Ақпараттық портал

Жамбыл атың жадымда жаңғырады

“Математика – әдебиет пен тарихтың атасы” деген сөзді естігенім бар еді. Әдебиет пен тарихты егіз деп алар болсақ, бұл екеуі де сандармен сөйлеп, тарихтың беттерін сайратады. Әр жыл, әр ай, әр күннің өз тарихы жазылып, ғасырлар қойнауында қатталып қалады. Жыл жаңарған сайын атаулы күндерге, даталы жылдарға, елеулі оқиғаларға үңіліп, тегеурінді тұлғаларымызды дәріптеп, тарихымызды құрметтейміз. “Асыл азаматтардан айырылармыз, ол – өмір заңы, бірақ олардың артында қалдырған өшпес ізі – өнегелі ісін ұмытуға хақымыз жоқ. Қайта мақтаныш етуге тиіспіз. Ұрпақ жалғастығы осымен баянды, осымен құдіретті” деп өткен дәуренінен осындай өсиет түйген дархан дала дарабозы Дінмұхамед Қонаев тегін айтпаса керек. Туған жердің топырағы өзінен түлеген тұғырлы тұлғаларымен атақ-даңқын атойлатып, тарихына телінген тектілерінің туғанына даталы жыл толса, торқалы той өткізуге бар құлшынысымен, ықылас-пейілін арнары сөзсіз. Биылғы жылы еліміздің тарихында ойып тұрып орын алған, өз дәуренінде ел дамуына үлес қосқан атпал азаматтарымыздың да даталы жылдары сайдың тасындай іріктеле жетіп отыр. Соның бірі – туғанына 180 жыл толып отырған жыр алыбы Жамбыл Жабаев.
Көзі тірісінде “Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым” деп туған халқына арқа сүйеген Жамбыл Жабаевтың атымен бүтіндей бір облыстың аты аталып тұрғанда, өз өңіріміздің жеңістері мен жетістіктері “Жамбыл облысының” деп басталса, атой салып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Бойымызда шығармашылық қабілетіміз бүр жарып тұрғанда кей сәттерде тарихи сабақтастыққа иек артатынымыз тағы бар. Шу өңірімен аталатын қасиетті өңірдің о шеті мен бұ шеті қазыналы тарихтан сыр шертіп, небір дүлдүлдер ағын судай арқырап, дүркіреп өткенін білеміз.
Айтпағымды әріден қозғауыма сеп болған бір оқиғаны еске алудың орайы келіп тұр. Күнделікті өмірде өр тұлғалы азаматтарымыздың атын атап, түрлі жайттардың астарына үңіле түсеміз. Сондай бір сәттердің бірінде белгілі күйші Әбдімомын Желдібаевпен сұхбаттасқанда өзінің “Әулиеата” күйі туралы ой толғап, Жамбыл Жабаевтың тұлғалық болмысы туралы кеңінен толғаған еді.
Екі мың жылдық тарихты бүккен Тараз қаласының атауы жылдар тезінде бірнеше рет өзгергенін тарихтан білеміз. Әуелгіде Әулиеата аталған қасиетті өңірге 1937 жылы Жамбыл атауы берілгенде ғасыр жасаған жыр алыбы Жамбыл бабамыз “Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп қапа болма” деп басын иіп, әруаққа табынған деседі. Ұлы Жібек жолының бойынан орын тепкен, небір әулиелерді, ғұлама ғалымдарды тудырған Әулиеатаның тарихын бір күйдің бойына сыйдырған Әбдімомын Желдібаев үшін шежірелі орданың Жамбыл атауымен аталғандығы бір тұлғаның атына ғана теліну емес, Жамбыл тауының етегінде ғұмыр кешіп жатқан бір өлкенің тарихи атауы іспеттес. Бұл күндері көпшілік жұрт Жамбыл тауының атауы Жамбыл Жабаевтың құрметіне берілген деген ойдың жетегінде жүргендігін алға тартқан дәулескер күйші біраз жайларды айтып тебіренген еді.
