси тұрақтылықты нығайту және халықтың билікке деген сенімін арттыру екенін атап өтті.
-2026 жылғы қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын айқындады. Парламенттік реформа аясында бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу жоспарланған болатын. Алайда жүргізілген талдау мен талқылаулар нәтижесінде түзетулер ауқымы әлдеқайда кеңейіп, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де салаларын қамтитыны белгілі болды,-деді аудан басшысы.
Бұдан кейін сөз алған Жасұлан Әлкенұлы да жаңарту үдерісіндегі аса маңызды кезеңдердің бірі – Конституциялық комиссияның қызметі, оның құрамы, жұмыс істеу қағидаттары және ұсынылып отырған Конституцияның жаңа редакциясының мәні мен маңызын түсіндіріп өтті.
Халық қалаулысының пікірінше, Конституцияға өзгерістер енгізу – мемлекеттің негізіне, билік тармақтарының ара қатынасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін процесс.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек жиын барысында айтылған мәмілелерді мақұл көретінін айтып, бұл іске барынша байыппен қараған жөн екенін айтты. Бірлік пен бейбітшілікті сақтай отырып, болашақтың көшін түзеу маңызды екенін де тілге тиек етті.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік құрылымның қалыптасуына және Қазақстанның тарихи дамуында маңызды рөл атқарған қазіргі Конституцияның қадірі кемімейді.
Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылды. Қазіргі таңда ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр.
Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Конституциялық комиссияның жұмысы алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.