Жомарттығы жан жадыратады
Бүгінгі таңда мемлекеттің басым бағыттарының бірегейі – өскелең ұрпақтың алаңсыз өсуіне барлық жағдайды жасау болып табылады. Соған сай білім шаңырақтарында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға қуаныш сыйлаған игі шаралар да жүзеге асып жатыр.
Бұған дәлел, ауданымыздағы кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкердің бірі Мереке Бабалиеваның әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қыстық күртешелер мен аяқ киімдер алып беріп, олардың қысты жайлы әрі жылы өткізуіне үлесін қосқандығын атап өтуге болады. Бұл-шынайы жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі дер едім.
Сондай-ақ, тағы бір жеке кәсіпкер Гауһар Бұхарбаева үйде оқитын және инклюзивті білім алатын оқушыларға жаңа жылдық сыйлықтар үлестіріп, балдырғандардың жүздеріне шаттық нұрын сыйлады.
Бұған қоса, Шу аудандық полиция бөлімінің орынбасары Абылай Даниевтің жетім балаларға деген қайырымдылық қамқорлығы адамгершілік құндылықтардың жоғары екенін көрсетеді. Осындай жаны жайсаң жомарт жандарға алғыс білдіре отырып, игі бастамалар жалғасын табады деп сенеміз.
“Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет” деген даналық сөздің мәніне терең үңілер болсаңыз, кез келген азамат ел аузында жақсы ісімен қалатыны сөзсіз екендігін аңғарасыз. Кешегі тарихта аты қалған “Атымтай жомарт” та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапты істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып, даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтынын, қайырлы ісіңмен де қалатындығыңның дәлелі бұл.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.
Суретте: Төле би орта
мектеп директоры
Ардақ Джаңғарашева мен
мектеп ұстаздары.