Ақпараттық портал

ӨНЕРЛІ ДЕ ӨРЛІ ШӘКІРТТЕР

Жас ұстаз Арайлым Мұхаметжанның сабақтарын шәкірттері тағатсыздана асыға күтеді.Оларды қазіргі жаңа үлгідегі қызықты да тағылымды білім тапсырмалары ынталандырады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі мамандығы» бойынша үздік дипломмен тәмамдаған, жастық жалынға толы ұстаздың 3в сыныбының білім мен өнерге деген құлшыныстары зор. «Бастауыш сынып оқушыларының ынтасын ойын арқылы ояту» шығармашылық тақырыбын өзекті еткен Арайлым Мұхаметжан «Ауданның ең үздік сынып жетекшісі» номинациясының иесі.
Шәкірттері «Ақ бота», «Мұқағали Мақатаев пен Абай оқулары», «Бесік жыры» байқауларының жеңімпаздары. Республикалық ғылыми-танымдық «Бояулар құпиясы-менің Отаным» жас суретшілерге арналған мәреде қылқаламмен бәйгеде озған Дәулет Тұрархан сынып мақтанышы. Жас ұстаздың айтуынша, білім ошағын шәкірттерінің оқуға асыға келетін екінші үйі еткісі келетіні – оның жүрек қалауы.
Арайлымның өз анасы отыз жыл ғұмырын мектеп тынысына арнаған ардагер ұстаз. Ұстаздық мамандықтың көркем қыр-сырларын қызына үйретудегі қамқоршысы әрі жанашыры. Ал асқар таудай әкесі екеуі ән айтқанды жақсы көреді.
Арайлым Самбеталықызы Шу қаласы Төле би атындағы білім шаңырағында еңбек етіп, мәдени іс-шараларда қоңыр дауысымен сазға бөлейді.
Ол ана ретінде ұлдары мен қыздарын домбыра мен фортепианоға баулып, өнерлі болып өссе дейді. Ерен еңбек етуде салауатты өмір сүру қалпын ұстанған жас ұстаз шәкірттерінің спортпен шұғылданып, жігерлі де қайратты, білімді азамат болуларына үміттенеді. Өнерлі бала өрге жүзер демекші, Арайлым Мұхаметжанға сыныбының ата-аналары үлкен ризашылықтарын білдіреді.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.
Суретте: Шу қаласы Төле би атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Мұхаметжан шәкірттерімен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.