Қонақ келсе – құт: Өзгеріп бар жатқан қонақжайлылық дәстүр
Қазақ халқының болмысын, рухани келбетін айқындайтын ең асыл қасиеттердің бірі – қонақжайлық. Кең даланы мекендеген ата-бабаларымыз үшін қонақты қарсы алып, құрметпен күту адамгершілік пен имандылықтың, кеңпейілділік пен бауырмалдықтың белгісі болған. «Қонақ келсе – құт», «Қонақпен бірге ырыс келеді» деген нақыл сөздер де халықтың қонаққа деген ерекше құрметін білдіреді. Қазақтың қонақ күту мәдениеті мен қонақ түрлері туралы көптеген этнографиялық еңбектерде кеңінен жазылған. Соның ішінде белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының салт-дәстүрлері” атты еңбегінде қазақ қоғамындағы қонақжайлық дәстүрі, қонақтың түрлері мен оларды күту әдебі жан-жақты түсіндіріледі. Ғалымның айтуынша, қазақ халқы қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ сияқты бірнеше түрге бөліп қарастырған. Бұл халқымыздың қонаққа деген көзқарасының қаншалықты терең әрі мәдениетті болғанының дәлелі.
Ертеде қазақ ауылында қонақ келуі үлкен қуаныш саналатын. Күннің қай мезгілі болса да, жолаушы келсе, үй иесі оны қуана қарсы алып, төрге шығарып, бар дәм-тұзын алдына қойған. Қонақтың таныс-бейтаныс екеніне қарамай, «құдайы қонақ» деп құрмет көрсеткен. Тіпті, жолаушыны кері қайтару үлкен әбестік, ұят іс саналған.
Ең алдымен, қазақ қоғамында арнайы қонақ деген ұғым бар. Бұл алдын ала шақырылып, ерекше ниетпен келген қадірлі мейман. Мұндай қонаққа құрмет көрсету үшін үй иесі барын салып, дастарханға ең дәмді асын қояды. Қонақтың құрметіне мал сойылып, ауыл адамдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып, үлкендер бата берген.
Ал құдайы қонақ – қазақ дүниетанымындағы ерекше қонақ түрі. “Құдайы қонақ” дегеніміз, жол үстінде келе жатып, бейтаныс үйге түсіп, дәм татып, тынығып шығатын жолаушы. Қазақ халқы мұндай қонақты ерекше қадірлеген. Халық арасында «құдайы қонақтың арасында Қыдыр ата жүруі мүмкін» деген сенім болған. Сондықтан мұндай қонақты ешқашан кері қайтармаған. Қазақ арасында құдайы қонақ туралы көптеген аңыз-әңгімелер де сақталған. Соның бірі халық арасында кең тараған мынадай аңыз:
Ертеде бір ауылға кешқұрым уақытта жолаушы келіп, бір үйдің есігін қағыпты. Үй иесі жолаушыны жылы қарсы алып, төрге шығарып, бар асын алдына қояды. Қонақ үнсіз ғана дәм татып, таң ата жолға жиналады. Кетерінде үй иесіне батасын беріп:
— Сенің шаңырағыңнан ырыс-береке кетпесін, дастарханың әрдайым мол болсын, – депті.
Содан кейін әлгі жолаушы көзден ғайып болған екен. Көп ұзамай сол үйдің тұрмысы түзеліп, берекесі артып, мал-жаны көбейіп кетіпті. Ауыл қариялары сол жолаушының Қыдыр ата болуы мүмкін екенін айтып, «құдайы қонаққа көрсетілген құрмет ешқашан зая кетпейді» деп ұрпақтарына өнеге етіп жеткізген деседі.
Тағы бір қонақ түрі – “қыдырма қонақ”. Бұл – ауыл аралап, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның хал-жағдайын біліп жүретін, әңгіме-дүкен құрып, көңіл көтеру үшін келетін қонақ. Қазақ ауылында мұндай қонақтар адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бірлікті арттырған.
Халық арасында “қылғыма қонақ” деген атау да кездеседі. Бұл – көбіне ас-дәмнің үстінен түсіп, әр үйге жиі кіріп жүретін адамға қатысты әзіл-оспақпен айтылған сөз екен. Дегенмен қазақ мұндай қонақты да ренжітпей, қонақ ретінде құрметпен қарсы алған көрінеді.
Сонымен қатар халқымызда “ерулік беру” дәстүрі де болған. Яғни жаңа көшіп келген көршілерді ауыл адамдары кезек-кезек шақырып, дастархан жайып, дәм татқызған. Бұл дәстүр көршілік қарым-қатынасты нығайтып, адамдарды бір-біріне жақындата түскен.
