Жыр алыбын жас өрендер жырлады
Биыл атаулы, даталы жылдардың қатарында “ХХ ғасырдың Гомері” атанған жыр алыбы, халық ақыны, дархан дала дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр.
Осыған орай, Шу қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен “Халық өмірінің жыршысы – Жамбыл” атты байқау өткізілді. Байқау шымылдығын Ы.Алтынсарин мектебінің 6 сынып оқушысы Боранбай Зере “Бақтыбайдың әуені” күйімен ашты.
Аталған шара 3 кезеңнен тұрды, атап айтсақ, “Тыңда, дала Жамбылды” атты І кезеңде ақынның лирикалық өлеңдерін жатқа оқу, “Жамбылдың дастандары – ақындық шебердің айқын көрінісі” атты ІІ кезеңде ақынның “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр”, “Көрұғлы” дастандарын жатқа айту, “Жамбыл өмірі мен өнегесі” атты ІІІ кезеңде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығынан сұрақтарға жауап беру. Аталған кезеңдерге қатысушылар белсене қатысып, өнерлерін көрсетті.
Дүлдүлдер додасына қатысқан жеңімпаздарды ОКЖ директоры Б.Алжанбаева арнайы дипломдармен марапаттап, сыйлықтар табыстады. Атап айтсақ, №40 мектеп-лицейінің оқушысы Аймахан Ерхан жүлделі І орынды, ІІ орынды М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің оқушысы Жәнібекұлы Алинур, ІІІ орынды Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушысы Еркін Жания иеленді.
Ұлы жыр алыбының шығармашылығын насихаттау, оның ұлттық мұрасын дәріптеу және жастардың ақын өлеңдеріне қызығушылығын арттыруға негізделген байқау өз дейгейінде өтті. Сондай-ақ, аталған байқау патриотизмді, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге және олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталды.
А.Айнақұлова,
№3 Шу қалалық кітапхананың кітапханашысы.