Бәсі бөлек бәсеке
Садақ ату – қазақ халқының ежелден келе жатқан мергендігін сынайтын спорт түрі. Ата-бабаларымыздың «Құралайды көзге атқан мерген» деген теңеуі осы өнердің ең мықтыларына арналған. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, көздің өткірлігі және қуатты қол осының барлығы тоғысқан бұл спорт түрі 16 наурыз күні аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыруымен Ақсу ауылдық округінде өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өткізіліп отыр.
Кешегі Кейкі Көкімбайұлы, Төлеуғали Әбдібекұлы сынды саңлақтардың сынықтары бұл күнде Жүсіп Баласағұни атындағы орта мектебінде бас қосып, бәсекеде бақ сынады.
«Наурызнаманың» онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай өткізілген садақ ату жарысының мақсаты – жастар бойында рух пен намысты қайрап, қуатты шыңдау. Шараның ашылуында мектеп директоры Қайратбек Тасибеков сөз сөйлеп, ұлттық спортты ұлықтауға арналған бұл күнді оқушылар арасында мереке салтанатын сезінуге септігін тигізетінін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айтулы датаға байланысты тарихтан сыр шерту арқылы ұлттық дүниемізді жаңғыртуға бағытталған жарыста 10 сынып оқушысы Гаухар Оңлахан І орыннан көрінсе, ІІ орынды 9 сынып оқушысы Айткүл Бейшенқұл, ал ІІІ орынды 9 сынып оқушысы Нұрасыл Сейсен иеленді. Сайыстың соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Жарыс барысында оқушылардың белсенділігі мен ұлттық спорттың осы түріне үлкен қызығушылығы байқалды. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, мергендік қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Бұл шара жас буынның бос уақытын тиімді өткізуіне де оң әсерін тигізді. Жеңімпаз мергендерге аудандық жастар ресурстық орталығының арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Осындай шаралар арқылы ауыл жастары қазақтың бай мәдениеті мен ұлттық ойындарын жақыннан танып, оны келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосады. Әз Наурыз мерекесі аясында өткізілген садақ ату жарысы ұлттық спортты насихаттап қана қоймай, жастардың рухын көтеріп, достық пен бірлікті нығайтқан тағылымды шара болды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра беретіні сөзсіз.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Ақсу ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жүргізетін маманының айтуынша, округ жастары арасында спорттық бәсекелер жиі ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, олардың бос уақытын тиімді өткізу.
– Қуанышқа орай, жас жерлестеріміздің спортқа, оның ішінде ұлттық ойын түрлеріне ынтасы жоғары. Былтыр ғана садақ сатып алып, екі айда бір мәрте садақ ату жарысын өткізіп келеміз. Одан өзге көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт түрлері жастар арасында жолға қойылған, жетістіктері де жоқ емес. Жалпы алғанда, садақ атудың адамзатқа берер пайдасы мол. Көршілес Көкқайнар мен Қайнар ауылдарына барып, мергендігімізді сынап тұрамыз,-дейді Елдос Әбішев.
Айжан Оңланбек,
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы.
Оразалы батыр ауылы.