Конституция және жастардың жауапкершілігі
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры, мемлекетіміздің дамуы мен қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Ата Заң – ел өмірінің барлық саласын реттейтін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын ең жоғары құқықтық құжат. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Ал, ел ертеңі саналатын жастар үшін оның маңызы тіпті ерекше.
Бүгінгі жас ұрпақ – болашақтың иесі, мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Елдің ертеңгі экономикалық, саяси, мәдени дамуы олардың білімі мен санасына, азаматтық ұстанымына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жастарға үлкен мүмкіндіктер береді. Ата Заңда әр азаматтың білім алуға, еңбек етуге, өз ойын еркін айтуға, денсаулығын қорғауға, шығармашылықпен айналысуға құқығы нақты көрсетілген. Бұл – жастардың жан-жақты дамуына жасалған мемлекет қамқорлығының айғағы.
Дегенмен, құқық пен еркіндік жауапкершілікпен қатар жүреді. Конституция тек мүмкіндік беріп қана қоймай, әр азаматқа міндет жүктейді. Заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, өзгенің құқығын құрметтеу, Отанды қорғау, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әр жастың азаматтық борышы. Себебі, тәртіп пен заң үстемдігі бар жерде ғана әділетті қоғам қалыптасады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде түрлі теріс ағымдар мен құқықбұзушылықтар жастардың санасына кері әсер ететіні жасырын емес. Мұндай жағдайда құқықтық сауаттылықтың маңызы арта түседі. Заңды білетін, өз құқығын қорғай алатын, міндетін түсінетін жас ешқашан қателікке бой алдырмайды. Сондықтан білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбиеге баса мән беру – уақыт талабы.
Конституцияға құрмет – бұл тек заң талаптарын орындау ғана емес, ол – елге деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің көрінісі. Жастар мемлекет тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласқанда, әділдік пен жауапкершілік қағида-ларын ұстанғанда ғана Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.
Қорытындылай айтқанда, Конституция – әр жастың өмірлік бағдаршамы. Ата Заң талаптарын орындау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және ел дамуына үлес қосу – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Саналы, заңға бағынатын, отаншыл жастар барда Тәуелсіз Қазақстанның келешегі кемел болары сөзсіз.
Алина Тұрсын,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.