Бұрынғы қазақ ауылында үйдің есігі де үнемі ашық болған. Күндізгі уақытта үйде адам болса, есік ілінбейтін. Көрші-көлем, ағайын-туыс еш ескертусіз кіріп, амандасып, хал-жағдай сұрап шығатын. Бұл адамдар арасындағы сенім мен жақындықтың белгісі еді. Үйге кірген адамды ешкім бөтенсінбейтін, қайта «келіңіз, төрлетіңіз» деп құрмет көрсететін. Ал бүгінгі қоғамда бұл көрініс айтарлықтай өзгеріп бара жатқандай… Қазіргі кезде қонақ көбіне алдын ала хабарласып, белгілі бір себеппен ғана келеді. Туған күн, той, мерейтой, құдалық немесе басқа да арнайы шақырулар болмаса, аяқ астынан қонаққа бару сирек кездеседі. Кейде тіпті «ескертпей келіп қалмадым ба?» деп іштей ыңғайсызданатын жағдайлар да орын алып жататыны шындық. Бұл – қазақы орта үшін бұрын болмаған түсінік.
Мұнда әсіресе қалалық өмір салтының адамдардың бір-бірімен араласуына әсер етіп жатқандығын тілге тиек еткіміз келеді. Бұрын көрші үйге кіріп, бір кесе шай ішіп шығу қалыпты жағдай болса, қазір көршімен амандасудың өзі сиреп бара жатқандай. Көп қабатты үйлерде жылдар бойы қатар тұрған көршілердің бір-бірін танымайтын кездері де кездеседі. Есіктер темір құлыппен бекітіліп, домофон орнатылып, адамды үйге кіргізу де сирек жағдайға айналды. Мұның бәрі уақыт өзгерісінің белгісі болғанымен, халықтың бұрынғыдай етене жақын қарым-қатынасының азайып бара жатқанын аңғартады.
Қазақтың қонақжайлық дәстүрі тек үйге келген мейманды күту ғана емес, мереке күндеріндегі адамдардың бір-біріне баруымен де көрініс тапқан. Соның бірі – мұсылман қауымы үшін қасиетті мерекелердің бірі Ораза айт мейрамы. Бұрын ауылдарда айт мейрамы басталғанда адамдар үш күн бойы бір-бірінің үйіне барып, айттап, құттықтап шығатын. Әр үйде бауырсақ пісіріліп, дастархан жайылып, келген қонақтарға дәм ұсынылатын. Балалар да жаңа киімдерін киіп, ауыл аралап айттайтын. Ал бүгінде айттау дәстүрі де біршама өзгеріске ұшырады. Көп жағдайда адамдар тек бірінші күні ғана айттап, қалған күндері мерекелік көңіл-күй бәсең тартып жатады. Қалалы жерлерде тіпті айт күндері үйде арнайы бауырсақ пісіріп, көрші-қолаңға тарату сирек кездеседі. Кейбір үйлерде мерекенің иісі де сезілмей қалатын жағдайлар бар. Дәл осындай өзгерістер ұлттық мейрамдардың бірі – Наурыз мейрамы кезінде де байқалады. Бұрын Наурыз келгенде ауыл адамдары бір-бірінің үйіне барып, амандасып, «наурыз көже» ішіп, үлкендерден бата алатын. Ағайын-туыс жиналып, бір дастархан басында отырып, мерекенің мәнін бірге сезінетін. Қазір бұл дәстүр кей жерлерде сақталғанымен, көп жағдайда ресми концерттер мен шаралармен ғана шектеліп қалып жатады. Әрине, заман өзгерген сайын өмір салты да өзгереді. Адамдардың жұмысы, уақыты, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан өзгеше. Дегенмен қазақтың қонақжайлығы ұлттың рухани болмысының бір бөлігі екенін естен шығармайық. Сондықтан бұл қасиетті ұмытпай, оны жаңа заман жағдайында да сақтай білу маңызды. Өйткені қонақ күту дәстүрі адамдарды жақындастыратын, бауырмалдық пен сыйластықты арттыратын құндылық. Бір-бірінің үйіне барып, хал сұрасып тұру қоғамдағы жылылық пен бірліктің белгісі ретінде жоғары бағаланады. Ал мұндай құндылықтар жоғалса, адамдардың арасындағы рухани байланыс та әлсірей бастайды деген сөз. Сондықтан ата-бабадан қалған қонақжайлық дәстүрін сақтауды салтты сақтау ғана деп түсінбей, халқымыздың жүрегіндегі кеңдік пен мейірімді сақтап қалу екенін жадымыздан шығармайық. Қазақ үшін қонақ әрқашан қадірлі болған, ал қонақжайлық ұлттың мәңгілік болмысын айқындайтын қасиет болып қала бермек.
Балнұр Жексенбекқызы.