Ақпараттық портал

Наурызнама: дәстүр мен жаңғырудың бастауы

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы таяп, Самарқанның көк тасы еріп, жер ананың көбесі сөгілетін, жылғалардан су ағып, қаңқыл-қаңқыл қаз келетін, ағаштар бүршік жарып, түйе боздап, қой қоздап қорада шу болатын табиғаттың жаңару мезгілінде келетін төл мерекеміз – Наурыз мейрамының шығу төркіні тым тереңде. Дәл осы мейрамның өн бойында ұлттығымыздың иісі аңқып, халқымыздың құндылықтары асқан құрметпен дәріптеледі. Арқауы үзілуге шақ қалғанда сара жолымыз жалғанып, Наурызнаманың онкүндігін атап өту игі дәстүрге айналғалы өшкенімізді жағып, жоғалтқанымызбен қайта қауыштырды.
Естеріңізде болса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын құруға баса назар аударып, 2022 жылдан бері Наурызнаманың онкүндігінің әр күніне атау беріліп, ерекше тойланып келе жатыр. Өткеннен өнеге ала отырып, болашақты бағамдайтын еліміз үшін өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытудың маңызы зор. Соны жанымен ұғына отырып, салт-дәстүрді құрметтеуге баулитын, тағылымдық, танымдық мәні зор іс-шараларды өткізуде үлкен жауапкершілікті мойнына артатын білім беру ұйымдарындағы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының еңбегі елеуге тұрарлық.
Әр күннің мән-мағынасына сәйкес, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдараламасының аясында мәдени, тәрбиелік, спорттық және әлеуметтік іс-шаралардың мазмұнын жаңарту, балаларға арналған цифрлық жобаларды кеңейту, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеу жұмыстарын жүргізіп отырған мектеп директорларының тәрбие орынбасарларының сөзімен Наурызнаманың онкүндігінің сырына қанық болайық!

Күлжан Құралбаева,
М.Әуезов атындағы
орта мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
-Наурызнаманың онкүндігінің алғашқы күні 14 наурызға сай келіп, «Көрісу күні» болып бекітілген болатын. Тегінде Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен татулықтың мерекесі. Халқымыз бұл күндерді амандық-саулық сұрасып, өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне ізгі тілектер арнаумен қарсы алған. Дана халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы «Ойдағы ел қырдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп айтқандай, Көрісу күні – адамдардың бір-біріне деген құрметі мен бауырмалдығын айқындайтын, татулықты нығайтатын ерекше дәстүр.
Төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған, қыста қыстауда, жазда жайлауда тіршілік еткен ата-бабаларымыз ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын ұлан-байтақ өлкесінде шашырай қоныс тепкендіктен кәрі құдаң қыстың әлегінен құтылып, көктемнің көкөзегіне іліккенде бір-бірімен көрісіп, қыстан аман шыққанына қуанған. Бұл дәстүр бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Қашанда тарыдай бір мейірімге шөліркеген жұрт үшін бір-бірін құшағына басып, көрісу амалын жасаудың өзі жақсылықтың бастауы емес пе?!
Қазіргі таңда білім ошағында тәрбие ісінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын басшылыққа алып, жүйелі жұмыстар атқарудамыз. Көрісу күні аталатын күнді өткізгенде әр баланың бойына мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық, татулық, бірлік сынды қасиеттерді сіңіреміз. Бұл, әрине, «Адал азаматтағы» «Бірлік және ынтымақ» құндылығын, «Қамқор» жобасын жүзеге асырудың алғышарты болып табылады. Бұл күн сенбі күніне түскендіктен, бір күн бұрын, яғни жұма күні атап өттік. Дәл осы күні мектеп ұжымы мен оқушыларымыз ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, таңертеңнен есіктен кіргендерді қарсы алып, құшағына алып, бауырына басып, бауырсақ үлестірді. Бұл өз кезегінде әрбір жанның жүзіне күлкі үйіріп, жүрегіне қуаныш ұялатты.

