Ақпараттық портал

Жайдарманның жаңа маусымы

Қазіргі таңда әзіл-қалжың алаңына айналған жайдарман ойындары жастар арасында кеңінен таралды. Оған шулық жастардың да талпынысы мен талабы бар екені бұрыннан белгілі. Аңдатпасы шыққаннан бастап асыға күткен жас буын жуырда аудандық мәдениет үйінде бас қосты. Аталған шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысып, қағытпа әзілдерге езу тартты.

Сондай-ақ жастар арасында «Esqo» лақап атымен белгілі хитмен, танымал киноактёр Бейнұр Баймахамбетов пен Жуалы ауданының жайдарман жұлдыздары қонаққа келді.
Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шу Жайдарман» лигасының «Маусымашар–2026» ойыны жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Жастар арасында аса мәшһүр бұл жоба биылғы маусымның шымылдығын ашып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ойынның басталуында Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде аудан басшысы Жайдарман ойынының жастар тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталып, аталмыш бастаманы қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендірді.
Сонымен қатар, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған мұндай жобалар жастардың басын бір арнаға тоғыстыруда әлеуеті зор екенін жеткізді.
«Маусымашар–2026» жайдарман ойынына ауданымыздан 4 команда және Тараз қаласынан 3 команда қатысып, өзара бақ сынады. Әр команда сахнада өзіндік стилін көрсетіп, әзіл-қалжың, тапқырлық пен актерлік шеберліктерін паш ете білді.
Кеш барысында зал көрерменге лық толып, ерекше атмосфераның лебі есті. Қолдау көрсеткен жанкүйерлердің қошеметі ойынның ауанына маңыз қосты. Әсіресе, жастардың белсенділігі мен сахна мәдениеті көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Айта кету керек, Жайдарман лигасы – тек көңіл көтеру алаңы ғана емес, сонымен қатар жас таланттарды шыңдайтын, олардың шығармашылық қабілетін дамытатын маңызды орта. Бұл жоба арқылы көптеген жас сахнада шыңдалып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады.
Жалпы, «Маусымашар–2026» ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа маусымның сәтті бастамасы болды. Алдағы уақытта да Шу Жайдарман лигасы өз көрермендерін тың әзілдермен, жаңа форматтағы ойындарымен қуанта бермек.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.