Қос ауылда қордаланған мәселелер тыңдалды
Биліктің бұқара сеніміне ие болуына бетпе-бет жүздесулердің маңызы зор. Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға жүктеп отырған басты міндеттерінің бірі де осы. Бұл тапсырманы жүзеге асыру мақсатында аудан әкімі Б.Жәнібековтың елді мекен тұрғындарымен кездесіп, түйткілдеріне құлақ түріп жүргеніне куәміз.
Сондай жиынның бірі жуырда Балуан Шолақ ауылдық округінде өткен болатын. Екі мыңға жуық тұрғыны, 354 түтіні бар округте былтыр бірқатар мәселелер шешімін тапқан болатын. Атап айтқанда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қос бірдей жаяу жүргіншілер жолы салынып, аудандық бюджет есебінен балаларға ойын алаңы соғылды. Сонымен қатар демеушілер көмегімен ауылдың кіреберісіне арка орнатылған.
Округ тұрғындарымен тілдескен аудан басшысы өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды тілге тиек етіп, биылғы жоспармен бөлісті. Әрі балуаншолақтықтарды алаңдатқан сауалдарға мекеме басшыларынан жауап алды.
Айта кетерлік жайт, биыл облыс қаражатымен орталық көше бойынан кіші футбол алаңы бой көтереді деп күтілуде. Аталған жобаға 50 млн қаржы қарастырылып отыр. Тоқсанға жуық шаруа қожалығы бар ауылда шешімін күткен мәселе де баршылық. Ауылдағы ағайын көгілдір отын кіргізіп, электр қуатының үзіліссіз берілуін аңсайды. Себебі 30 шақырымға жуық электр желілерінің 85 пайызының тозығы жеткен. Сонымен қатар бағаналар мен трансформаторлар ауыстыруды қажет етеді.
Бақытжан Оразалыұлы өткен аптада Бәйдібек және Бөлтірік ауылдарының басын біріктірген Дулат ауылдық округында да кездесу өткізді. Қос ауылдағы 261 аулада 1500-ге жуық тұрғын бар. Негізінен егін және мал шаруашылығымен нәсіп тауып жүрген тұрғындарға аудан басшысы атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндап, ауылға қатысты түйткілдерді тыңдады.
Өткен жылы Бәйдібек ауылындағы Қосы батыр мен Бармақ ақын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталмыш жоба 69,7 млн теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қаржыландырылған. Сондай-ақ 11,4 млн теңгеге Бөлтірік ауылындағы Ақтасты көшесі мен тұйығы, Ботаборым көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, жергілікті бюджет аясында 3,401 шақырым қамтылған.
Бір ескеретіні, биыл да Ақтасты және Ботаборым көшелеріне жергілікті бюджет қаражатынан орташа жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің күшімен салынып жатқан ауылдық клуб халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, 2026 жылдың жоспарына енгзілген жұмыстар аз емес. Алайда қаржы тапшылығына байланысты аялдап қалуы әбден мүмкін.
Қос ауылдың қазіргі таңдағы мәселесі электр желілері мен бағаналардың ескіргені болып тұр. Соның салдарынан тұрғындар жарықтың зардабын тартып келеді. Округ әкімі құзырлы мекемеге бірнеше мәрте хат жазғанымен, жөндеу жұмыстары жоспарға кірмегені туралы жауап келуде.
Кездесулерді қорытындылаған аудан басшысы өңірдегі елді мекендердің мәселесімен таныс екенін жеткізді. Жұмыстың көлемі ауқымды болғандықтан біріне қаржы, біріне уақыт қажет болуда.
Байжан Емберді.