Гүлнар Амренова,
Жамбыл атындағы
орта мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– Наурызнама бойынша 15 наурыз-Қайырымдылық күні болып бекітілген. Біздің халқымыз қонақжай пейілімен қатар қайырлы істерімен де қаншама ұлттарға үлгі болудан танған емес. Қадамыңды ұзақ қылатын қайырымдылық істен өскелең ұрпақты қалыс қалдырмау – бізге артылған міндет.
Кешегі тарихта аты қалған «Атымтай жомарт» та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапті істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып, даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтынын, қайырлы ісіңмен де қалатындығыңның дәлелі бұл.
Қайырымдылық күніне орай, мектебімізде түрлі іс-шаралар жүзеге асты. Бұл күннің айлардың сұлтаны – Ораза айына тұспа-тұс келгені де қайырымдылық істерімізді еселетті. Мектебімізде әр сыныптың оқушылары үлкен қорапқа азық-түлік толтырып, аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттарға таратып берді. Қарапайымдылық пен қайырымдылықты дәріптейтін қастерлі мейрамда адамзатқа қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту мақсатында өткізілген іс-шаралардан оқушылар да, мектеп ұжымы да, тіпті ата-аналар да қалыс қалмай, жомарттық іске жол салғанының арқасында үлкендердің батасы мен көпбалалы аналардың алғыстарын алып қайтты.

Марияна Спанова,
С.Шәкіров
атындағы орта мектеп
директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары:
– Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 16 наурызда – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні атап өтіледі. Осы күні мектебімізде өткізілген іс-шараларды айтпас бұрын, мәдениеттің салмағын асырған өнегелі сөзді тілге тиек етсем…
Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мәдениеті жоғары халық мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырған адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін сипаттайды» деп жазған екен. Шын мәнінде салт-дәстүрімізден жұрдай, мәдениеттен ада болсақ, тарих сахнасында жоғалған ұлтқа айналарымыз анық. Сондықтанда бұл күннің бағасын асырып, өз деңгейінде атап өтудің мәні зор.
Бұл күні мектебіміздің алаңқайына қазақ үйлер құрылып, төңіректің барлығы әсемдікпен көмкеріліп, іс-шара өткізуге асқан ыждаһатпен дайындалдық. Өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді өзімізден асып ешкім дәріптей алмайды. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы «Шабыт» жобасымен астасып, жоғары деңгейде өтті. Дәл осы жоба аясында «Ұлттық мәдениетке» сай қолөнер көрмесі ұсынылып, ұлттық тағам фестивальдерін өткізу арқылы дәстүрлі мәдениеттің өміршеңдігі айқындалды. Бағдарламадағы «Күй күмбірі» жобасы да қанат қағып, оқушыларымыз бір мезгілде Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты. Салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, мың бұралған бишілеріміз ұлттық билерді билеп, әуелеген әндерімізді шырқады.

Шолпан Илкибаева,
Ә.Молдағұлова
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының және «Даналық мектебі» – «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» клубтары аясында отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған ұлттық киім киген ата-аналардың бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге «Наурыз бата» беріп, балаларға арналған түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық іс-шаралар өткізіп, жеңімпаздар мен қатысушыларға «Наурыз» логотипі бар естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді табыстау ұсынылған болатын.
Соған сай мектебімізде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған байқаулар өтті. Мәселен, әже мен немере, жеңге мен қайын сіңілі, ана мен қыз, ене мен келін сынды байқаулар арқылы татулықтың үлгісі көрсетіліп, оқушыларымыздың отбасы мүшелеріне сый-құрметі артты.
Наурыз мерекесіне байланысты ғылыми-танымдық VR экскурсиялар, интеллектуалды ойындар, викториналар, ата-аналармен бірлескен шығармашылық байқаулар, ЖИ көмегімен ұлттық ойындар, шеберлік сабақтары, қазақша анимация көру, кітап оқу акциялары, қазақстандық мазмұндағы заманауи аниматорлардың ертегі оқуы сияқты және т.б. іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылып, өткізілді.