Тегінде Жамбыл деп аталатын таудың етегінде дүниеге келген Жамбылдың аты өзі тумай тұрып-ақ асқақ таудың аты болған. Жамбыл тауының шыңынан етегіне дейін, бөктері мен жотасы да көне тарихтың көмбелі сырын бүгіп жатқандығы әмбе жұртқа аян. Жамбыл Жабаевтың өзі «Менің өмірім» атты өлеңінде: «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп есімінің төркінін көзі тірісінде-ақ баяндаған. Ақпанның ақырған ақ боранында дүниеге келген ұлына әкесі Жабай мен анасы Ұлдан “Дәл осы таудай абыройы биік, асқар тұлға болсын!” деп ырымдап қойған екен. «Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» деген нақылдың өміршеңдігін алға тартып, тарихта қалған тұлғалардың келісті болмысы мен ел мүддесі жолындағы нәтижелі еңбегін, жеткен жетістіктерін боямасыз қалыпта көрсетсек, ар алдындағы міндетіміздің ақталғаны.
Жамбыл Жабаевтың сан қырлы шығармашылығына тыңнан түрен салмасақ та, өлең-жырларынан бойға қуат алуға түрткі болған тағы бір сәтті ойға алсақ. Сонау 2011 жылдары Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында оқып жүрген кезімде Сүйінбай Аронұлының шөбересі Сұлтанғали Садырбаевпен кездесу өткен болатын. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп Сүйінбай Аронұлын жырына арқау етіп, бір кездері халықтың алдында ұстазын дәріптеген Жамбыл Жабаевты кейіннен Сүйінбайдың ұрпағы Сұлтанғали Садырбаев Жамбылдың өмір жолы мен шығармашылығын сан қырынан зерттеді. Ұрпақтар сабақтастығы дегеннің айқын дәлелі осы болса керек.
Халық ауыз әдебиетіне қанығып, салт-дәстүрдің бастауынан сусындап, жыршы-термешілердің ортасында өскен Жамбылдың әр өлең жолдарында ұлтымыздың бет-бейнесі айқын суреттеледі. Ол өзі де халық ауыз әдебиетінің озық үлгісін қалыптастырып кетті. Оның бесік жырынан бастап айтыс өнерін дәріптеп, фольклорлық жанрдың ең биігі – эпостық жырларды жазуының өзі тарихымыздың үлкен арнасын ашып кетті. Жамбыл Жабаев аз зерттелген жоқ, әйтсе де әлі де әр қырынан зерттеуді талап етеді. Жүз жасаған бәйтеректің бірлікті ту еткен рухты жырлары бүгінгінің ұранына айналып үлгерді. Қисса айту дарынымен ерекшеленген Жамбыл Жабаевтың миллион жол өлеңді мүдірместен айта алатындығын бір кездері Мұхтар Әуезов айтып кеткен екен.
Жас Жамбылдың балаң өлеңдерімен танысқан Сүйінбай ақын: «Сенің өлеңдерің ақиқат пен әділдікті айтатын болсын, жырларың жекелеген адамдар емес, бүкіл халыққа жағатын болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла! Өлең-жырыңды дауылдата бер!» деп батасын бергеннен-ақ тек әділдікті жырлаған жыр алыбының өлеңі өміршең болмағы белгілі. Туралықты тектілік деп таныған халқымыздың әділдіктің туын жықпай келе жатқандығын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған саясатынан аңғарамыз. Осы тұста Жамбыл Жабаевтың әділдік турасындағы өлең-жырлары бүгінгі күні жиі айтылып, өскелең ұрпақтың таңдайында тақылдап тұруы тиіс деп білемін. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, шын аты халық болған Жамбылдың рухты өлеңдері халқы тұрғанда мәңгі жасай бермек!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.