Ақпараттық портал

Ақынын бағаламаған ел – бақытын бағаламаған ел

Ықылым заманнан бері бұқара халықтың ойы, пікірі, намысы, сөзі, тілі, тіпті ашу-ызасы, мұң–зары да ақындар болған, болып та келеді. Қазіргі заманда да халықтың жоқтаушысы, жақтаушысы ақын-жазушылар, журналистер мен тележүргізушілер. Олардың қайсыларының да сөйлеген сөздерінен, жазған мақалаларынан ұлтымызға деген жанашырлығы, ұлтты қорлаушыларға деген төзімсіздігі, ұлттық патриоттық сезім, ұлт намысы көрініп тұрады.

Қоғамда болып тұратын әділетсіздік, қылмыс сияқты келеңсіз көріністермен айқасып, шындық үшін шырылдап жүрген де солар, елдің үміті. Үміт үзілмейді… «Үмітсіз шайтан ғана» демей ме, дана қазақ?! Соңғы жылдары Қазақстанның телеканалдарында түрлі бағдарламалар жүргізіліп, ондағы журналистер мен бағдарлама командасындағы түрлі мамандық иелері халыққа пайдалы көптеген игілікті істер атқарып жүргендеріне бәріміз де куәміз.
Демек, бай болмасақ та бақытты елміз, өйткені осындай жанашыр азаматтармыз бар. Өз тарихымыздағы Бұқар жырау, Махамбет, Сүйімбай, Шерхан, Мұқағалилер ше?! Айта берсек, шыға береді. Бір Ринаттың өзі не тұрады қазіргі кезде?! Дала демократиясы дамыған қазақ халқында «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген аталық сөз қалыптасып кеткен.
Негізінде, ақындар ерекше жаратылған арқалы жандар. Олардың ойлау қабілеті, ойының ұшқырлығы, тіл байлығы, жан-жақтылығы, білімділігі керемет. Екі-ақ жол өлең құрастыру үшін айтар ойыңды бір жүйеге келтіріп және оған ұйқас табу үшін біраз уақыт керек, ал суырыпсалма айтыскер ақындар кезі келгенде ешбір мүдірместен тасыған тау суындай, алапат дауылдай екпіндеп, тоқтау бермей кетеді. Міне, бұл – Құдай берген талант. Осыншама түйдек-түйдек сөздермен айтар ойын бұзбай, табанда ұйқасын да келтіріп жеткізуге мол күш-қуат жұмсайтындарын көпшілік біле бермейді.
ХХ–шы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев туралы оқығанмын. Жәкеңнің көріпкелдік қасиеті де болыпты, тіпті тылсым дүниемен байланысқа шығып, ашық күнде жаңбыр жауғызғаны аңыз емес, болған уақиға. Ол кісінің әулиелігімен қатар, мол күш-қуаты болған деседі. Атақты Көроғлы дастанын үш күн жырлаған екен. Миллиондаған өлең жолдарын үш күн уақыт тоқтамай жырлағанға жұмсайтын күш-қуатты ол ғарыштан алған. Бір мәрте қалғып кеткенінде түсінде Көроғлы аян беріп, «Жарайсың, Жамбыл, бірақ бір жерден қате жібердің» деген екен. Біз өзіміздің теңдессіз дарын иесі болған Жәкеңді Гомерге теңеуіміз әсте дұрыс па? Гомер жыр алыбы Жамбылдың жанында жәй ғана бір жазба ақынның деңгейінде қалған жоқ па?! Ащы да болса шындық.
Ақындарымыз елдің жайын, жұрттың қамын ойлағанда, біз де осынау бойында жоғарғы интеллект пен дарын тоғысқан жандарға ілтипат көрсетіп, керек кезінде көкке көтере дәріптеуіміз – адами міндетіміз. Бұл үрдіс ішінара болса да орындалып жүр.
Өткен жылы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде Әбдіқадырова Эльмира ханымның ұйымдастыруымен, қазіргі заманымыздың көрнекті қаламгерінің бірі, Жуалы ауданының тумасы Бауыржан Үсеновтің 65 жылдығына орай «Жұлдыздай ағып өткен жасын ғұмыр» атты іс-шарасы өткен болатын. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, ақын Жуалының азаматы болсын, қайсыбір облыстан болсын, ол – бәрімізге ортақ, ақын-халықтың адамы. Содан болар, жиынға көп адам жиналды. Кітапхана қызметкерлерімен қатар оқырмандар, ауыл тұрғындары, ардагерлер шақырылды. Ақын-жазушы әрі журналист Бауыржан Үсеновтің бүгінгі заманның сирек кездесетін тума талант иесі екендігін тілге тиек ете отырып, сегіз қырлы бір сырлы дарын иесінің өмірбаянымен Эльмира кітапханашы таныстырып, оның таңдамалы өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Ақынның творчестволық даму жолындағы еңбекқорлығы мен қайсарлығы сөз болды. Жиын барысында Шу ауданы ардагерлер кеңесінен келген өкілдер осы жолдардың авторы, Ә.Шабанбаев, Б.Жұматаевтар сөз кезегін алып, өз ой–пікірлерін ортаға салды. Ардагерлер Б.Үсеновтің «Қара машина» атты өлең-дастанын жоғары бағалап, сол сұрапыл, алмағайып замандардағы халықтың басына түскен зобалаңды жүрекпен жеткізе білген ақынның құдіреттілігіне бас иді. Бұған қоса қазақ әдебиетіндегі біртуар бәйтеректер Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің рухына арналған өлең-жырларын оқығанда замандасымыз Бауыржан ақынның аға буын ақындарының жан-дүниесін терең түсінгенін аңғардық, оның патриоттық рухы кейінгі буынға үлгі болатынын сездік.
Иә ағайын, ақындар өз халқының шамшырағы. Жиын соңында батагөй қария, осы жолдардың авторы ақынның әруағына құран бағыштап, енді ақындарымыз тек жақсы заманды, бақытты өмірді жырласын деген тілек білдірді.

Мейірхан Балықбаев,
Шу ауданы Әкелер кеңесінің
төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.