Тазалық – ортақ міндет
Өткен аптада еліміз бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күніне арналған халықаралық акция өтті. Ауқымды шарадан шулықтар да шет қалмай, аудан аумағында кең көлемді сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.
Шу ауданындағы негізгі тазалық шарасы аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің бастамасымен Шу қаласының «Жайсан» мөлтек ауданында «Таза қала» ұранымен өтті. Оған жергілікті атқарушы орган өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Сенбілік барысында «Жайсан» мөлтек ауданындағы аулалар мен аумақтар ретке келтіріліп, қоқыстар жиналды. Сонымен қатар талдардың артық бұтақтары қырқылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникаларға тиеліп, белгіленген орындарға шығарылды. Аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мөлтек аудан тұрғындарын сенбілікке белсенді қатысуға шақырып, тұрғындармен тазалық пен абаттандыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тазалық шарасының көркін ерекше көңіл-күймен ұйымдастырылған жұмыстар айшықтай түсті. Үлкендердің ақ батасымен басталған сенбілікте ыстық бауырсақ пісіріліп, әсем әуен әуезіне ұласқан тазалық жұмыстары тұрғындардың белсенділігін арттырды.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, акцияға 625 мемлекеттік қызметкер мен қала тұрғыны қатысып, тазалық жұмыстарына 2 трактор, 4 КаМАЗ, 1 автомұнара және 1 погрузчик жұмылдырылды. «Жайсан» мөлтек ауданында 2500 шаршы метрге жуық аумақ тазартылды.
Дүниежүзілік тазалық күніне арналған сенбілік Шу қаласымен ғана шектелмей, ауданның барлық ауылдық округтерінде де жалғасын тапты. Тазалық жұмыстарына жеке кәсіпкерлер, ерікті жастар мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты. Таңертеңнен түске дейін жалғасқан жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Ауқымды акцияның негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және осы бағыттағы мемлекеттік органдар, қоғам мен волонтерлердің күш-жігерін біріктіру.
– Дүниежүзілік тазалық күні – қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аударып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға үндейтін маңызды бастама. Осы орайда аудан тұрғындарының бір күнде жұмылып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуы – ортақ іске деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Дегенмен тазалықты тек сенбілікпен шектеуге болмайды. Қала мен ауылдардың көркі әрбір тұрғынның күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әр адам өз ауласын, үйінің маңын және қоғамдық ортаны таза ұстауға дағдыланса, елді мекендердің санитарлық жағдайы да тұрақты түрде жақсара түсері сөзсіз, – деді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков акция барысында.
Тазалық – бір күндік науқан емес, баршаға ортақ тұрақты міндет. Туған жердің таза әрі көрікті болуы әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігінен басталады.
Байжан Емберді.