Тарих қойнауындағы қос мұра
Міне, менің алдымда төрт кітап жатыр. Олар әртүрлі сыр шертеді. Әрқайсысында мол дерек көздері бар. Енді соларға кезек берейік.
Ертеде Шу есімді жас қаған Баласағұн қаласын салып, сарайында 365 күн бойы күн сайын барабан соқтырып отырған екен. Бір күні Зұлқарнайынның жорығы туралы хабар жеткенде, уәзірлері:
— Соғысамыз ба, жоқ па? – деп сұрайды. Қаған ештеңе деместен қырық жігітін тыңшылыққа аттандырып, өзі ел-жұртын бастап Шын жаққа қарай көшіп кетеді. Зұлқарнайын олардың соңынан қуады. Шу қаған шолғыншыларын қайта жібереді. Олар қайтып келіп, Зұлқарнайынның әскері батпаққа батып, кері қайтқанын жеткізеді.
Сонда қаған бір қосын жіберіп, жауға соққы бергізеді. Өзі де артынан аттанып, жауын жеңіп шығады. Жеңістен кейін Шу қаласын салып, сонда қоныстанады. Өзен де, қала да Шу аталып кетеді.
Содан бері бұл өлкеге ләйліктер тұрақтайды екен. Бейбіт құстың келуі сол мекеннің тыныштығын білдіреді дейді жұрт («Әулиеата аңыздары», 2025 жыл, 160-бет).
Ал Шу қаласының орны қазіргі Бірлік ауылының төңірегінде болған дегенді көнекөз қариялардан жас кезімде талай естігенім бар.
Ал енді Баласағұн жайына ойысайық. Баласағұн – орта ғасырлардағы түркі халықтарының ірі тарихи-мәдени орталығы болған қала. Шаһар өзінің мыңжылдықтар бойғы даму барысында көптеген шапқыншылықтар мен қақтығыстарды бастан өткеріп, әртүрлі қағанаттар мен мемлекеттердің саяси ордасына айналған.
Қаланың негізі ертеректе қаланғанымен, оның мәдени жаңғыруы мен өркендеуі Қарахандар заманына тұспа-тұс келеді. Себебі Баласағұн түркештердің, қарлұқтардың, қарахандықтардың және қарақытайлардың саяси әрі мәдени орталығы болған.
Міне, осы қалалардың қатарында Тараз, Баласағұн, Меркі, Құлан секілді көне шаһарлар бар. Соның ішінде біз сөз етіп отырған Баласағұн қаласы өз кезегінде ерекше өркендеп, бірнеше қағанаттардың астанасы бола білді.
Қазіргі Шу ауданындағы Ақсу ауылының қасындағы көне Ақтөбе қалашығын Баласағұн деп топшылауда. Әрине, бұл дәлел-дәйексіз пікір емес. Осы Ақсу ауылындағы Ақтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, отыз жылдан астам уақыт зерттеу жасаған белгілі ғалым Уахит Шәлекенов нақты заттай деректер арқылы бұл қаланың Баласағұн екенін дәлелдеді.
Бұл деректер «Ақ жол» газетінің 2018 жылғы 22 ақпандағы №8 санында жарияланған ежелгі Тараз ескерткіштері тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Асылжан Шайділдаевтың мақаласынан алынды.
Баласағұн – Ақсудағы Ақтөбе қалашығы ұлы ғалым, ақын, философ Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегін еске түсіретін тарихи мекен. Бұл қасиетті қала түркі өркениетінің алтын бесігі саналады.
Осы қалашықтың жанынан өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі де көп нәрсені аңғартса керек.
Осы мақаламды төмендегі өлең жолдарымен түйіндегім келеді.
Баласағұн – киелі, құтты мекен,
Тарих қойнауында сыры терең.
Ақтөбе төмпешік боп қала бермек,
Ғасырлар үнін шертіп тұрса екен!
Көңілім шартарапқа аласұрған,
Қарабалта өзені тасып қырдан.
Жағаға кеп ұрады мөлдір суы,
Ақсудың қоймасынан асып шыққан.
Жетіжар жасыл нуға бөленеді,
Адамы асқан тұлға, өнегелі.
Батырлар өскен жерін қорғап жаудан,
Қасиетті туған жерін көтереді.
Қозыүйдің берекелі жотасы кең,
Жарықбас қасиетті орын болған.
Төскейі шұрайлы, егіні мол мекеннің,
Тарихы талай сырға толған.
Құрақты ойдың қамысы судырлайды,
Құстары кең аспанда шуылдайды.
Керемет таза ауада жүрген сайын,
Түндерде тоған суы сылдырлайды.
Қырық үйдің жері шүйгін, мол береке,
Ырыс, дәулет, шапағат, құт мереке.
Тасөткелдің толқыны жарды ұрып,
Балықтары тулайды жүзген ерке.
Баласағұн – елі де, жері де, одан табылған қазба байлықтары да еліміздің қастерлі әрі қасиетті мекені екендігін бүкіл әлемге паш еткен тарихи құндылық. Біз осындай асыл мұрамызды бағалай да, ардақтай да білуіміз керек.
Төреқұл Әлханұлы,
ардагер ұстаз.
Ақсу ауылы.