Ауылдағы тазалық қашан жүйеленеді?
Қоғамдық кеңес – мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы биліктің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бірегей бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алынуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де түрлі Қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған. Бүгінде бұл үде толығымен орындалып келеді десек қателеспейміз.
Қарапайым аудан тұрғындарынан құрылған қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Өйткені, оның мүшелері жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу ағымдағы аптада «ӘDILET» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов және кеңес мүшелері мен бірқатар бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қонаев ауылының әкімі Нұрсұлтан Сайлауұлы баяндама жасап, ауылда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары бойынша есеп берді. Ауыл әкімінің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша мүлік, жер, көлік, табыс және өзге де салықтар бойынша жоспар жүз пайыздан артық орындалыпты.
– Салықтық түсімдерден түскен қаржыға бірқатар жұмыстар атқарылғанын айта кеткен жөн. Дәлірек айтар болсам, ауыл ішіндегі көшелерді жарықтандыруға, оларға техникалық қызмет көрсетуге, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуге, елді мекенді абаттандыруға, шаруашылық заттар алуға, полицияның тірек пунктіне арналған ғимарат сатып алуға қатысты жұмыстардың барлығы салықтық түсімдер арқылы жүргізілді, – дейді Нұрсұлтан Сайлауұлы.
Жыл ішінде атқарылған жұмыстарға баға берген қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшесі Жұмахан Чекаев Қонаев ауылында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өткен жылы екі жоба ғана жүзеге асқанын сынға алды. 6 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда екі жоба ғана жүзеге асқаны төмен көрсеткіш екенін жеткізіп, бұл бағыттағы насихат жұмыстарын, жергілікті тұрғындарға мемлекет беріп отырған мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажеттігін түсіндіруді күшейту керектігін жеткізді. Сонымен бірге, кеңес мүшелері ауылға жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында тазалық жұмыстарының сапасы да сын көтермейтінін айтты. Бұл ретте аудан әкімі ауылдағы тазалықты бір жүйеге келтіру үшін тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастырудың тетіктерін қарастыруды тапсырды. Тазалыққа тұрғындардың өзі мүдделі болмайынша бұл жұмыстарды жүйелеу мүмкін еместігін де жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Ахылбекова баяндама жасап, бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілген өзгерістер, мемлекеттік бағдарлама арқылы бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй алған жастар бойынша ақпарат берді. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, жоғарыда аталып өткен мәселелер бойынша нақты ұсынымдар қабылдады.
Ерғали Қартайған.