Жаңа Конституция – жарқын болашаққа бастар жол
Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа мәтіні бойынша өткізілген референдумда халқымыз ерекше белсенділік танытты. Оның ішінде ауданымызда жерлестеріміздің науқанға қатысуы жоғары көрсеткішті көрсетті. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің ең басты құжаты таңдалған күн тарихи мәнге ие. Осы оқиғадан қалыс қалмаған жерлестеріміз өз учаскелеріне барып, таңдауларын жасап қайтты.
Шу ауданы әкімі Б.Жәнібеков:
-Ел өміріндегі елеулі өзгерістер азаматтардың көзқарасымен жасалады. Отандастарымыздың демократиялық принциптерге сәйкес саяси науқанға араласып жүргенін, мүдде жолындағы мәдениет қалыптасқанын көріп отырмыз. Мұны болашағына бейжай қарамайтын халықтың харекеті деп топшылаймыз. Ата Заңның жаңартылған мәтіні бойынша өткізілген республикалық референдум күні №419 учаскесіне барып, отбасымызбен бірге таңдау жасап қайттық. Сол күні түрлі жастағы жерлестеріміздің мерекелік көңіл-күймен дауыс беруге келіп жатқанын көрдім. Біздің осы ісімізге куә болған балаларымыз өздеріне қажетті өнеге түйді деген ойдамын.
Жалпы алғанда аудан бойынша азаматтардың референдумға қатысуы жоғары деңгейде болды. Қолдағы мәлімет бойынша дауыс беруге құқығы бар 63 мыңнан аса адамның 57 556-сы конституциялық құқығын пайдаланды. Ертеңгі күнге ерекше мән берген жерлестерімізге шынайы алғысымды білдіремін.
Алтынай Бектияр,
Шу қаласының тұрғыны:
-Референдум – ел тарихындағы ерекше маңызға ие күн. Халықтың болашағына алаңдайтын әрбір адам мұндай науқаннан шет қалмауы тиіс. Себебі, Қазақстан Республикасы заман ағымына сай даму үдерісінде. Оның ішінде ғылымға, инновация мен жасанды зердеге ден қойылып отыр. Еліміздің барлық саласына тікелей әсер ететін Конституцияда тың серпін, дамудың даңғыл жолы айқын көрсетілген. Сондықтан өзім тіркелген №455 референдум учаскесіне барып, бірінші болып таңдауымды жасадым. Комиссия мүшелері менің азаматтық белсенділігім үшін алғысын білдіріп, шағын сыйды тарту етті. Кемелденген Конституциямен келешегіміз жарқын болсын!
Тоқтар Аманұлы,
Шоқпар ауылының тұрғыны:
-Жуырда ғана кәмелеттік жасқа толып, өмірімде алғашқы рет дауыс бердім. Бұл-бір жағынан қуаныш, бір жағынан жауапкершілік. Өйткені, еліміздің әрбір азаматы әсіресе, жастар сайлау мен референдумға қатысқаны жөн. Бұл келешек келбетін жасаудағы қадам болмақ. Өзім тұратын ауылдағы №446 референдум учаскесіне барып, тұңғыш рет таңдауымды жасағаным үшін естелік сыйлықпен марапатталдым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Алдағы уақытта да ел тағдырына қатысты науқандарда өз ұстанымымды білдіретін боламын.
Ұнасбек Диханбаев,
Төле би ауылының тұрғыны,
зейнеткер:
-Біз жұбайым екеуміз білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, құрметті демалысқа шыққан жандармыз. Біріміз мектептің шаруашылығын жүргізсек, біріміз кітапханашы болдық. Осы жасқа жеткенше талай таңдауларға қатысып, дауыс беріп келеміз. Ел қамын ойлаған адам ретінде мұны міндет деп санаймыз. Республикалық референдум өтетінін білген сәттен бастап әбден дайындалдық. Ал, дауыс беретін күні ұлттық киімімізді киіп, елдің тілеуін тілеп, өзіміз тер төккен М.Әуезов атындағы орта мектептегі референдум учаскесіне барып, жалпыхалықтық науқанда азаматтық ұстанымымызды көрсеттік. Ең бастысы, еліміздің амандығы мен заманның тыныштығы. Өсірген ұрпақтың ұлағатты өмір сүруін тілейміз!
Нұржамал Абдлахатова,
үйден дауыс беруші:
-Республикалық референдум ауданымызда тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Оның ішінде учаскеге баруға мүмкіндігі жоқ біз секілді зейнеткерлер назардан тыс қалған жоқ. Жасымыз бен денсаулығымызға байланысты үйден дауыс беруге өтініш жасағанмын. Соны мақұл көрген №420 референдум учаскесінің қызметкерлері үйіме келді. Жетпіске келген ана ретінде халқымыздың тыныштығын тілеймін. Әрі мені ескерген жандарға алғысымды айтамын!
Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қызу қатысқан республикалық референдум өз дәрежесінде өтті. Тіпті Ақсу округінде еліміздің шекарасын күзетіп жүрген сарбаздар да сап түзеп, №431 референдум учаскесіне келіп, өз көзқарастарын білдірді.
Дайындаған Байжан ЕМБЕРДІ.