Ақпараттық портал

Қалдықты кәдеге жаратқан кәсіпорын

Өңіріміздегі «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы кейінгі жылдары ірі инвестициялық жобалар шоғырланған орталыққа айналып келеді. Мұнда жүзеге асырылып жатқан өндірістік бастамалар ауданымызбен қатар, тұтас Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға тың серпін беруде. Алғашында 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймаққа кейіннен қосымша жер бөліп беру мәселесі көтеріліп, өзге де инвестициялық жобалар қолға алына бастады.

Сонымен қатар, мұндағы өндіріс ошақтарына дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені, экономикалық аймақтың Шу өңірінде орналасуының өзі алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. Оның үстіне аталмыш өндірістік аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы темір жол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан. Осының барлығы шетелдік және отандық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып, бүгінде көптеген жобалар жүзеге асуда. Солардың бірегейі ретінде қытайлық «Shenqtai Biotech CO.LTD» компаниясын атап өтуге болады. Жүгеріні терең өңдейтін зауыт бүгінде өз жұмысын бастап, дайын өнім шығара бастады.
Аталған өндіріс орны аймақтағы және еліміздегі агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Себебі жергілікті шаруалар мен көршілес өңірлердің диқандары еккен жүгерілерін аталмыш зауытқа өткере алады. Биылдың өзінде өндіріс ошағы 500 мың тоннадан аса жүгері қабылдағанын айта кеткен жөн. Ал, жүгерінің әр келісіне зауыт тарапынан 95 теңге төленсе, мемлекет қосымша 20 теңге көлемінде субсидия қосады. Бұл жеңілдіктер зауытқа да, жергілікті шаруаларға да өте қолайлы деуге толық негіз бар. Әл-әзірге компания өкілдері негізгі шикізат көзін көршілес Ресей мемлекетінен алуда. Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын алғашқы кезеңде 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы болып отыр. Ал, алдағы уақытта өндіріс толық қуатына шыққанда бұл көрсеткіш 3 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, зауытта жүгеріні терең өңдеу арқылы лейцин, изолейцин, валин, глутамин, цитрулин секілді амин қышқылдары өндірілмек. Бұдан бөлек, крахмал, глюкоза және мал азығы дайындалады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалануға жол ашпақ.
Қазіргі кезде зауыт басшылығы өндіріс барысынан шыққан қалдықтарды кәдеге жарату жұмыстарын да мықтап қолға ала бастаған. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айынан басталыпты. Зауыттағы жүгері өсіру бөлімінің маманы Нұргелді Нұрланұлы зауыттан шыққан қалдықтарды егістікке тыңайтқыш ретінде пайдалану жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.
– Биылдан бастап Түркістан облысы мен көршілес Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы және жергілікті жердегі бірқатар шаруақожалық иелерімен келісімшартқа отырдық. Келісімшарт негізінде диқандар біздегі тыңайтқыштарды тегін ала алады. Қазіргі таңда бізде 29 мың текше метр тыңайтқыш тұр. Сондай-ақ бүгінде 200-ге жуық шаруақожалық иелерімен келісімшарт жасалды. Амин қышқылы деп аталатын бұл тыңайтқыштың бір литрін 200 литр суға сұйылтып, егістіктегі кез келген дақылдарға пайдалануға болады. Оның топырақты құнарландыруға да пайдасы зор. Айта кету керек, бұл тыңайтқыш ашыту арқылы пайда болады. Оның адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ екені ғылыми дәлелденген. Оның құрамы азот, калий, фосфор сынды үш элементтен тұрады. Бір ерекшелігі, амофос сияқты тыңайтқыштарға қарағанда бұны кез келген мезгілде, кез келген дақылға пайдалануға болады. Әзірге тегін таратып жатқанымызбен, алдағы уақытта бұл тыңайтқышты арнайы қорапқа салып, нарыққа шығару ойда бар. Себебі, дәл осы тыңайтқыштың Қытай нарығында сатылып жатқанына 13 жылдан асты, – дейді компания өкілі.
Шынын айту керек, кейінгі кезде шулық тұрғындар зауытқа жақын маңнан жағымсыз иістің шығатындығын жиі айтып келеді. Осыған байланысты, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жасап, оның жергілікті халыққа ешқандай зияны жоқ екенін жеткізді. Аудан басшысының сөзінше, санитарлық эпидемиология басқармасының мамандары арнайы құрылғылармен ауадан сынама алып, оның зияны жоқ екенін айтқан. Ал, зауыттағы жұмыстарды көзбен көру барысында қалдықты да кәдеге жаратқан өндіріс ошағы дәл осы иіс шығып жатқан тыңайтқыштың егістікке де пайдасы орасан екеніне көз жеткіздік. Амин қышқылының кез келген дақылға пайдасы зор екенін Меркі мен Т.Рысқұлов ауданынан арнайы келген шаруалар да айтып отыр. Бүгінде 2000-ға жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағы қалдықты да халықтың кәдесіне жаратып отырғаны көңіл қуантады. Ендігі кезекте, жергілікті шаруалар осындай мүмкіндікті қалт жібермей, алқаптағы егіске тиімді пайдаланады деген сенімдеміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.