Ер есімі ел есінде жаңғырды
Биыл еліміз үшін тарихи мәні зор жыл. Тәуелсіз Қазақстанның мерейлі белесі – Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығымен қатар, ел тарихында айрықша орын алатын бірнеше атаулы даталар да қатар келіп отыр. Солардың бірі – қазақ халқының қайсар ұлы, ерлік пен өр рухтың символына айналған Қайрат Рысқұлбековтың туғанына 60 жыл толуы.
Желтоқсан оқиғасы – қазақ халқының тәуелсіздікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі. Сол бір тарихи кезеңде алаңға шығып, ел намысын қорғаған жастардың ішінде Қайрат Ноғайбайұлының есімі ерекше аталады. Оның қайсар мінезі, әділет жолындағы батылдығы мен отансүйгіштік рухы бүгінде жас ұрпақ үшін үлгі болып келеді.
Осы атаулы датаға орай Қайрат Ноғайбайұлы білім алған Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте «Қайрат – мәңгі жүрегімізде» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Жастардың жүрегіне патриоттық рух ұялатуға бағытталған бұл шара мазмұнды әрі әсерлі өтті. Оның ойдағыдай өтуіне «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері әрі Ақмарал Жандабаева жетекшілік ететін Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің ұжымы мен ұйымдастырудың басы-қасында жүретін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марияна Спанованың үлесі зор.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары Желтоқсан оқиғасының тарихи сәттерін бейнелейтін театрландырылған қойылым көрсетті. Қойылымда Қайрат Рысқұлбековтің өр мінезі, әділдік жолындағы күресі мен еркіндікке деген ұмтылысы әсерлі түрде сахналанып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл көрініс арқылы жас буын батырлық пен намыстың, елге деген адалдықтың шынайы мәнін терең сезіне алды.
Жиынға арнайы келген қонақтар мектеп қабырғасында орналасқан Қайрат Рысқұлбековке арналған мұражайды аралап, батырдың өмір жолы мен тарихи тағдырына қатысты құнды деректермен танысты. Сонымен қатар қатысушылар орталық саябақтағы «Мәңгілік ел» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған боздақтардың рухына тағзым етті.
Тағылымды жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары да қатысты. Атап айтқанда, Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, Қайрат Рысқұлбековтің ұстазы Дәнен Бейсенбаева, сондай-ақ Мойынқұм өңірінен арнайы келген батырдың бауырлары мен Желтоқсан оқиғасының куәгерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Әсіресе батырдың ұстазы Дәнен Бейсенбаева шәкіртінің жастайынан қайсар мінезді, әділеттілікті ту еткен азамат болғанын тебіреніспен еске алды.
Әдеби сазды кештің жалғасы дөңгелек үстелге ұласып, қатысушылар Қайрат Рысқұлбековтің есімін жаңғырту, оның ерлік жолын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау бағытында маңызды ой-пікірлерін ортаға салды. Олар Желтоқсан қаһармандарының ерлігі ұмытылмай, ел жадында мәңгі сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу барысында Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев сөз алып, батырдың отансүйгіштік қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бағытында білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет екенін айтты. Ол мұндай тағылымды шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аудандық білім бөлімімен бірлесіп жүзеге асыратын бірқатар жоспарларын таныстырды. Кездесу барысында бұл бастамаларды алдағы уақытта жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісім жасалды.
Іс-шара рухани тағзыммен жалғасып, батырдың рухына арналып Жібек жолы мейрамханасында құран оқытылып, ас берілді. Жиынға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы, «Кәрібай молда» мешітінің бас имамы Аят Дыбысұлы және «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен Қайрат Ноғайбайұлының бауырлары қатысып, батыр рухына дұға бағыштады. Мұндай игі дәстүр – халқымыздың ерлерін ұмытпай, олардың ерлігін құрметтеп, рухына тағзым етуінің жарқын көрінісі. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген даналықтың үлгісі осы болса керек.
Қайрат Рысқұлбеков – азаттық үшін күрескен өр рухты азаматтардың символы. Оның есімі тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Батырдың қайсарлығы мен әділет жолындағы табандылығы бүгінгі жастарға жігер беріп, елін сүйетін нағыз патриот болып қалыптасуына жол көрсетеді.
Сондықтан осындай тағылымды іс-шаралар ұлт рухын асқақтатып, өткен тарихымызды ұлықтауға, жас ұрпақтың жүрегіне елдік пен ерлік ұғымын сіңіруге қызмет етеді. Қайраттың ерлігі – ел жадында, есімі – халық жүрегінде. Ал оның асқақ рухы тәуелсіз Қазақстанның болашағын жарқын етуге ұмтылған әрбір жасқа мәңгілік үлгі болып қала береді.
Ізденістердің нәтижесінде Қайрат хақындағы тұңғыш жинақтың «Еменнің иір бұтағы» деп аталғанынан хабардар болған мен мынадай бір түйінге тоқталдым. Мәселен, керемет үлкен еменнің тамыры терең бойламаса, ол дауылға шыдас бере алмайды екен. Сол секілді бір мемлекеттің тарихы тереңнен бастау алмаса, алға жылжымасы анық. Отыз жылдық азаттығымыздың ақ таңының атуына талайы тарихымыз себепкер. Ғасырлар бойғы күрестің темірқазығы, келешектің күретамырына айналған Желтоқсан қозғалысының бас қаһарманы Қайраттың «Еменнің иір бұтағы» аталуы тегін емес. Міне, биыл Қайрат Рысқұлбековтың туғанына 60 жыл толғанын, Желтоқсан қозғалысының 40 жылдығын Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығымен атап өтер тұста батыр атын жаңғыртар игілікті істерге ұйытқы болайық!
Айғаным Асқарбек.