Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақстан
Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, талай буынның жанқиярлық күресі мен төгілген маңдай терінің нәтижесі. Қазақ елінің азаттығын, еркіндігін көксеген Алаш арыстары ұлттың болашағын білімді, саналы, рухы биік ұрпақпен байланыстырды. Олар армандаған азаттықтың ақ таңы бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның көгінде жарқырап тұр. Сол асыл мұратты кейінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізу, елдік рух пен ұлттық сананы нығайту – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Осы мақсатта жуырда Балалар-жасөспірімдер орталығында тағылымы терең, маңызы зор рухани шара өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі А. Насырханның ұйымдастыруымен «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақстан» атты жас ақындар байқауы ұйымдастырылды. Аталған байқау – жас буынның шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, Алаш идеясының мәнін ұғындыруға бағытталған маңызды шара болды. Ұлт болашағы саналатын жастардың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет сезімін ұялату – байқаудың басты мақсатының бірі еді.
Байқауға аудан мектептерінен 14–17 жас аралығындағы 25 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас ақындар сахна төрінде Алаш арыстарының асыл армандары, тәуелсіз елдің жетістіктері, туған жердің қасиеті мен ұлттық рух туралы жүректен шыққан жырларын тебірене оқыды. Әр қатысушының орындауындағы өлең шумақтары көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Сахнаға шыққан әрбір жас ақын өз ойын көркем сөзбен өрнектеп, қазақ поэзиясының құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың әрқайсысының жүрегінен шыққан жалынды жырлары тәуелсіз елдің болашағына деген сенім мен мақтаныш сезімін айқын көрсетті.
Байқау барысында қатысушылардың өнерін әділ бағалау үшін қазылар алқасы олардың сахна мәдениетіне, өлеңді мәнерлеп оқу шеберлігіне, тақырыпты ашу деңгейіне және шығармашылық ерекшеліктеріне ерекше назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Жамбылбай Кәусарға бұйырды. Себебі өсіп келе жатқан жас ақынның сахнадағы сенімділігі, өлеңді әсерлі жеткізе білуі және тақырыпты терең түсінуі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал І орын С.Шәкіров атындағы орта мектептің оқушысы Тұтқышбай Мадинаға табысталса, ІІ орынды М.Х.Дулати атындағы орта мектептің оқушысы Қалбай Нұрсая мен Төле би атындағы орта мектептің оқушысы Оразалы Нұргүл иеленді. Сондай-ақ ІІІ орын №40 мектеп-лицейінің оқушысы Аймахан Ерхан мен Сақбаева Айғанымға бұйырып, жас таланттар көпшіліктің ықыласына бөленді.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Балнұр Жексенбекқызы.