Ақпараттық портал

Жаңа Конституция қабылданды

Күні кеше Қазақстан халқы Конституцияның жаңа жобасы бойынша республикалық референдумға қатысып, өздерінің таңдауларын жасады. 2026 жылғы 15 наурызда таңғы сағат 07.00-де еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге арналған 10 388 учаске ашылып, 13 сағат бойы дауыс берушілерге қызмет көрсетті.
Орталық референдум комиссиясының мәлімдеуінше, референдум нәтижелері 21 наурызға дейін жарияланады. Ал кешкі алдын ала ақпарат бойынша азаматтардың 70,98 пайызы референдумда дауыс берген. Бұл дегеніміз 9 126 850 адам науқанға қатысқанын білдіреді.
Референдум күні Жамбыл облысының жұртшылығының 85,05 пайызы дауыс беріп, еліміз бойынша бестіктің қатарын түйіндеді. Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтың айтуынша, аймақтағы 513 учаскенің табалдырығынан 721 993 тұрғын аттаған. Заңнамаға сәйкес, сағат 20.00-ден кейін барлық учаске жабылып, комиссия мүшелері дауыстарды санауға кіріскен.
Осы күні Шу ауданында жерлестеріміз үшін 44 референдум учаскесі жұмыс істеп тұрды. Маңызды науқанға белсене қатысқан шулықтар жоғары жауапкершілік танытты. Үйде дауыс беретін азаматтарға да дауыс беру жәшігі жеткізілді. Бұл күні қариялар ескі әдеттерінше ертерек келді. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толып алғаш рет конституциялық құқығын қолданған жас жерлестеріміз науқаннан тыс қалған жоқ. Алғашқы болып дауыс берген азаматтарға комиссия төрағалары дәстүрге сай сыйлықтар табыстады.
Таң ата таңдау жасағандардың қатарында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков болды. №419 референдум учаскесіне отбасымен келген аудан басшысы тұрғындармен бірге дауыс берді. Жол бойында орналасқан учаске алдында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сазды бағдарлама ұсынғанын айта кеткен жөн. Ал кейбір учаскелерде ұлттық ойындардан жарыс өткізілді.
Мәселен, аудан орталығындағы №420 учаскелік референдум комиссиясына білім саласында бірге қызмет етіп, зейнетке шыққан Ұнасбек Диханбаев зайыбы Гүлжан апаймен өздері еңбек еткен шаңыраққа келіп таңдауларын жасады. Ұлттық киімдерімен келген қос қария бұл күннің ерекше мәні бар екенін айтып, елдің ертеңі жарық боларына сенім білдірді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Меліс Бейсембаев бастаған бір топ қариялар Шу қаласындағы №460 учаскесіне барып өз таңдауларын жасады. Олар осы әрекеттерімен өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, қоғамды маңызды істерде әрдайым белсенді болуға шақырды.
Республикалық референдумның алакеуімнен ақшамға дейінгі аудандағы барысы туралы ақпараттық-медиа орталығындағы әріптестеріміз жедел түрде ақпарат таратып, қызықты мәліметтерді ұсынып отырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн деп бағалаған референдумның өңіріміз бойынша ресми мағлұматын аудандық референдум комиссиясы басылымның келесі беттерінде ұсынып отыр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.