Ақпараттық портал

Қалдырған ізің мәңгілік…

«Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім еңбегінің ел болашағы үшін маңызын атап өткен еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім» деген сөзі ұстаздың білім ордасындағы орнын айқындай түседі. Шәкіртке үйреткен әр әріптің, берген әр кеңестің жемісі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Бірақ жылдар өте сол тәлім адамның таңдауы мен өмір жолынан байқалады. Ұстаздың мәңгілік ізі де осында.

Осы игі еңбекті ұлықтау мақсатында аудандық мәдениет үйінде Мұғалімдердің төл мерекесіне орай «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, «Әділет» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығы театрландырылған қойылыммен түрілді. Сахна төрінде Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының бейнелері ескерткіш кейпінде көрініс тапты. Әуен ырғағымен сахнаға шыққан мұғалім шәкірттерін осы тұлғалардың алдына бастап барды. Балалар тетікті басып, көкейіндегі сауалдарын қойған сайын ескерткіш бейнесіндегі тұлғалар тіл қатты.
Көрініс өткен мен бүгінді әсерлі сабақтастырды. Бүгінде кей қалаларда ескерткіш жанындағы QR код арқылы тарихи тұлға туралы мәлімет алуға болады. Қойылымда осы идея көркемдік шешімге айналып, балалар тарихта қалған тұлғалармен жүзбе-жүз тілдескендей әсер қалдырды. Бұл – шәкірттің ізденісі мен ұстаздың бағыт беруі арқылы рухани мұраның жаңа ұрпаққа жететінін аңғартқан сәт.
Әсіресе, бір оқушының Ыбырай Алтынсарин бейнесіне қарата: «Уа, Ыбырай ата! Адамның биіктігі неде? Қорғаны не? Қандай адам мықты болады?» деп сұрауы көпшілікті ойға жетеледі. Қойылымдағы Ыбырай бейнесі адамның биіктігі ойында, қорғаны сабырында екенін айтып, ұстазы мықты шәкірттің ұстанымы да берік болатынын жеткізді. Терең білім алып, жан-жақты білікті болуға үндеген бұл сахналық қойылым мерекенің негізгі мазмұнын аша түсті.
Әсерлі көріністен кейін «Ұстазым» әні шырқалды. Залға жиналған 300-ден астам ұстазға аудан әкімі атынан гүл шоқтары табысталғанда, мерекелік көңіл күй айрықша сезілді. Бұл ықылас саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған жандарға көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Мұнан соң аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы мінберге көтеріліп, ұстаздар қауымына жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол әр азаматтың қалыптасуында мұғалімнің орны ерекше екенін айтып, отбасы берген тәрбиені жалғап, баланың үлкен өмірге қадам басуына бағыт көрсететін ұстаздарға алғыс білдірді.
– Біз барлығымыз сіздердің алдарыңыздан өткен азаматтармыз. Ол – өмірдің заңдылығы. Отбасымыздан тәлім-тәрбие алатын болсақ, сол тәрбиені жалғап, үлкен өмірге жол ашып, бағыт-бағдар беретін – сіздер. Шексіз махаббаттарыңыз арқылы болашақ ұрпақтың қалыптасуына үлкен еңбек сіңіресіздер. Сіздерге алғысым шексіз, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиынның келесі бөлігі ұстаздар еңбегін марапаттауға арналды. Аудан әкімі педагогтерге «Құрмет» орденін, Ы.Алтынсарин төсбелгісін, Оқу-ағарту министрлігі мен Жамбыл облысы әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарын, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, сондай-ақ Шу ауданы әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарын табыстады.
Аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов ұстаздарға Шу ауданының Құрмет грамотасын тапсырды. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы «Құрметті ұстаз», «Шу ауданының білім саласына сіңірген еңбегі үшін», «Үздік көшбасшы», «Жаңашыл ұстаз» төсбелгілерін, «Мамандыққа адалдық» және «Еңбек адамы» номинацияларын, білім бөлімінің Алғыс хаттарын иелеріне табыстады. Сонымен бірге «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының қорытындысы бойынша және «Үздік педагог – 2026» атағын беру конкурсының І кезеңінде жеңімпаз атанғандар марапатталды.
Марапат сахнасына көтерілген әр ұстаздың артында жылдар бойғы табанды еңбек, талай шәкірттің жетістігі, балаға сенім сыйлаған сансыз сабақ тұр. Бірі білім ордасын басқаруда үлгі көрсетсе, бірі жаңашыл ізденісімен танылды. Енді бірі таңдаған мамандығына адалдығымен құрметке бөленді. Олардың еңбегіне берілген баға – шәкірт тәрбиелеудің қоғам үшін қаншалықты қымбат екенін көрсетеді.
Марапаттау рәсімінен кейін ұстаздар қауымы мерекелік концертті тамашалады. Ән мен ізгі тілекке толы кеш әріптестердің басын қосып, ардагерлерге құрмет көрсетуге, бүгінгі педагогтердің жетістігіне бірге қуануға мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, «Қалдырған ізің мәңгілік…» деген атау сол күні сахнадағы тарихи тұлғалардың бейнесімен де, залда отырған ұстаздардың өмірімен де үндесті. Өйткені шәкіртінің жүрегіне білімге құштарлық ұялатқан мұғалімнің еңбегі мектеп қабырғасымен шектелмейді. Ол шәкіртінің кейінгі әр жетістігінде жалғасып, ел болашағына қосылған үлеске айналады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.