Ақпараттық портал

Тұрақтылықтың негізі – заңның үстемдігі

«Заң – бәріне ортақ, әділдік – бәріне тиесілі». Бұл жай ғана ұран емес, бұл кез келген өркениетті қоғамның өмір сүру қағидасы. Біздің еліміз құқықтық мемлекет құру бағытында сенімді қадам басып келеді. Осы жолда сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігі, сондай-ақ азаматтардың заңға деген құрметі шешуші рөл атқарады.
Құқықтық мәдениет – басты құндылық. Тәртіп бар жерде — береке бар. Өкінішке қарай, күнделікті сот тәжірибесінде біз көбіне заңды білмеуден немесе оны елемеуден туындаған даулармен бетпе-бет келеміз. Мас күйінде көлік басқару, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, берешектер мен келісімшарттық міндеттемелерді орындамау — мұның бәрі қоғамдағы тәртіпке нұқсан келтіретін факторлар.
Судья ескертуі: Заңды білмеу-жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір азамат өзінің құқықтарын ғана емес, міндеттерін де терең сезінуі тиіс.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар – бүгінде сот жүйесі заманауи технологиялармен жабдықталып, халыққа барынша жақындады.
• Электрондық сот төрелігі: Азаматтар үйден шықпай-ақ, «Сот кабинеті» арқылы арыз-шағымдарын бере алады.
• Медиация институты: Дауды сотқа жеткізбей, бітімгершілікпен шешудің маңызы артып келеді. Бұл – қазақтың байырғы билер сотының заманауи үлгісі.
Тәртіп – өзіңнен басталады. Заң мен тәртіп тек полиция немесе сот арқылы орнамайды. Ол әрбір үйдің табалдырығынан, бала тәрбиесінен басталады. Жастардың бойына кішіпейілділік пен заңға бағынуды егу — біздің ортақ міндетіміз. Шу аудандық сотының судьялары тек үкім кесіп қана қоймай, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға баса назар аударады.
Әділеттілік орнаған қоғамда ғана әрбір адам өзін қауіпсіз сезінеді. Заңды сыйлау — мемлекетті сыйлау, ал тәртіпті сақтау — болашақты сақтау.
Шаңырақ бүтіндігі мен қоғам тазалығы-ең басты қағида. Мемлекеттің мықтылығы — оның заңдарының орындалуында ғана емес, сол қоғамның іргетасы болып табылатын отбасының беріктігінде және мемлекеттік аппараттың тазалығында. Шу аудандық сотының судьясы ретінде мен бұл екі мәселенің өзара тығыз байланысты екенін көріп отырмын: адамгершілік құндылықтар жоғалған жерде құқық бұзушылыққа жол ашылады.
Отбасылық дауларда, сот — жазалаушы емес, бітістіруші. Соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты заңнама айтарлықтай қатаңдатылды. Бұл — уақыт талабы. Алайда, соттың мақсаты тек жаза кесу емес, шаңырақты сақтап қалу. «Есік алдындағы ұрыс — есі кеткеннің ісі» дегенмен, бүгінде бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын ауыр құқық бұзушылық болып табылады. Әйел мен балаға қол көтеру — әлсіздіктің белгісі және заң алдында кешірілмейтін іс. Көп жағдайда ерлі-зайыптылар эмоцияға беріліп, ажырасуға асығады. Біздің міндетіміз — баланың мүддесін қорғау.
Алимент мәселесі, бұл тек қаржылық қарыз емес, бұл — өз қаныңнан жаралған бала алдындағы адамгершілік борыш. Заң бұл бағытта қарызды өндіру тетіктерін қатаң бақылауда ұстайды.
Ірілі-ұсақты құқық бұзушылықпен қатар қоғамға қауіп төндіретін басқа да факторлар бар. Жемқорлық — мемлекеттің дамуын тежейтін, халықтың билікке деген сенімін суытатын қауіпті кесел. Судья ретінде айтарым, пара алу да, пара беру де — тең дәрежедегі қылмыс.
Қазіргі таңда сот процестерінің цифрландырылуы судья мен тараптар арасындағы тікелей байланысты азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетті. Әрбір үкім заң шеңберінде және ашық түрде шығарылады.
Жемқорлықты жою үшін тек қатаң жаза жеткіліксіз. Әрбір азамат «мәселені ақшамен шешу» психологиясынан арылуы тиіс. Заңды айналып өту — өз болашағыңа балта шабумен тең. Жемқорлық қылмысы үшін сотталған тұлғаларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынатынын және мүлкі тәркіленетінін әрбір қызметкер жадында ұстауы тиіс.
Отбасындағы тәрбие түзу болса, қоғамда жемқорлыққа да, зорлыққа да орын болмайды. Біз, сот билігінің өкілдері, әділдіктің салтанат құруы мен әрбір азаматтың құқығының қорғалуы үшін қызмет ете береміз.
Есіңізде болсын! Заң мен тәртіп сақталған жерде ғана ертеңгі күнге деген сенім болады.

Бақытжан Мырзалипов,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.