Ақпараттық портал

Әже әңгімесі – ұлттық тәрбиенің қайнары

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Даналық мектебі» жоспарын жүзеге асыру мақсатында Жайсан орта мектебінде Шаңырақ күніне орай «Әже әңгімесі – ұлттық тәрбиенің қайнары» атты тағылымы терең, мазмұнды іс-шара өтті.

Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрдің мән-маңызын түсіндіру, сондай-ақ отбасы тәрбиесінің негізін ұғындыру болды. Қазақ халқы үшін «шаңырақ» ұғымы – тек отбасының ғана емес, тұтас елдің бірлігі мен берекесінің нышаны. Осы құндылықтарды насихаттаған кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға ауылдың ақ жаулықты аналары мен ардақты әжелері қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері жайында тағылымды әңгімелер айтып, жас буынға өнеге көрсетті. Оқушылар әжелердің әрбір сөзін ықыласпен тыңдап, ұлттық тәрбиенің терең мағынасына қанықты.
Кеш барысында ұлттық өнер кеңінен дәріптелді. Әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Шара аясында Айзере атты бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, көпшілік ақ тілектерін арнады. Бұл сәт кештің ең әсерлі, жүрекке жылы тиер тұстарының бірі еді. Ауылымыздың ақ жаулықты әжелерінің бірі Шәрігүл әжеміз алақан жайып, батасын берді. Ақ тілектер мен ізгі ниеттерге толы бұл сәт кештің мәнін арттыра түсті.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Умбетова Сауле Сүйебайқызы сөз алып, шараға арнайы қатысып, өз тәжірибелерімен бөліскен әжелерге шынайы алғысын білдірді. Ол мұндай тағылымды кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.
Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық рух қалыптасып, ата-баба дәстүріне деген құрмет арта түседі. Мектебімізде өткізілген бұл тағылымды кездесу – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың жарқын көрінісі.
Гүлнұр Нұралиева,
Жайсан орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.