Ақпараттық портал

Жеке қабылдау – мәселені жедел шешу жолы

Сәрсенбі күні аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың көкейінде жүрген мәселелерін тыңдады. Белгіленген тәртіпке сәйкес, алдын ала жазылған тұрғындар аудан басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты шешім қабылдауға ықпал етуді сұрады.

Атап айтқанда, Ескі Шу ауылдық округінің тұрғыны Өмірзақ Нарымбет Белбасар ауылында 2024 жылдан бері жүргізіліп жатқан латок құрылысының сапасын тексеруді және құрылыс жұмыстарының неліктен аяқталмағанын анықтауды сұрады.
Ал Көктөбе ауылының тұрғыны Мұрат Саурықов биыл ауыл тұрғындары жинаған жүгері өнімін заңды түрде өткізуге көмек көрсетуді өтінді. Оның айтуынша, өнімді қабылдайтын кәсіпорындармен байланыс орнатып, келісімшарт жасасуға ықпал ету маңызды. Сонымен қатар тұрғын ауылдағы су арнасы құрылысының қашан аяқталатынын және жұмыстың толық әрі сапалы жүргізілуіне байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Аталған мәселелерге аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құтыбеков пен «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Б.Кзылов түсініктеме берді.
Мамандардың айтуынша, Белбасар ауылындағы құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерге қатысты мәселе сот қарауына байланысты жұмыстар уақытша тоқтап тұрған. Ал су арналарына қатысты жұмыстар белгіленген мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілетіні айтылды.
Жеке қабылдауда Шу қаласының тұрғыны Шолпан Иманбаева да өз мәселесін жеткізді. Тұрғын өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің маңындағы қоқыс контейнерлерін санитарлық талаптарға сай басқа орынға ауыстыруды сұрады. Оның сөзінше, контейнерлердің тұрғын үйге жақын орналасуы жағымсыз иістің таралуына және тұрғындарға қолайсыздық туындауына себеп болып отыр.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімі қала әкімінің орынбасары Данияр Дәнебекке жағдайды зерделеп, мәселені жедел шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Қабылдауға келген Теміржолшылар қаласының тағы бір тұрғыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалғызбасты ана санаты бойынша баспана алу мәселесін көтерді.
Тұрғынға аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді.
– Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғынжай белгіленген тәртіппен беріледі. Тұрғынжай өтініш барлық қажетті құжаттарымен бірге қабылданған күннен бастап қалыптастырылған кезек тізімдеріндегі кезектілік тәртібі негізінде ұсынылады. Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға кезегі келген кезде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тұрғынжай беріледі, – деді Ж.Каликов.
Жеке қабылдау барысында тұрғындардың әрбір өтініші назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Бұл – тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселесін жедел зерделеп, заң аясында шешудің тиімді тетіктерінің бірі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.