Сауле Умбетова,
Жайсан атындағы
орта мектебі
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– Әр жылда 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленгенімен, барлық білім беру ұйымдарында әр аптаның бейсенбі, жұма күндерінде оқушыларымыз ұлтттық нақыштағы киімдерді киюді дәстүрге айналдырған. Тіпті, кейбір мектептердің мектеп формасында ұлттық ою-өрнектеріміздің элементтері кездеседі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Ұлттық киімнің өзі ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» деп атап өткендей, Наурызнаманың онкүндігінде ғана емес, болмаса әр аптаның 2 күнінде ғана емес, оқушыларымыз наурыз айында бір күн қалдырмай ұлттық киімді тастамай, киіп жүретіні қуантады. Ұлттық киімнен бөлек қыздарымыз әшекей бұйымдарын, соның ішінде ұлттық нақыштағы сырға, алқа, білезік, сақиналарын және шолпы, шекеліктерін тағып, сыр-сымбаты келісті.
Табиғат төсінде өскен, еркін ғұмыр кешкен қазақтың киім киісі өзге ұлттармен салыстырғанда өзіндік ерекшелікке ие. Қазақ киген киімнен-ақ адамның кім екені, яғни, оның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шыққан тегі т.б. аңғарылатын болған. Қазақ халқының күнделікті және сән-салтанатта киген киімдері – бір төбе. Сондықтан да этностильдің мән-маңызын тереңінен түсіндіруге жол ашатын осындай іс-шараларды жиі өткізу керек.

Роза Мамбетова,
Д.Қонаев
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
-19 наурыз – Жаңару күні деп белгіленгенінің астарында терең таным жатыр десек те болады. Халқымызда наурыз айы жеткенде күн мен түннің теңелуі – жаңару, түлеу, қайта туылу деп саналған. Жаңару күнін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы «Жасампаздық пен жаңашылдық» құндылығымен әрі «Смарт бала» жобасымен ұштастырар болсақ, жасанды интеллекттің игілігін көруге бағытталған іс-шараларға айрықша көңіл бөлгенді жөн санаймыз.
Наурыз мейрамы елдегі толыққанды трансформацияға қарқын берген жаңа саяси дәуірдің басталуымен тұспа-тұс келгенін ескеріп, «Жаңару күнін» биылдан бастап цифрлық трансформация тақырыбына арнау ұсынылды. Осыған сай барлық білім беру ұйымдары цифрлық даму бағытындағы AI, IT, VR, робототехника саласындағы жобалармен мектеп оқушыларының интеллектуалды еңбегінің көрмелерін ұйымдастырып, түрлі деңгейдегі іс-шараларға бастамашы болды деуге болады.

