Қайсар рухтың символы – Қайрат Рысқұлбеков
Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы тарихында Желтоқсан оқиғасы ерекше орын алады. Бұл – еркіндік пен әділдікті аңсаған қазақ жастарының ерлікке толы қадамы, ұлттық рухтың жаңғыруының айқын көрінісі болды. Сол тарихи оқиғаның қаһармандарының бірі – Қайрат Рысқұлбеков.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Бала кезінен намысшыл, әділдікті ту еткен қайсар мінезімен ерекшеленген ол туған елінің болашағына бей-жай қарамайтын азамат болып қалыптасты. Алматыдағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген шағында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ел намысын қорғаған жастардың қатарында болды.
Желтоқсан оқиғасынан кейін көптеген жастар жазықсыз қудаланып, түрлі жазаға тартылды. Солардың бірі-Қайрат Рысқұлбеков еді. Алайда қандай ауыр сын болса да, ол өз ұстанымынан тайған жоқ. Оның қайсарлығы мен елге деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды.
Тәуелсіздік жылдары халық өз батырларын қайта танып, тарихи әділеттілік орнады. 1996 жылы Қайрат Рысқұлбековке Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапаты – Халық қаһарманы атағы берілді. Бүгінде оның есімі тәуелсіздік үшін күрескен ержүрек азаматтардың қатарында құрметпен аталады.
Биыл, 2026 жылдың 13 наурызында Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толады. Осыған орай, Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі батырдың ерлігі мен өмір жолын дәріптеуге арналған іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Музейде Қайрат Рысқұлбековке арналған арнайы бұрыш жасақталған. Онда батырдың өмірі мен ерлігі туралы құжаттар, фотосуреттер, тарихи мәліметтер және Желтоқсан оқиғасына қатысты материалдар қойылған. Бұл экспозиция келушілерге тәуелсіздік жолындағы күрестің шынайы тарихын танытып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінгі ұрпақ үшін Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі – елге деген адалдықтың, ұлттық намыстың және тәуелсіздікке деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі. Оның жарқын бейнесі мен қайсар рухы халқымыздың жадында мәңгі сақталып, келешек ұрпаққа үлгі бола бермек.
Г.Макуева,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері.