Шаңырақ – ұлттың жүрегі, отбасының тірегі
Наурыз мейрамының онкүндігінде аталып өтетін ерекше құндылыққа ие атаулы күннің бірі – Шаңырақ күні. Халқымыздың ең қастерлі құндылықтарының бірі саналатын бұл құндылық отбасы институтын, ұрпақ сабақтастығын, ұлттық болмысты дәріптейді. Қазіргі қоғамда да біз шаңыраққа бірліктің белгісі, ұрпақтың жалғастығы, ата-бабадан аманат болып қалған киелі ұғым деп қарауымыз қажет. Қазақ халқы «Шаңырақ шайқалмасын» деп бата берген. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Себебі шаңырақ – отбасының бүтіндігі, берекесі, тірегі. Ертеректе ата-бабаларымыз шаңырақты ерекше құрметтеген. Киіз үйдің ең қасиетті бөлігі саналатын шаңырақты ешқашан аяқ астына тастамаған, оны жоғары көтеріп, төрге іліп, қадір тұтқан. Шаңырақ көтеру әрбір жас отбасының үлкен өмірге қадам басуы, жаңа бір әулеттің бастау алуы деп қабылданған.
Бүгінгі қоғамда өкінішке орай, ажырасу көбейіп, отбасы құндылықтарының әлсіреуі көп байқалады. Материалдық құндылықтар рухани байлықтан алға шығып, отбасы ішіндегі сыйластық пен түсіністікке сызат түсіріп жатқан жағдайлар аз емес. Бұрын қандай еді… Ата-бабаларымыз үшін отбасы деген тәрбие мектебі еді, адамгершіліктің алтын ұясы болған. Әке – шаңырақтың тірегі, ана – отбасының жүрегі, ал бала – болашақтың үміті ретінде бағаланған. Әркім өз орнын біліп, бір-біріне құрметпен қараған. Үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету – бұлжымас заң еді. Сол себепті де қазақ шаңырағы ешқашан оңай шайқалмаған. Бүгінгі күні бізге осы құндылықтарды қайта жаңғырту қажеттігі алдыңғы орындағы мәселеге айналған. Қазіргі таңда баланы ішіп-жегізу, киіндіру жеткіліксіз, оған рухани тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру ата-ананың ең үлкен міндеті. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі шаңырақ иесі.
Бұрынғы әжелеріміз бен аталарымыз қиындыққа қарамастан, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрген. Бір үзім нанды бөлісіп жеп, барға қанағат еткен. Ал бүгінде кейде тұрмыстық жағдайы жақсы болса да, шаңырағы шайқалып жатқан отбасыларды көреміз. Яғни сайып келгенде бұл рухани құндылықтардың әлсірегенінің көрінісі.
Шаңырақты сақтау тіпті бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналған. Себебі әрбір мықты отбасы – мықты мемлекеттің негізі. Отбасы берік болса, ел де берік болады. Сол себепті әрқайсымыз өз шаңырағымызға жауапкершілікпен қарап, оны көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ал Шаңырақ күні – бізге осыны еске салатын, ұлттық тамырымызға қайта үңілтетін ерекше күн. Бұл күні әр отбасы өз құндылықтарын қайта саралап, бір-біріне деген мейірімін арттырып, татулықты нығайтуы қажет.
Әрбір үйдің түтіні түзу шығып, шаңырағы биік, керегесі кең болсын!
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.