Ақпараттық портал

Желтоқсаншылар отырғызған жүз терек

Қара суық күз келгенде табиғаттың сұрғылт тартқан қалпы көңілге мұң ұялатып, санаға сан сауал салады. Ал қоңыр күздің соңынан жеткен желтоқсанның ызғарлы күндері ел тарихындағы қасіретті де қасиетті кезеңді – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсіретіні жасырын емес. Азаттықты аңсаған өрімдей жастардың алаңға шығып, ел намысын қорғаған сол бір күндер ұлт жадынан ешқашан өшпек емес. Бүгінде ауданда сол бір тарихи оқиғаның куәсі болған, ел тәуелсіздігінің бастауында тұрған азаматтардан құралған «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бірлестік мүшелерінің әрбір естелігі, әрбір тағылымды әңгімесі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра.

Сенбі күні аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібековтің бастамасымен «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері білім ордасы – Оқушылар сарайының алаңына жиналды. Тағылымды шара барысында желтоқсаншылардың естелігі ретінде 100 түп терек ағашы отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмысына бірқатар мемлекеттік мекеме қызметкерлері де белсене атсалысты. Көптің қолымен бір сәтте жер қазылып, жас көшеттер бой көтеріп, суғарылды. Бір қарағанда қарапайым көрінген бұл істің астарында үлкен мән бар. Себебі бүгінгі отырғызылған әрбір тал – өткенге тағзым, келешекке аманат.
– Бүгінгі шараның мәні ерекше. Бұл – Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың ерлігіне көрсетілген құрмет, олардың өнегесін келер ұрпақтың санасына сіңірудің бір жолы. Бұл ағаштар осы білім ордасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың көз алдында өседі. Ертең олар бой түзеген теректерге қарап, «Бұл ағаштарды кім отырғызды? Неліктен отырғызылды?» деген сұрақ қояды. Сонда біз оларға Желтоқсанның ақиқатын, ел тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтардың ерлігін айтып береміз. Біз Желтоқсан қаһармандарының ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Себебі бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіздік – сол кездегі жастардың арманымен, батылдығымен сабақтас. Осы талдар тамыр жайып, жайқалып өссе, олардың көлеңкесінде жүрген ұрпақ та ел тарихын біліп, Отанын қадірлейтін азамат болып қалыптассын, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Шара барысында «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де өздерінің жүріп өткен жолдары, сол бір тарихи кезеңнің ел жадында қалуының маңызы жөнінде ой бөлісті. Жас теректердің әрқайсысы Желтоқсан қаһармандарына деген құрметтің белгісіндей. Бүгінгі кішкентай көшет жылдар өте тамыры тереңге бойлаған алып бәйтерекке айналары анық. Ал оның саясына жиналған ұрпақ өткен тарихын танып, тәуелсіздіктің қадірін сезінері сөзсіз.
Бой түзеген бұл теректер ертеңгі күні мәуелі бәйтерекке айналып, саялы баққа ұласатын күнге жеткізсін! Өйткені тамыры терең ағаш секілді елдің де тамыры тарихында. Ал сол тарихты ұмытпай, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бүгінгі буын алдындағы міндет.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.