Бақыт Мақұлбеков,
Ж.Баласағұн
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– 20 наурыз – Ұлттық спорт күнін айтпас бұрын, тағы да қазақ халқының көрегендігіне бас шайқамай қоймайсыз. Қойнауы мүлік, төскейі түлік болған дархан пейіл халқымыздың тұрмыс салты төрт түлікпен өрбіп, астасып жатқаны белгілі. Ұлттық спорт күнінде дәріптелетін ойындарымызды халқымыз сонау бағзы заманда құрық ұстап қой бағып жүргенде-ақ ойлап тапқан. Қойдың сүйегінен ақсүйек ойыны, асығынан ханталапай, жүнінен ләңгі тебу, құмалағынан тоғызқұмалақ ойынын ойлап тапқанына қарап-ақ, кемеңгерлігіне тәнті боласыз.
Мәселен, ақсүйек ойынын ойнату өтпелі кезеңді бастан өткеріп, бойында бұла сезім бұлқынып, ғашықтық сезімді бастан өткеретін жоғары сынып оқушыларына таптырмас ойын. Ал, ләңгі тебу ойыны балалардың денсаулығына оң әсер етіп, буын-сүйек ауруларының алдын алуға сеп болады. Ал, ханталапай ойыны қолдың икемділігін келтіріп, нысанды дәл көздеуге үйретеді. Келешекте әскерге баратын ер азаматтарымызға жаттығудың бастамасы болып табылады. Ал, тоғызқұмалақ ойыны оқушының интеллектуалдық қабілетін арттырып, жылдам есептеуге машықтандырады. Бұл ұлттық ойындарымыздың бір ғана сыпырасы. Бұдан бөлек, қаншама ойындарымыз бар. Бос уақытын телефонға телміртіп өткізгеннен осындай ұлттық ойындарымыз арқылы дамытуға жол ашсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Мейрамкүл
Қапасова,
Ш.Уәлиханов
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– 21 наурыз – Ынтымақ күні дегенде ойыма маңдайымызға біткен үш биіміздің бірлік, ынтымақ турасындағы әңгімелері ойға оралады. Мәселен, бір Төле бидің өмірінің өзі дүниеге жаңа қадам басқан жастардан бастап, ересек тұлғаларға дейін рухани ұстаным бола алады. Мен айтар едім, бала тәрбиелеу ісі балабақшадан бастау алып, мектеп өмірінде жалғасса, сол өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде де Төле бидің өміріндегі өнегесі мол бір оқиға да үлгі бола алады. Бірде бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады да: «Балам, мынаны сындырып көрші?» – дейді. Сонда Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды. «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?» – дейді баба. Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба: “Бұдан не түсіндің, балам?”– дейді. Сонда Төле бала: “Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәні ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой» – деп ұққанын білдіреді. «Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы», – депті Әнет баба. Міне, осы өскелең ұрпаққа үлгі болар оқиғаны балабақшадан, бастауыш сыныптан бастап көрініс ретінде көрсетіп, баланың санасына бірлік ұғымын сіңдіруге болады. Сондықтан да Наурызнаманың онкүндігінің бір күніне бекітілген «Ынтымақ» түсінігін бала санасына сіңіру ісі осындай өнегелі істермен сабақтасып жатса, оң нәтиже берері айқын.

Қанапия Майлыбай,
М.Мәметова
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– Жыл басы – әз-Наурыз табиғаттың оянып, күннің ұзарып, пейілдің түзеліп, салт-дәстүр жаңғыратын ерекше мереке. Дәл осы күні атаулы мейрам барлық болмысымызды ашып, салт-дәстүрлеріміз жаңғырады. Мұқым жұрт мәре-сәре, азан-қазан, шат-шадыман күйде «Жаңа күнді» қарсы алып, ерекше әсерге бөленеді.
Наурызек құсы ұшып келіп, наурызшешек бүр жаратын мезгілде Наурыз тойы тойланып, қазан-қазан наурыз көже таратылып, елдің көңілі бір күптеледі. Дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық ойындарымыз ұлықталып, өзегімізден келе жатқан өнегелі істеріміз өріс алады.
Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы. Ендеше Ұлыстың ұлы күні жыл сайын өз деңгейінде ұлықтала берсін!

Елдос Смайлов,
Ы.Алтынсарин
атындағы орта
мектеп
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары:
– Наурызнаманы мәресіне жеткізіп түйіндейтін – Тазару күні көктемге тән науқанның бастау алуы деп білемін. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген өсиетті өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге жол салған барлық білім беру ұйымдары экологиялық ахуалды тұрақтандыруға, қалдықтарды кәдеге жаратуға, қоршаған ортаның таза болуына үлес қосып, көгалдандыру шараларын жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жөнінде айтқан сөзінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршамызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Жалпы адамзат бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деген болатын. Қазіргі таңда мұғалімдеріміз экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалықтың мәнін ұғынуға жол ашатын түрлі танымдық сабақтарды жиі өткізіп келеді.
Дәл осы күні барлық білім беру ұйымдары «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалін өткізеді. Қоршаған орта мен ар-ұждан тазалығына негізделген қоғамдық мәдениет жайлы интерактивті медиаөнім тарату ұсынылады. «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» – білім беру ұйымының жанындағы аумақты жинау немесе тазалау акциясын ұйымдастырып, өлкеміздің көрікті болуына бір кісідей атсалысамыз. Табиғаттың жаңару кезеңін тазарумен сабақтастырып, жер ананы аялап, отансүйгіш азаматтардың белсенділігін арттыру жолында тер төгейік!

Дайындаған Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.