Ел ісіне ертеден араласу керек
Дүниежүзілік сайлау күніне орай 3 ақпан күні Абай ауылы, Абай атындағы орта мектебінде оқушылардың азаматтық сауаттылығын арттыру, Тәуелсіз Қазақстандағы демократиялық құндылықтардың маңызын түсіндіру мақсатында «Тәуелсіздік – ел тұғыры» тақырыбында сайлауға қатысты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға сайлаудың тәуелсіз ел өміріндегі орны мен маңызын түсіндіру, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
Дөңгелек үстелге мектеп оқушылары мен ұстаздары және аудандық сайлау комиссиясының мүшесі Шошимов Ахат Койбайұлы қатысып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы саяси даму жолы, сайлау жүйесінің қалыптасуы, әр азаматтың ел болашағын таңдаудағы жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Оқушылар сайлаудың әділ өтуі, дауыс берудің маңызы және белсенді азаматтық ұстаным туралы өз ойларын ортаға салды.
Іс-шара барысында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, сайлауға қатысудың құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Оқушылар сайлау арқылы халықтың өз таңдауын жасайтынын, бұл Тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел соңында ел тұғырының берік болуы – саналы, жауапты әрі белсенді азаматтарға байланысты екені айтылды. Бұл іс-шара оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, демократиялық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиеледі.
Шу аудандық аумақтық
сайлау комиссиясы.